RSS лента

Желтоқсанның жұмбағы енді ашылды...

Автор фото: ашық дереккөз

Желтоқсан көтерілісінің кейіпкері айтылмай келген ақиқатпен бөлісті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

КЕҢЕСТІК ДӘУІРДЕ АВТОНОМИЯҒА «ЖҰТЫЛҒАН» ІРІЛІ-ҰСАҚТЫ ҰЛТТАРДЫ АЙТПАҒАНДА, ТҰТАС БІР 15 РЕСПУБЛИКАНЫ ТОТАЛИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ТЕМІР ТОРЫНА ТОҒЫТЫП ҰСТАҒАН КСРО-НЫҢ КӨБЕСІН СӨККЕН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ АЛАҢҒА ШЫҒУЫ КӨЗСІЗ ЕРЛІК ЕДІ. МІНЕ, СОЛ ҚАҺАРМАН ҚЫЗ-ЖІГІТТЕРДІҢ АРАСЫНДА ЖЫЛЫОЙЛЫҚТАР ДА АЗ БОЛМАДЫ. ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА СЕРІК МӘТЕНИЯЗОВ, БОЛҒАН БАЙНИЯЗОВА, АЙША МҰҚАНОВА, МҰРАТ МҰҚАН, АЙТБАЙ ЕЛЕМЕСОВ, БАҚТЫБАЙ НҰРЖАНОВ ЖӘНЕ БАСҚАЛАРЫ БАР. КЕШЕГІ СТУДЕНТТЕР БҮГІНДЕ ХАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ БІР-БІР САЛАНЫҢ ТЕТІГІН ҰСТАҒАН АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІ, АРАДА 36 ЖЫЛ УАҚЫТ ӨТКЕНДЕ СОЛ БІР ҚАНДЫ ОҚИҒАЛАР ТІЗБЕГІН КӨҢІЛ ТАСПАСЫНАН КЕРІ АЙНАЛДЫРЫП, ТАҒЫ БІР ОЙ ЕЛЕГІНЕН ӨТКІЗІП КӨРДІ.

 

ҚЫЗМЕТІ ҮШІН ҚЫЗЫНАН БЕЗІНГЕН ПОЛКОВНИК

 

Желтоқсан көтерілісі кейіпкерінің бірі – құлсарылық Айтбай Елемесов. Ол сол кезде Алматы қаласындағы Статистика комитетінің жанындағы кәсіби білім мен біліктілікті жетілдіру институтында оқыған. Айтбай Елемесов бірге оқитын атыраулық жігітпен, оралдық, ақтөбелік азаматтармен және арқалықтық бір бойжеткен қызбен бірге алаңға барады. Жастармен бірге ұрандап, кешке жатақханаға келген Айтбайларды алдынан қаһарлы тәртіп сақшылары мен қабағы қатулы мұғалім-оқытушылар күтіп алады. Бірақ, жатақханаға – «үй қамаққа» қамалған студенттер түнімен ұйықтамайды.

 

– Бізге жақын жерде сауда-кооператив техникумы мен педагогикалық институттың жатақханасы орналасқан еді. Ұйқым келмеген мен жігіттердің бөлмесіне келіп, алаңдағы жағдайды талқылап біраз отырдық. Сол сәтте, неге екенін қайдам, балконнан сыртқа шығып домбырамен бір әнді бастап келіп жібергенмін. Байқасам, мен секілді көз ілмей отырған студенттер көрші жатақханада да көп екен. Менің дауысымды естіп, бірінен кейін бірі балконға шығып, әнге қосыла кетті. Сол түні студенттер бірін-бірі балконнан қоштап, студент-жастардың жиі шырқайтын әндері мен «Менің Қазақстаным», «Атамекен» секілді патриоттық шығармаларды бар даусымызбен шабыттана шырқадық. Бірақ, тәртіп сақшылары мен оқытушылар тәртіпке шақырып, миссиямызды аяғына дейін жеткізуге кедергі жасады, – дейді Желтоқсанның алғашқы ызғарын еске алған кейіпкеріміз.

 

Түсіне білген жанға сол түнгі студентжастардың шырқаған әні Желтоқсанмен бірге оянған азаттықты аңсаған алаштың асқақ үніндей жаңғырыға естіліп еді. 

 

– Нағыз қанды оқиға ертесіне басталды. Жастар «Ақ үйді» қоршап алған. Қол шоқпар ұстаған, арнайы оқ өтпейтін киім мен «щитпен» қорғанған жасаққа жақындап қалғанбыз. Сол сәтте жанымдағы қазақтың қаракөз қызы қарсы алдында тұрған милиция жасағындағы өзі қатарлас жігітке дауыстап: «Әй, жігіт, сен де қазақ бауырымыз емессің бе? Бізді алға қарай өткізіп жібер, билікке сөзімізді жеткізейік, аш ортаны!» деп батыл үнмен талап қойғаны сол еді, әлгі сапта тұрған жасақ көз ілеспес шапшаңдықпен нәзік жандының маңдайынан қол шоқпармен салып қалды. Соқталдай еркектің қатты соққысы қойсын ба, бойжеткен есінен танып, жерге құлап түсті. Лезде ақша бетін қызыл қан жуып кетті. Жастар оны жоғары көтеріп алып, қалың топтың артқы жағына қарай әкетті. Қыз балаға деген мұндай қатыгездік жастардың ашу-ызасын одан бетер өршітті, – дейді Айтбай Елемесов.

 

Толқу күшейіп, билік те әрмен қарай күтіп тұрмай шабуылды бастап кетеді. Өрт сөндіру көліктерінен ыстық су атқылап, мұздай қаруланған жасақтар лап қояды. Алаңда аласапыран, азанқазан, бейне жауласқан қалың қолдың бір-бірімен бетпе-бет келіп шайқасқан майдан даласын еске түсіреді.

 

– Алаңнан қуылғанымызбен көпке дейін Алматы көшелерін кезіп, топтоп болып митингі жасап жүріп алдық. Мен де «Қазақстан» қонақ үйіне қарай бет алған студенттердің легіне ілестім. Онда Қазақстанға шетелден келген туристер, журналистер, басқа да қонақтар тұрып жатқан еді. Олар балконнан қазақ жастарының толқуын фотоға, бейнекамераға түсіріп алып, дүниежүзіне ақпарат таратып жатты, – дейді Айтбай Елемесов.

 

Желтоқсан оқиғасынан соң Айтбайлар оқудан шығып қала жаздады. Кәсіби біліктілікті жетілдіру институтына оқуға келген 500-ге тарта курстасы мен оқытушы қауымның, Статистика комитеті басшыларының қатысуымен алаңға шыққан алты жігіт пен бір бойжеткеннің мәселесін талқылаған үлкен мәжіліс өтеді.

 

– Соңынан жетеуімізді алып қалды да, дауысқа салды. Барлығы бірауыздан «Оқудан шығару керек!» десті. Бірақ, біраз үнсіздіктен кейін Статистика комитеті бастығының орынбасары (өзі оралдық екенін кейіннен білдім) орнынан тұрды да: «Кіші жүздің қолына найза бер де жауға қой!» деген сөз бар. Сол айтқандай, бұлардың барлығы да батыстың жігіттері екен. Қызбалықпен, қызуқандылықпен косақ арасында кетіп қалған шығар. Біржолға кешірім берсек қайтеді?!» деген ұсынысын айтты. Біраз талқылаудан кейін басшының сөзі жерде қалмай, ақыры не керек, біз оқу орнында әупіріммен қалдырылдық, – дейді Айтекең.

 

Әрине, Желтоқсан көтерілісі кезінде Айтбайлар небір оқиғаны бастан кешірді. Ең бастысы, онда кімнің кім екені сыналды. Жастарды арандатқан топтар да болды. Бәрінен бұрын Айтекең мен курстастарын шен-шекпені үшін туған қызынан безінген әкенің опасыздығы ашындырды. Желтоқсан көтерілісі кезінде Айтекең мен бір жігіт жатақхана алдында жатқан қазақтың бойжеткен қызын тауып алады. Қатты соққы жеген, бетаузының сау-тамтығы жоқ. Терезеден ішке кіргізіп, қыздардың бөлмесіне жатқызып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді. Кейін білгеніндей, ол милиция полковнигінің қызы екен. Өзі секілді жастармен бірге алаңға шығып, милиция жасақтарынан соққы жеп, қалалық ішкі істер басқармасының абақтысына түседі. Онда да қатты тепкі көрсе керек. Кейін оның офицердің қызы екенін білген қызыл жағалылар үйіне әкеліп тастамай ма?! Бірақ, байғұс бойжеткенді әкесі алаңға шыққаны үшін үйіне кіргізбей, ауыр жарақатына қарамастан көшеге қуып шыққан.

 

ШЕТЕЛДІКТЕР ТАРАТҚАН ШЫНАЙЫ АҚПАРАТ

 

Желтоқсан көтерілісі 1986 жылдың өзінде-ақ дүниежүзіне тарап, шетелдерде лайықты бағасын алып жатты. Өйткені, Алматы қаласындағы бұрынғы Брежнев а лаңындағы жастардың толқуына шет мемлекеттен келген журналистер мен туристер, студенттер де куә болған-ды. Оны сол уақытта жастар арасында жүрген студент Бақтыбай Нұржанов та растайды. Бақтыбай Баймұратұлы ол кезде Алматы қаласындағы зооветеринариялық институттың 2-курсында білім алып жүреді.

 

– Алғашқыда Үкімет үйінің алдындағы алаңның мінбер жақ бетінде жиналған қазақ жастарының қарасы 300- 400-ге жетті. Әсіресе Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттері арнайы дайындықпен келген. Қолдарына «Әрбір республикаға – өз көсемі», «Ешқандай ұлтқа артықшылық болмасын», «Қазақстан жасасын!» деген секілді ұрандар ұстап шықты. Шеруді көрген соң ол жерге республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, біртебірте тәртіп сақшылары да жинала бастады. Алаңдағы барлық жайт телекамералар мен фотосуреттерге түсірілді. Ал, заң органы қызметкерлері болса, жастардан тарауды талап етті. Содан кейін алаңда ішкі істер органының жасақтары мен ҚазМУ-дың студенттері арасында қақтығыс болды. Әскерилер жастардың қолындағы ұран жазылған парақшаларды тартып алуға ұмтылды. Бірақ, қарсылыққа тап болды. Арпалыс үстінде милиция бірқатар жігіттің қолын қайырып, алып кетпек болды. Сол кезде жастар милиция көлігін қоршап, тырп еткізбей, жан-жақтан сілкілеп, аударып тастауға дейін барды. Қызыл жағалылар амалсыз ұсталған жігіттерді босатты. Осыдан кейін жағдайдың ушығып бара жатқанын түсінген билік алаңға әскерилерді жібере бастады, – деп бастады әңгімесін Бақтыбай Нұржанов.

 

Кешкісін жатақханаға кері оралған зооветеринариялық институттың студенттерін оқытушылар «қамауға» алады. Студенттер алаңда бірге болған бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерінен оқиғаға орай нақты бейнекөрініс күткен еді. Өкінішке қарай, керісінше сюжеттер беріліп жатты. Теледидар мен радио арқылы билік басындағы белгілі азаматтар сөйлеп, жастарды «маскүнем», «нашақор» деп айыптады. Бұл алаңнан жаңа ғана оралып, болған жайды көзбен көріп келген студенттердің ашу-ызасын туғызады.

 

– Алматыдағы жастардың толқуы туралы хабар сол сағаттардың ішінде шетелдегі радиолардан хабарланып жатты. Олай дейтінім, бізбен бірге шетелдік жастар да білім алып, жатақханадағы қазақ жігіттерімен бір бөлмеде тұратын. Мәселен, жерлесіміз Мұрат Мұқанмен бірге Эфиопия елінің, ал Боранбай Алпысбаевтың бөлмесіне Йемен Республикасының азаматы қоныс тепті. Міне, сол студенттердің сөзінен қақтығыстың алғашқы күніақ Қазақстан билігіндегі өзгеріс пен оған жастардың наразылығы жайлы ақпараттан құлақтанып алғанын көрдік. Мұның барлығы әлемге КСРО мен Алматы қаласындағы шетелдік журналистер арқылы тарады. Желтоқсан көтерілісі жайлы бірінші болып шетелдік журналистер шынайы ақпарат таратты. Ал, билік болса, өз халқын алдап, жастарына күйе жағып, өздерімен өзі әлек болып жатты, – дейді Бақтыбай Баймұратұлы. 

 

– Көтеріліс басылған соң институтта бірнеше күн бойына дұрыс сабақ өткізілмеді. Тексерулер, тінту, аңду, биліктің күштеуімен жазықсыз жала жабылған жиналыстар, қудалаулар басталды. Көптеген студенттер аяқ астынан жоғалып кетіп, кейін пайда болып жатты. Сөйтсек фото-бейнебаянға түсіп қалып, құқық қорғау органдарының бірнеше күн тергеп-тексеруінде жатқан екен. Сондай тергеулерден кейін мен білетін қызылордалық Ерлан Бисенбаев деген курстасымыз 8 жылға сотталып кетті. Абырой болғанда, екі жылдан соң ақталып шықты. Ал, қарақалпақстандық Роза Ходжалепе сова деген қыз Желтоқсан оқиғасы болған күні сауда үйіне кіріп-шығып келе жатқан жерінен милиция жасағына ұсталып қалған. Сол үшін оқудан шығарылды. Осы тектес жазықсыз жаланың құрбаны болған жастар жетерлік, – деп аяқтады әңгімесін бүгінде Жылыой ауданының ветеринария саласында қызмет ететін Бақтыбай Нұржанов.

 

ЖАЗЫЛМАҒАН ЖАН ЖАРАСЫ

 

Желтоқсан жайлы шынайы ақпаратты бірінші болып шетелдіктердің таратқанын алаңдағы айқастың бел ортасында жүрген жылыойлық Мұрат Мұқан да растайды. Ол студент кезінде Муси атты эфиопиялық азаматпен жатақхананың бір бөлмесінде бірге жатып, қазақша айтқанда «жарты құртты бөліп жеген» студент. Ол 1986 жылы Алматы қаласындағы зооветеринариялық институттың 1-курсында білім алып жүрген еді. Жастар жаппай көтеріліп, орталық алаң ереуілшілерге толғанда Мұрат пен жанындағы курстас студенттер оқиғаның басы-қасында жүреді. Көтерілісті басып-жаншуды көздеген әскерилер лап қойып, нағыз айқас басталған сәтте ол айқайлап ұрандаған жастардың алдыңғы сапында еді. Сапер күректері мен «дубинкамен» қаруланған, темір қалқанды жасақтың шабуылын да бірінші болып қарсы алады. Бес қаруы сай сарбаздарға жалаң қолмен қарсы тұру оңай ма?! Алдыңғы саптағылар үздіксіз соққыдан жапырылған қоғадай болып жаппай құлай бастады. Өзіне төніп келіп қалған әскеридің қолшоқпары мен сапер күрегінен қорғанып, кері шегіне бергені сол еді, көзінің оты жарқ ете түсті. Әрмен қарай дүние тас түнекке айналады. …Бір есін жиса екі сарбаз екі аяғынан малша дедектетіп мұздың үстімен сүйреп келеді екен. Бір кезде өліктердей үюлі жатқан көлік астауындағы адамдардың үстіне әкеліп лақтыра салады. Сөйтсе олар да ауыр соққыдан естүссіз қалған өзі секілді жастар екен. Есі кірген Мұрат қатты ауырсынған басын ұстады. Соққы қарақұсының тұсынан тиген, бет-аузының да сау тамтығы жоқ. Шамасы құлатып алып, «дубинкамен» төмпештегенге ұқсайды. Жарасын ауырсынып ыңырсығаны сол еді, ту сыртынан әлдекімнің «Өй, мынау тірі ғой!» деген дауысын естіді. Сол, сол-ақ екен, екі еңгезердей солдат келіп, оны темір будкалы милиция автокөлігінің ішіне әкеліп тықты. Есі кіресілі-шығасылы ол бастапқыда қайда тап болғанын да түсінген жоқ. Тек өзінің өлілердің арасынан тірілердің қатарына қосылғанына шүкіршілік етіп тұрды. Расында да «жаңағы екі аяғынан сүйреп, апарып тастаған орын өлген адамдардың жатқан жері ме еді» деген ой келді. Содан оларды қалалық ішкі істер басқармасының бір бөліміне алып келеді. Көпшілігі қамалды, сонымен бірге ақтөбелік группаласы Өркен Қожағалиев те түрмеге жабылды. Мұраттардың бағы бар екен, мұндағы уақытша қамау изоляторына сыймай қалды. Қай милиция ғимаратына апарса да бұлар үшін орын табылмады. Ал, милиция машинасының темір будкасының іші толған жастар. Олар ұзақ жүрді, ақыры ағараңдап таң да ата бастады. Бір кезде көлік тоқтап, оларды екі-үштен түсіріп кете берді. Сөйтсе ереуілшілерді түрмеге сыймаған соң, қаладан әбден жырақтатып, айдалаға таудың ішіне тастап кетуден басқа амалы қалмағанға ұқсайды. Айдалада қалған Рахым Қожабаев пен зооветтік үш жігіттің ендігі мақсаты: қай жерде жүргенін анықтау, сосын қалаға жету. Бірақ, жолай кездескен елді мекеннің жұрты есік ашпайды. Бұларды сонадайдан көрсе жын көргендей тұра қашады. Ақыры бір жолдың бойынан «Алматы» деген жазуы бар белгіні кездестіргеннен кейін соны бетке алып, үлкен трассаға түседі. Енді үшеуіне бірде-бір көлік тоқтамайды. Әбден шаршап-шалдығып келе жатқанда бір сары «Волга» асып барып аялдады. Қазақ жігіті екен. Мінгізіп алды. Сол кездегі темір тұлпардың екпінімен сағатына 80-90 шақырыммен жүріп, Алматыға да жетеді. Қалаға жақындай бергенде жүргізуші ағай: «Ал, жігіттер, енді сендерді қаланың ішімен алып жүре алмаймын. Өздерің де білесіңдер ғой, қазір тексеріс күшті. Сондықтан осы жерден түсіп қалыңдар. Ең бастысы, қаланың шетіне іліктіңдер ғой» деп Алматының сыртынан түсіріп кетеді. 

 

– Сол кезде жастық па, әлде соққыдан қатты есеңгіреп қалғандікі ме, әйтеуір, әлгі қазақ азаматының тым болмаса аты-жөнін де сұрап алмаппыз ғой, – деп өкінеді сол бір ызғарлы Желтоқсан оқиғасын еске алған Мұрат Айтқалиұлы.

 

Тоңып-шашырап, соққыдан тәлтіректеген Мұрат пен қасындағы жігіттер жатақханаға әрең жетіп, бөлмесіне кіре құлайды. Абырой болғанда, қудалауға ілікпеді. Өзі секілді көзге түсіп қалған жастардың көпшілігі институттан шығарылып, кейбірінің сотталып кеткенінің де куәсі болды. Кейін елдегі демократиялық дүмпумен олардың ақталғанын көріп қуанды.

 

– Қазір көпшілігі ойлайды: Қазақстан 1991 жылы бейбіт жолмен, ешқандай қиындықсыз тәуелсіздік алды деп. Жоқ, олай емес. Еліміздің егемендігі әрісі атылған, итжеккенге айдалған Алаш зиялыларының, берісі Желтоқсан құрбандарының қиылған жанымен, төгілген қанымен келді. Меніңше Қайрат, Ләззат, Ербол сынды арыстарымызды «Желтоқсан құрбандары» деп атау да аздық етеді. Желтоқсан көтерілісі – жүздеген миллион халықты 70 жыл ашық аспан астындағы түрмеде ұстаған КСРОның құлауына себепші болды. Сондықтан Желтоқсан қаһармандары бұдан да жоғары бағаға лайықты, -дейді ол.

 

Иә, алаңнан алған соққыдан Мұрат Айтқалиұлының беті қайтқан жоқ. Керісінше, елде жақсылықтың нышаны боларына сенді. Сол сенім оны бүгінгі жарқын күнге жеткізді. Бірақ, тән жарасы кеткенімен, жан жарасы жазылған жоқ. Желтоқсанда көрген қазақ жастарының қорлығы әлі күнге көз алдында.

Оставить комментарий
Последние новости