RSS лента

Бес ғасыр бойы теміржол саласында еңбек етіп келе жатыр! (+фото)

  • 28.02.2024, 18:15,
  • 161
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: Turantimes.kz

Экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласында талай еңбек әулеттері қалыптасқан. Ендеше, солардың бірі – Мырзағалиевтар әулетін біз бүгін әңгімемізге арқау еткенді жөн көрдік. Қызықты қараңыз, теміржолшылар әулетінің жалпы еңбек өтілі 530 жылға таяп қалған, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жалпы, Қазақстан теміржолының 130 жылға таяған тарихы бар деседі. Ал, сол тоғыз жолдың торабында орналасқан бірден-бір аудан болса, ол – Атырау облысындағы  Мақат ауданы екені даусыз. Яғни, мұнда теміржолшы болмау мүмкін емес.   

 

Сіздер бұрын-соңды бір әулеттен шыққан 14 бірдей адам бір салада жұмыс жасағанын естіп көрдіңіздер ме? Олай болса, Мақаттағы Мырзағалиевтар – дәл сондай әулет. Осы орайда, біз әулеттің үлкені, ардагер теміржолшы Сисенбай Қабдоловты сөзге тартып көрген едік.

 

– Менің әкем Қабдол Мырзағалиевтан екі ұл мен екі қыз тараған. Олар – Жексенбай, Айжан, мен және Жұмабике. Жексенбайдан төрт бала – Ұлмекен, Өтеген, Жалғас, Жәрдем, ал, менен жетеу – Бауыржан, Жанбике, Нұрбике, Бағытжан, Сағытжан, Мұхамеджан, Нұрмұхамеджан. Өмір бойы теміржолшы болған әкем 1958 жылы зейнетке шықты. Тіпті, жеңгеміз де осы салада тер төкті. Енді олардың қызметін балалары жалғастырып жатыр. Көбісі – тепловоз жүргізуші. Ал, мен жол жөндеуші болдым. Бұл – саладағы ең ауыр жұмыс болып есептеледі. Соған қарамастан,  табан аудармастан 44 жыл еңбек еттім. Қазір шүкір ғой, қара жұмыстың көп бөлігін техника атқарады. Ал, о баста біздер он шақырым жолды жаяу жүріп, шпалды қолмен ауыстыратынбыз. Ол кезде көлік тапшы болды. Есесіне, қара жұмыс жігерімізді қайрай түсті. Қандай қиындыққа да қарсы тұра алатындай болдық, - деп еске алады ол.

 

Расымен де, бұрынғы уақытты қазіргімен салыстыруға болмайды. Арасы – жер мен көктей. Ол кезде бүгінгідей тоқшылық пен молшылық заман жоқ қой. Жан бағып, отбасын асырау үшін адамдар қиындықтан қашпай, ауыр еңбектің бәрін де жұмыла жүріп атқарды. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрді. Ал, сол күні-түні тынбай жасалған жұмыстың жалақысы да аз болғанын айтады кейіпкеріміз.  

 

«Бұрынғы кезде біздер, теміржолшылар мұнайшылардан едәуір аз жалақы алдық. Бірақ, еңбек демалысына шыққан кезде бүкіл отбасымызға еліміздегі немесе Ресейдегі санаторийлерде демалуға тегін жолдама берілетін. Пойызда тегін қатынайтын болдық. Ал, қазір ондай мүмкіндіктер мүлде жоқ. Сонда да, балаларым әулетіміздің жолын жалғап, шойын жол бойында жұмыс жасап жатыр. Жеке-жеке тоқталсам, тұңғыш ұлым Бауыржан ағамның үйінде жатып, слесарь болып еңбек етті. Ал, тағы бір балам машинист болып қызмет атқарады. Бұрын үлкендер «директордың баласы директор, шабанның баласы шабан болады» деп айтып отырушы еді. Біздің балаларымыз теміржолшы болды. Құдайға шүкір, тамырымыз кеңге жайылып жатыр, соған қуанамын» дейді Сисенбай қария.

 

Айтпақшы, бұл әулет 2022 жылы республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысқан екен. Сөйтіп, әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия шешімімен «Үздік еңбек әулеті» атанып, арнайы аталымды жеңіп алған!

 

Кезінде осынау үлкен әулетке келін болып түскен, бүгінде бірнеше теміржолшыны тәрбиелеп өсірген аяулы ана Гүлмира Садыққызының өзі де осы салаға саналы ғұмырын арнаған екен. 

 

– Мен сол кездегі Гурьев теміржол техникумына оқуға түсіп, техник-жол жөндеуші мамандығын меңгеріп шықтым. 1988 жылы теміржол саласында жұмысқа орналасып, еңбек жолымды бастадым. Осы жерде болашақ жарымды жолықтырдым. Ол биргадир болып еңбек етті. Жұмысқа бес минут кешігіп келсек, ұрыс естуші едік. Сөйтіп жүргенде көп ұзамай көңіл жарастырып, отбасын құрдық. Осылайша, теміржолшылар әулетіне келін болып түстім. Қазір төрт ұлым бар. Соның біреуі ғана кәсіпкер де, қалғанының бәрі теміржолшы болып нәпақасын тауып жүр. Бәрі де үйленіп, өз отауларын құрды. Шүкір, төрт келінім бар. Бүгінде сол бала-келіндерімнен 17 немере сүйіп отырған бақытты әжемін, - дейді ол.

 

Бүгінде ол – еңбек өтілі 35 жылды құрайтын майталман маман. Отыз жыл бойы монтер болып еңбек етсе, бес жыл шпал ауыстырумен айналысты.  

 

«Қарлы борандарда 15 шақырым жолды жаяу жүріп өтетінбіз. Пойызға бағыт беретін стрелкаларды қар басып, көрінбей қалып жататын. Сол кезде пойыз келгенше оларды қардан тазалап үлгеру керек болды. Жалпы, теміржол – жартылай әскерилендірілген сала ғой. Соған сәйкес қиыншылықтары да жетіп артылады. Мұнда жұмыстың басым бөлігі ауа райына қарай туындайды. Басқа мамандық иелері секілді түсте тамақтанамын, кешке көз ілемін деген жоспар жоқ. Егер табиғат тосын мінез танытса, ұйқыны да, басқасын да ұмтыуға тура келеді. Ендеше, бұл мамандықты көзді жұмып қойып таңдай салуға болмайды. Тіпті, тұтастай теміржолшылар әулеті де бір сәтте басқа мамандыққа бет бұрып кетуі мүмкін. Себебі, келешек дүниеге келетін ұрпақ қай кәсіптің жалынан ұстайды, белгісіз ғой. Ойымды түйіндей келе айтарым, осындай маңызы зор, жауапкершілігі мол, зейнетінен бейнеті көп жұмыс бәрінің бірдей қолынан келе бермесі анық» дейді кейіпкеріміз.

 

Жоғарыда айтып өткен Қабдол Мырзағалиевтың шөбересі – Жұмабек Мырзағалиев бүгінде аудандағы ең үлгілі теміржолшылардың бірі болып табылады. Өйтпегенде қайтсін? Арғы атасы Қабдол, бергі атасы Жексенбай, әкесі Өтеген – бәрі де теміржолшылар ғой!

 

– Мен көз ашқалы көргенім – шойын жолдар. Балалық шағымды келіп-кетіп жатқан тепловоздарсыз елестете алмаймын. Осының бәрін көріп өскен соң ба, есейгенде теміржолшы боламын деп армандайтын едім. Бұл сала мені қатты қызықтырды. Сөйтіп, мамандық таңдағанда да осы салаға бет бұрып, тиісті білім алдым. Мен үшін теміржолшы – болашағы зор абыройлы мамандық. Өйткені, бүгінде ел экономикасын еселеп отырған осы теміржолшылар емес пе? Бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Керісінше, болашақта өз балаларыма да теміржол саласының қыр-сырын үйрететін боламын. Рас, мойындауға тура келеді, физикалық тұрғыдан алғанда, теміржолда жасау – уақытпен санаспайтын өте қиын және ауыр жұмыс. Оны екінің бірі жасай алмауы мүмкін. Бұл ерекше төзімділік пен табандылықты талап етеді, - дейді Жұмабек бізбен әңгімесінде.

 

2011 жылы Мақат Локомотив депосына оператор болып жұмысқа қабылданған ол осы уақыт ішінде біраз нәрсені үйреніп, бірқатар жетістіктерге де жетіп үлгеріпті. Соның бірін айтсақ, Қазақстан теміржолшылары арасында жүзеге асқан «100 жас есім» жобасына қатысып, үздіктер қатарынан табылған. Жоба компанияның жастар саясаты аясында болашағынан үміт күттіретін дарынды қызметкерлерін кәсіби жағынан және белсенді идеяларын дамытуға бағытталған.

 

«Қазіргі заманда әрдайым бәсекеге дайын болу қажет. Жаңа Қазақстанымыздың болашағы – білікті мамандардың қолында! Мықты маман кез келген салада ауадай қажет. Соны ескеріп, сұранысқа ие болуға ұмтылу – бүгінгі менің замандастарымның басты мақсаты. Мен де «100 жас есім» жобасы аясында көптеген бағдарламаларға қатысып, жан-жақты дамығым келді. Жобаның тұлғалық және кәсіби даму жағынан көп көмегі тиді. Оған қатысқан жастар бүгінгі күні де жан-жақты араласып, ақылдасып, кейбір мәселелерді ортақ талқыға салып отырамыз» дейді жас маман.

 

Жұмабектің жұбайы медицина саласында жұмыс жасайды. Бірақ, бұл балаларынан болашақ теміржолшыларды тәрбиелеп шығаруға кедергі емес екенін айтады.

 

Міне, өзі жақсы көретін жұмысқа жан-тәнімен берілген теміржолшылар әулетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Биыл ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан ауданда локомотив депосы мен теміржол стансасынан бөлек, бірнеше мұнай өндіретін ұңғымаларды біріктіретін мұнай-газ басқармасы, автокөлік пен теміржол бекеттері, әлеуметтік ағарту орындары және басқа да әлеуметтік-экономикалық нысандар халықпен біте қайнасып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Келесі жолы олар туралы да жазыла жатыр. Ал, әзірге атадан балаға аманат болып келе жатқан теміржолшылар әулеті үзілмегей деп тілейік!

Оставить комментарий
Последние новости