RSS лента

«ЛУДОМАНИЯ»: Қазақстанда жаңа ауру пайда болды

  • 14.07.2023, 02:53,
  • 483
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанда 2019-2020 жылдары осы құмарлықтың салдарынан 350 мың ауру тіркелген, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

2019 жылы бəс тігу компанияларының айналымы 80 миллиард теңгені құрапты. 2022 жылы бұл сома 500 миллиард теңгеден асса, биыл алты айда бұл сома 1 триллион теңгеге шақтап қалды. Енді осы көрсеткіштер арқылы бүгінде ойынқұмарлардың саны қаншаға жеткенін бағамдай беріңіз. Демек, қазір Қазақстандағы 19 миллион халықтың 1 миллионнан астамы құмар ойындардың жетегінде жүргені анық. Бұл туралы «Атырау» газеті жазады.

 

– «Respublica» партиясының шешімімен Парламент Мəжілісінде партия фракциясы құрылды. Парламентарийлер өкілеттігі баст алғаннан бері Үкіметке 16 депутаттық сауал жолданып, бірқатар заңнамалық актілерге 600-ден аса түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Бірнеше проблеманы қозғап, жолданған депутаттық сауалдардың қатарында құмар ойындар мен бəс тігу мəселесі күн тəртібінде алғы кезекте тұр. Ойынқұмарлар бо с уақыты мен қалтасында қаражаты бола қалса, осындай ойынға əбден əуестенген. Бұл – өте қорқынышты статистика. Республика Оқу-ағарту министрлігімен де сөйлестік. Ең сорақысы, басқаны айтпағанда елдегі 3,5 миллион оқушының 25 пайызы, яғни 700 мыңнан астамының онлайн бəс тігіп, букмекерлік ойындарды ойнайтыны анықталған. 2022 жылы бəс тігу компаниялары біздің бюджетке 109 миллиард теңге салық төлеген. Осы санды құзырлы орын өкілдері жоғары жетістік ретінде дəріптеп жүр. «Компаниялардың демеушілігімен спорт саласы дамып, салыққа түскен қаражат та өсіп жатыр» деп насихаттайды. Ал, мен бұл тақырыптың екінші көлеңкелі жағын ашып айтамын. Құмар ойындардың салдарынан құқық бұзып, түрмеде отырған адамдардың саны артып жатқаны соншалық, оларға жыл сайын 70 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып отыр, - деді «Respublica» партиясының тең төрағасы, Парламент Мəжілісінің депутаты Руслан Берденов.

 

Екінші мəселе – «лудомандарды емдеудің жолы бар ма?» деген сұрақ. Есірткі қолданған адамдарды мамандар химиялық тəсілмен емдейді. Алкоголизмді емдеудің де жолы тура сондай. Ал, лудомания бұлайша емделмейді. Себебі, бұл – психикалық ауру. Тағы бір ерекшелігі, нашақор мен ішімдікке тəуелді адамды қоғамнан бірден танып, байқауға болады. Лудомандарды анықтау қиын. Өйткені, олар – нағыз «əртістер». Жалған сөзбен əп-сəтте жұртты сендіріп алады. Əртүрлі тəсілмен алдап-арбап, өзіне ғана емес, жақындарына, достары мен туыстарына, қысқасы бүкіл қоғамға зиян келтіреді.

 

– Мұндай дертті емдеудің құны айына 500-700 мың теңгеге шығады. Бірақ, бір адам толық емдеу курсына 3-3,5 миллион теңге төлеуі қажет. Алайда, бұл жерде лудоманның құлан-таза айығып кетуіне ешкім кепілдік бермейді. Мəселен, екі, тіпті тоғыз-он жыл бойы емделіп, қайтадан осы ойынға салынып кеткендер бар. Себебі, бар мəселе – олардың психикасында. Мұны тоқтату өте қиын. Қазір елде 1 миллионнан астам лудоманның тек 30 пайызын ғана емдесек, оған жылына жұмсалатын шығын – 1 триллион теңге. Осы көрсеткіштерді міндетті түрде майшаммен қарап, ескеру қажет. Мұның қасында бəс тігу компанияларының бюджетке түсіріп жатқан салық көлемі түк те емес. Бұл тек сандарды сөйлеткендегі жағдай. Ал, əлеуметтік жағынан алғанда проблема тіптен шаш-етектен, - деді Руслан Арысбекұлы.

 

Расында да, осының салдарынан қазір қаншама жанұя зардап шегіп, қаншама ата-ана лудоман ұлының кесірінен тірілей азап көріп отыр. Жасыратыны жоқ, қоғамда əр адамның біреу болса да лудоман танысы бар. Жуырда элиталық академияда оқитын курсант өз-өзіне қол жұмсаған.

 

Депутаттық зерделеу барысында осы оқу орнындағы офицерлерден бастап сарбаз, студенттердің барлығына жуығының ойынқұмар екені анықталған. Осындайда атам қазақтың айтқан «сенген қойым сен болсаң...» деген сөзі ойға еріксіз оралады. – Қазақстанда жылына 3600-3700 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Соның ішінде 40 пайызға жуығы – лудомандар. Бұл – ресми статистика. Ал, біздің əлі білмейтініміз, тіркелмегендері қаншама?! Жасыратыны жоқ, қазір күніне 10-15 адам өз-өзіне қол жұмсап жатыр. Мəселе бұлай жалғаса берсе, оны жеңу де оңайға соқпайды. Сондықтан, біз проблеманы алға қойып, жыл басынан бері құзырлы орын өкілдерінің қатысуымен жеті рет кездесу өткіздік. Мəселені 12 министрліктің алдында көтеріп, тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді күн тəртібіне шығардық, - деді Р.Берденов.

 

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда тиісті заңнамаға сай құмар ойын ойнауға рұқсат етілген екі-ақ қала – Қонаев жəне Щучинск қалалары. Ойнаушылар осы жерлерге ғана баруы тиіс. Ал, қалған онлайн компаниялардың барлығы жабылуы шарт. «Менмұндалаған» жарнамаларды да тоқтатқан жөн.

 

– Біздің қоғам үшін шырылдаған жанайқайымызға құлақ түрген Алматы қаласының əкімі құмар ойындардың жарнамасын тоқтатуды қолға алды. Бұл, əрине, үлкен процесс. Өйткені, мұндай ойындардың қоғамда ірі қорғаушылары мен қолдаушылары бар. Десек те, мəселеге көз жұмып қарап отыруға болмайды. Бұл іске Атырау облысының əкімдігі де кіріскені жөн. Себебі, ойынқұмарлардың дені осы өңірде, əсіресе вахталық қалашықтарда екені рас, - деді спикер.

 

Шынында, бұл мəліметтерді де жоққа шығаруға болмайды. «Аналарға көмек қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Сандуғаш Кукенова бұл проблеманың Жылыойда ушығып тұрғанын растады.

 

– Осы мəселемен маған көптеген аналар хабарласады. 16-17 жастағы балаларының санасы уланып, олардың дертімен күресіп шырылдап жүргендер аз емес. Сондықтан, заң бойынша мəселеге тиым салынуы керек жəне оны жарнамалаушылар да заңдылыққа сай жазалануы тиіс. Бүкіл қоғамның қатерлі ісігіне айналған осы дертті түбегейлі жою үшін ел болып жұмыла кіріскен жөн. Қоғам белсендісі ретінде осы жұмысты білек сыбана жүргізуге дайынмын, - деді ол.

 

Індеттің ке сірі адамды түрлі қылмысқа да итермелеп жатыр. Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Əбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, лудомандар алаяқтыққа, ұрлыққа, өтірік айтуға өте бейім. Облыста биыл бес айдың ішінде 2220 қылмыс тіркеліп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 10,9 пайызға көбейген. – Осы қылмыстардың ішінде бір адам 23 жəбірленушіден 20 миллион теңгеге жуық ақша алып, ойынға салып жіберген. Енді бір азамат 20 адамнан 7 миллион теңгеге жақын ақшаны иемденіп, дерттің құрбаны болып отыр. Жалпы, Атырау өңірі шетелдік инвестиция мен шағын жəне орта бизнеске ыңғайлы болғаны сол, лудоман алаяқтар тұрғындарды «ірі компанияға жұмысқа орналастырамын», «автокөлік алып беремін» деп алдап, ақшасын иемденіп кетеді. Ақыры, өзі де құрдымға кетіп, өзгені де сан соқтырып жатыр. Бір өкініштісі, бұл əрекеттерді жасайтын түгелге жуық өз бауырларымыз, - деді Əбдіғани Тойшыұлы.

 

Ал, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Елдос Ерсайынұлының сөзінше, биыл шілдеге дейін осы мекемеге 6 лудоман науқас келген. Олардың сұмдық əрекеті отбасын тіптен қажытып жіберсе керек. Мұндай жандарды дəрімен емдеу мүмкін емес. Емдеу шарттары психотерапевтердің көмегі арқылы жүргізіледі. Бастысы – жарнаманы тоқтатып, онлайн ойындарды бұғаттау керек. Бұл əлемдік тəжірибеде бар. Қытай мен Оңтүстік Корея осы тəсілге əлдеқашан көшіп, ойынға тиым салған. Олар өз халқының құмар ойынға өте жақын екенін жетік біледі. Сондықтан, онлайн құмар ойынға кіруге еш мүмкіндік жоқ бұл елдерде. Бізге де шетелдік тəжірибені жүзеге асырудан басқа амал жоқ.

 

– Қазір қалада лотоклубтар өте көп. Бұлар – ашық казино. Мұнда алты жасар баладан бастап зейнеткерлер де отырады. Мұндай орындар оқу орындарынан қашық орналасуы керек, яғни қалалар бəс тігу орындарынан мүлдем тазаруы тиіс. Мұндай ойын Қонаев пен Щучинскідегі казиноларда ғана ойналып, 18 жастан жоғары адамдарға ғана рұқсат берілгені жөн, - деді Р.Берденов.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости