Жасырып қайтеміз, қоғамда күйеуінен қорлық көрген, әлімжеттік құрбаны болған әйелдер көп. «Бас жарылса, бөрік ішінде», бірін байқаймыз, енді бірін біле бермейміз. Өз қотырын өзі қасып, жасырып әлек. Ең өкініштісі, мұндай жандардың арасында самайын ақ шалған ақ жаулықты аналар да бар. Өткен айларда атыраулық полицейлердің бақылауымен туған ұлынан зәбір көрген кейуана қарттар үйіне орналастырылғанын естіп, жаға ұстағанымыз бар. Зорлық-зомбылық – қоғамдағы ең өткір әлеуметтік проблемалардың бірі. Өңірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс жасайды. Бүгінде орталық Атырау қаласында, Құрманғазы және Жылыой аудандарында бар. Ал, биыл Исатай ауданында ашылмақ. Бұл туралы Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор – комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина айтып берді.
– Орталықта отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер мен олардың балалары уақытша орналастырылады. Қазіргі елдегі жағдай мұндай орталықтың қажеттігін көрсетіп отыр. Орталықты ашудағы мақсат – түрлі қиындыққа тап болған отбасына жан-жақты қолдау көрсету. Оның ішінде құқықтық және психологиялық қолдау да бар. Түрлі кедергіге ұшыраған отбасы қолдауды қажет ететіні сөзсіз, - деді Зәмзәгүл Хиданқызы.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының орынбасары Айбаршын Иманғалиеваның айтуынша, 2012 жылы ашылған «Дағдарыс орталығын» жыл басынан бері 24 әйел мен 63 кішкентай бала паналап, бүгін олардың саны 21-ге азайған. Қазір орталық 5 ана мен 16 балаға көмек көрсетуде. Бүгінде орталықта қиындыққа ұшыраған әйелдер мен олардың балаларына психологиялық, құқықтық, медициналық көмек беріледі екен. Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық заң бұзушылық мәселесі өзекті мәселеге айналып, оның алдын алуға құқық қорғау органдары белсене араласуда. Аталған құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атыраулық полицейлер шұғыл түрде жәбірленушіге қауіпсіздік жағдайларын жасап, ақпараттық, құқықтық, психологиялық және т.б. көмек түрлерін қолдануда. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет.
Жәбірленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану, сондай-ақ оларды мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттау құқығы бар.
– Жыл басталғалы бері отбасы тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 677 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мас күйінде жасалған қылмыстардың басты профилактикалық әдісі, ол маскүнемдіктен ерікті түрде емдеуден және олардың әлеуметтік медициналық оңалтудан жалтаратын адамдарды мамандандырылған профилактикалық-емдеу мекемелеріне мәжбүрлеп жіберу болып табылады. Аталған емдеу мекемесіне соттың шешіміне сәйкес 7 тұлға орналастырылды, - дейді Атырау қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әйгерім Орақбаева.
Сондай-ақ ол отбасы тұрмыстық саласы бойынша күніне орта есеппен 20-25 хабарлама түсетінін, ал жыл басынан бері 2000-нан астам хабарлама келетінін айтты.
Отбасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, «барар жер, басар тауы болмай», тығырыққа тірелген әйелдермен күнде жұмыс істейтін Айбаршын Иманғалиеваның айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылыққа әлеуметтік-экономикалық жағдайлар көп әсер етеді. Қазір жұмыссыздық жоғары. Одан бөлек ішімдік, нашақорлыққа тәуелділер де отбасының шырқын бұзып, ана мен балаға күш көрсетеді. Сондықтан да елімізде отбасылардың ажырасу көрсеткіші өте жоғары болып тұр. Директор, сонымен қатар, дағдарыс орталығына келетін әйелдердің көпшілігінде құжатқа байланысты мәселе барын, оған қоса білімнің жетіспеушілігінен қажетті әлеуметтік көмекті ала алмай отырғандар кездесетінін жеткізді. Иә, Атырауға сапары кезінде Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов та мұны растады. Оның айтуынша, бүгінге дейін «үй тирандары» жауапқа тартылмайтын. Соның нәтижесінде жазасыздық жүгенсіздікке әкелді. Ұрып-соғу әдетке айналды. Ал, жақын арада маңызды түзетулер күшіне енеді, «өтініш беру» форматынан «анықтау» форматына көшеді. Бұл құқық бұзушыны өтінішсіз жауапқа тартуға мүмкіндік береді, қайта татуласу мүмкіндігі шектеледі, әкімшілік (1 шілдеден) және қылмыстық жауапкершілік күшейгелі отыр. Соңғысы 19 мамырдан бастап күшіне енді.
«Алайда, бұл тек жазалау шаралары. Тек, биыл ел бойынша осындай 39 кісі өлтіру фактісі орын алған» деген министр осы жылы Атырау облысында мұндай қылмыс түрінің тіркелмегенін айтты.
Елімізде жыл сайын жүздеген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады. Ал, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдердің әлеуметтік желілердегі әңгімелері қоғамды дүр сілкіндіреді. Жыл сайын мұндай резонанс тудыратын оқиғалар көбеймесе, азайып келе жатқан жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – жеке адамның емес, қоғам дерті. Бүгінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды – онысы, әрине, бекер. Ата Заңымызда да адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бары анық жазылған.