Еліміздегі 17 өңір мен 3 республикалық маңызы бар қаланы қамтитын бұл жобада қаржы сарапшылары халықты оқытып, қаржылық сауатын арттыруға көмектеседі. Бұл туралы «AMANAT» партиясы өкілі Қуантай Бисалиев пен «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша қаржылық сарапшы, ментор Ақан Қайырғалиев баспасөз брифингінде мәлім етті. Қаржы саласының мамандары жыл бойы 150 мың қазақстандыққа қаржылық сауат курстарын өткізеді. Әсіресе, онда несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық беріледі.
- Былтыр еліміздің 8 өңірінде «Қарызсыз қоғам» пилоттық жоба ретінде өз жұмысын бастады. Сәйкесінше ол өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Өткен жылы 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, жоба игілігін бүкіл еліміз көруі үшін оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биылдан бастап 17 өңір мен 3 республикалық маңызы бар қаланы қамтитын жобада 150 мыңдай адамды оқыту көзделген. Соның ішінде Атырау облысында 6 мың адамды оқыту жоспарда бар, – деді Қ.Бисалиев.
Жоба бойынша қаржы сарапшылары барлық ауданда жұмыс істей бастайды. Оларға кез-келген уақытта барып, кеңес алуға болады. Сонымен қатар жоба аясында еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында, колледждерінде және мектептерінде қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылып, қаржылық сауат курсы енгізіледі.
- Қазіргі кезде көпшілік адам өздеріндегі шығынды несиемен өтеуге құмар. Сол себепті де көбінің шығыны кірісінен асып түседі. Тіпті кейде алған несиесінің қарызын екінші бір несие алып, жауып жататындар да аз емес. Қазір адамдар несиге көп мән бермей, «жеңіл ақша» ретінде қарайды. Соған байланысты елімізде өткен жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Бұл жоба мемлекет басшысынан қолдау тауып, биыл да өз жалғасын таппақшы. Аталған жобада курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқитын болады. Оқу процесінің ұзақтығы 5 жұмыс күні, – деді А.Қайырғалиев.
Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы − «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған тұрғындар, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады.