RSS лента

Әйелін ұрып өлтірген...

  • 11.12.2022, 00:01,
  • 531
  • 0
  • Автор:
Автор фото: aikyn.kz

Жуырда Қызылордада ер адам өзінің 28 жастағы әйелін аяусыз ұрып өлтіргені туралы оқиғаны естіп, төбе шашымыз тік тұрды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жас келіншектің артында көздері жәудіреп үш бала жетім қалды. Марқұмның туыстарының айтуынша, күйеу бала әйелін сабауды әдетіне айналдырған. «Ол балалары үшін кешіріп, оны қабылдап жүрді» дейді олар. Ал, бұл істің тергеуде екенін айтқан Қызылорда облыстық полиция департаменті «Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды» деген хабарлама таратты. Қазақта «үй болған соң ыдысаяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз жиі айтылады. Алайда, соңғы кездегі отбасылық жанжалдың соңы қатыгездікке ұласатын жағдайлардың көбеюіне не себеп? Бұл сауалға Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Самал Әбуғалиева «қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырағаны көңілге қаяу түсіреді...» деп жауап берді.

 

– Қазақ отбасы құндылықтарын қашан да биік ұстаған халық. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың «Тәртіп пен заң өзгерсе де, отбасылық құндылықтар өзгермейтін киелі әрі мәңгілік құндылықтар. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады» деген орамды айтылған сөзі бар. Сондықтан, әр отбасындағы ұрпақ тәрбиесі – ұлт келешегінің кепілі. Атаның қанымен, ананың сүтімен келген ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп өскен ұрпақтың ел болашағына қызмет етер тұлға болып қалыптасатыны анық. Жұмыс барысында әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттердің көбейгеніне куәміз, - дейді судья.

 

Сұхбаттасушымыз әкімшілік құқықбұушылықтардың көбеюі бүгінгі қоғамның келеңсіз көрінісіне айналғанын жасырмайды. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында жыл басынан бері отбасытұрмыстық қатынастар саласы бойынша 677 әкімшілік іс түсіп, оның 618-і қаралып, 204 әкімшілік іс тараптардың татуласуымен аяқталған. Зорлық-зомбылық – отбасының проблемасы ғана емес, жалпы қоғамдық мәселе. Жұмыссыздық, құқық бұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар отбасындағы ахуалға әсер етеді. Бүгінде бұл мәселенің алдын алуда атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі бар ма? Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Райса Айтжанова отбасы институтын қалыптастырып, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттырудың қажеттігін алға тартады.

 

– Бұрын әйелдер өздерінің тәрбиесі, менталитетіне байланысты тұрмыстық және үйдегі көрген зәбірлерін жасыратын. Бірақ, соңғы жылдары бұл жағдай жұртқа жария бола бастады. Жәбір көрген әйелдер де құқық қорғау органдарына жүгініп, өздерінің құқықтарын қорғап жүр. Мұндай құқық бұзушылық көбінесе отағасының ішімдік ішкен күйінде жасалады. Қиындыққа ұшыраған аналар мен балаларды «Алмагүл» шағынауданындағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына» уақытша орналастырады. Мұнда арнайы сала мамандары жәбірленген анаға жанжақты көмек көрсетеді. Жыл басынан бері «102»- ге отбасылық жанжалды хабарлаған 6413-тен аса қоңырау түссе, оның 782-і «зәбір көрдім» деп арызданған. Ал, 2386 тұлғаға қорғау нұсқамасы шығарылып, нұсқаманы бұзған 171 ер адамға әкімшілік хаттама толтырылды, - деген полиция өкілі бұл мәселенің күн тәртібінен түспейтінін айтты.

 

Оның айтуынша, күйеуі ұрып-соққан, психологиялық қысым көрген әйелдер заңмен қорғалады. Мамандар отбасылық зорлықзомбылықтың құрбаны болған әйелге алдымен полицияға хабарласуға кеңес береді. Әр ауданда полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелері бар. Ал, жергілікті әкімдіктерде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Отбасында зәбір көрген әйелге тұрғылықты тіркеусіз-ақ көмек көрсетіледі.

 

Сондай-ақ, «150» тікелей желісі және 8 (7122) 46-60-60 сенім телефоны жұмыс істейді. Отан – отбасынан басталады. Ендеше, әр шаңырақтың тыныштығы заңмен емес, махаббат, мейірім сияқты асыл қасиеттермен қорғалса екен... Айта кетейік, 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлықзомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы өтіп жатыр. Соның ауқымында біраз іс-шаралар жоспарланған.

 

*Не айтасыз?


Рая ШАҒЫЛБАЙҚЫЗЫ, отбасылық психолог:


– Баланың қалыптасу процесінде ата-ананың тәрбиесі мен өскен ортасы маңызды роль атқарады. Демек, ертеңгі күні үйдегі ұрыс-керісті жиі көріп өскен ұл мен қыздан не күтуге болады? «Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» демекші, бала жастайынан қандай тәрбие алса, ержеткенде де сол әдет қалмайды.

 

Маман ретінде айтарым, отбасындағы келіспеушіліктің негізгі себептері көп. Соның бірі – «агрессордың», «абьюзердің» отбасы мүшелеріне жұмсайтын өзінің эмоциясы мен агрессиясын басқаруға құлықсыздығы немесе қабілетсіздігі, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге әрекетсіздігі. Тіпті, зорлық-зомбылық жасағаннан ләззат алатын агрессорлар бар. Мұндайда отбасы мүшелері «оңай олжа». Мұндай агрессорлар отбасы мүшелеріне қол көтеру үшін ілік іздеп отырады... Бұл қоғамдық кеселмен күрес – әрқайсымызға жауапкершілік жүктейді. Сонда ғана ұлтымыздың қанындағы ізеттіліктің – дөрекілікке, қайырымдылықтың – қатыгездікке ауыспайтынына үміт пен сенім бар.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости