Қазақстандықтар қит етсе, қарыз алуға құмар болып бара ма, қалай? Ал, алған ақшаны уақытында қайтара ала ма, жоқ па, онымен банк те, борышкер де бас қатырғысы келмейді. «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас, амалын тапсаң, азаптан қаш» дегеннің кебін киген бір адам...
– Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды. Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет, - деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы былтырғы халыққа Жолдауында.
Бұл өз кезегінде қарыз алудың қиындықтан құтқармайтынын айқын аңғартып отыр. Енді қайтпек керек?
Кредитсіз күн көре аласыз ба?
Алдымен, «кредит» дегеніміз не өзі, соған тоқталып өтсек. Ол «creditum» – қарыз, «credere» – «сенемін» деген мағынаны беретін латын сөздерінен құралған. Несиенің түрі де көп. Бірі ақшалай, екіншісі заттай беріліп жатады. Бірақ, түпкі мақсаты бір. Бүгінде көпшіліктің санасын жаулап үлгергені, бұл – тұтынушылық несиелер. Өйткені, олар жылдам әрі оңай рәсімделеді. Бар болғаны, банкпен келісімшарт жасасып, алақандай қағазға қолыңызды қоясыз. Онда қос тараптың да міндеттемелері егжей-тегжейлі көрсетілген.
Бір өкініштісі, сол құжатта нақты не жазылған, оған көп адам назар аудара бермейді. Көзді тарс жұмып, қолын қоя салады. Екінші жағынан, қаражатқа мұқтаж кім-кім де банк қандай талап қоймасын, орындауға дайын тұрады емес пе? Оның үстіне, «саудагер мұраты – ұту» демекші, банк те келісімшартты көзге көрінбейтіндей етіп ұсақ әріптермен жазып қоятынын қайтерсіз?!
Жалақыдан жырып, банкке береді...
Несие алушылардың бір қателігі, басындағы баспанасын не астындағы көлігін кепілдікке қоя салады. Кейін, қарызды өтей алмаған жағдайда опық жейді. Өйткені, борышкер келісімшартта көрсетілгендей, ақшаны мерзімінде қайтармаса, үстіндегі өсімі ұлғая береді. Ақыры, қарыз жеке мүліктен не жалақыдан өндіріледі.
Екінші мысал, сіз бір әріптесіңізбен бірге бизнес бастамақшы болып, кредит алдыңыз делік. Ішкі нарық жағдайын әлемдік экономикадан бөліп қарауға болмайды. Сондықтан сыртқы әсердің бізге де ықпалы зор. Осындай бір дағдарыс кезінде кәсібіңіз кідіріп қалса, қасыңыздағы әріптесіңіз басын алып қашып кетуі әбден мүмкін. Ондайда қарызды өзіңіз қайтаруға тура келеді. Осыған ұсқас тағы бір жағдай, әріптестердің бірі қайтыс болса, банкке берешек автоматты түрде екіншісінің атына ауысады.
Кепілдегі көлік – сатылымда
Енді нақты өмірде болып жатқан жағдайлардан да мысалдар келтірейік. Сот мамандары берген дерекке сүйенсек, бір ғана Атыраудың өзінде тоғыз айда 48 миллиард сомаға 7376 іс тіркелген екен. Анықтап келгенде, біреулер қарызды не үшін алғанын да білмейтін болып шықты. Тіпті, кейбірі сыныққа сылтау іздегендей, «үй жөндеуге алдым» деп те ақталады екен. Яғни, алған ақшаның басқадан емес, түбі тек өзінен ғана өндірілетінін, мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінбейді. Сөйтіп, сот үрдісіне де қатыспай, сайрандап жүреді.
Өкінішке орай, бүгінде тұрғындардың құқықтық сауаттылығы өте төмен көрсеткіште қалып отыр. Демек, халықпен түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізу керек деген сөз. Мәселен, борышкерлердің ісін зерделеп көрген мамандар, көбісінің кепілдікке қойған көлігін жеке мекемелерге сатып жіберетінін анықтаған. Сөйтіп, олар «қарызды қайтара алмасақ, қашып құтыламыз» деп ойлайды екен. Бірақ, бұл нағыз барып тұрған ақымақтық екені рас. Себебі, кредитке алынған көлік сатып алушының меншігіне өте алмайды.
Қарызды қайтару жөнінде сот шешімі шыққан кейін, оны орындамасқа амал жоқ. Өйтпеген жағдайда, заңбұзушылыққа жол бересіз. Ал, сот мамандарының сіздің қандай жағдайда қалай несие алғаныңызды сараптап жататын уақыты да заңды құқығы да жоқ. Міне, сондықтан қарызды алмас бұрын оны қайтару жолдарын жіті қарастырып алған жөн.
«Еріншек, бекер мал шашпақ...»
Енді әңгімеміздің ең қызық жеріне ойыссақ. Банк тұтынушыларын ең алдымен пайыздық мөлшерлеме мен несие мерзімі қызықтыратыны ақиқат. Елімізде екінші деңгейлі банктердің несие шарттары мен пайыздарын қадағалайтын орган – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі. Ондағы мамандар тиімсіз шарттан таяқ жеген тұрғындардың құқығын қашан да қорғауға тырысады.
Мамандардың айтуларынша, мемлекетімізде 15-20 пайыздан төмен үстеме ақы көрсеткіші тіркелмеген. Егер бір жылға 20 пайызбен қарыз алсаңыз, екі жылда жартысына жуық, ал, үш жылда жартысынан көп ақша төлейсіз. Абай атамыз айтпақшы, «еріншек, бекер мал шашпақ...» деген осы!
– Бір қызығы, кейбір банктер пайыздық мөлшерлемесін алғашында 10 пайыз деп көрсетуі мүмкін. Кейін, жеме-жемге келгенде, онысы 20 пайыз болып шығады. Оның да салмақты себебі бар. Өйткені, банк өзі көрсеткен қызметі үшін де екі-үш пайыз комиссия ұстайды. Онысын келісімшартқа жазып көрсетеді. Бірақ, оған мән беріп отырған тұтынушы бар ма? Сондықтан, пайдалы кеңестер мен маман жауабын аламын деуші тұрғындар болса, біздің банкке келіп хабарласуына болады. Есігіміз айқар ашық, - дейді мамандар.
Расымен де, Ұлттық банк арқылы мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып, сауаттылықты арттыру керек-ақ. Кез келген жағдайда несие шарттарын өзгертуге, кредитті сақтандыруға жұмсалған қаржыны қайтарып алуға болатынын тұтынушылардың бәрі біле бермейді. Сондықтан, арнайы сауат ашу курстарын өткізсе де артық етпейтін секілді.
«Тегіннің тұзы татымайды»
Санаққа көз жүгіртсек, елімізде барлығы 37 коммерциялық банк бар. Тіпті, алақандай Атыраудың өзінде жиырмадан астам банк ақша айырбастау, түрлі аударымдар жасау қызметтерін көрсетеді екен. Әйтсе де, несиенің несібесін көріп алып, кейін қайтаруға асықпайтындар да жетерлік. Оларға банк «жолда жатқан батпан құйрықтай» жеңілдіктерді ұсынудан да тайынбайды. Ондағысы – төлемді қалайда қайтару.
Сандарға оралсақ, орта есеппен бір адамға шаққанда екі несиеден келеді екен. Ал, заңға сүйенсек, несие мерзімін ұзартуға да, аяқ астынан орын алған оқиғаларға орай, келісімшарт тәртібін өзгертуге де болады.
Екінші деңгейлі банк менеджері Тимур Бақыттың айтуына қарағанда, кез келген банк өз тұтынушысымен жекелей сөйлесіп, келісімді бұза алады екен. Алайда, мерзім ұзарған сайын үстемеақының да ұлғаятыны тағы бар. Ішкі мүмкіндігі зор кей банктер жарнаманы «тегін ипотека, қайтарымсыз қарыз» деп «айқайлатып» қояды. Өйткені, тұтынушыларды барынша қызықтыру, мейлінше ынталандыру қажет. Кейін көрпені өздеріне қарай тарта жөнелсе, таң қалмаңыз! Демек, мынау нарық заманында «тегіннің тұзы татымайды» деп тура айтылған-ау...
Ал, шариғатта өсім арқылы қарыз алып-беруге тыйым салынады. Егер біреудің басында баспана болмай не оны жалдауға жалақысы жетпесе, түсінуге болады. Ал, кейбір жастар бар, ешқандай мұқтаждығы болмаса да, қымбат ұялы телефонды ойланбастан несиеге ала қояды. Кейін төлей алмай, ақыры өзін кінәлі сезініп, түрлі әрекеттерге барып жатады. Тіпті, теріс жолға да түсуі мүмкін...
Несиелік бағдарламалардың жылдық үстемеақысы:
«Жедел жалақылық» – 24%
«Жедел баламалы» – 29%
«Жеке қолма-қол» – 23-25%
«Оңай экспресс» – 17-18%
«Автокөлік» – 13-15%
«Кезек күттірмейтін қажеттіліктерге» – 13-23%
Шетелдегі өсімпұл көрсеткіші:
Испанияда – 4,25-4,5%
Кипрде – 7%
Ұлыбританияда – 5,7%
Болгарияда – 8,9%
Біріккен араб Әмірліктерінде – 6,7%
АЛ, ҚАЗАҚСТАНДА – 10%