КЕЗЕКШІЛІКТЕН ШЫҒЫП, ҮЙГЕ КЕШ ОРАЛҒАНМЫН. ПОДЪЕЗГЕ КІРГЕНІМ СОЛ ЕДІ, ШАМАМЕН ОН ЖАСАР ЕКІ БАЛА ҮШІНШІСІН ҰРЫП ЖАТЫР ЕКЕН. ӘЛГІЛЕРГЕ АРАША ТҮСІП, ЖӨН СҰРАСТЫМ. «НЕ ҮШІН?» ДЕГЕН СҰРАҒЫМА ЕКІ «БАТЫР» ШІМІРІКПЕСТЕН «ӨЗІМІЗДІҢ ШАРУАМЫЗ» ДЕП ҚЫСҚА ҚАЙЫРДЫ. ЖҮЗДЕРІНДЕ ҰЯТТЫҢ БЕЛГІСІ ДЕ ЖОҚ. «ШАРУАЛАРЫҢДЫ ЖҰДЫРЫҚСЫЗ ШЕШУГЕ БОЛМАЙ МА?» ДЕП ТАҒЫ СҰРАДЫМ. СОНДАҒЫ БІРІНІҢ «МЕНІ АТААНАМ КҮНДЕ ҰРАДЫ ҒОЙ, БҰЛ ДА БІР КҮН ТАЯҚ ЖЕСІН» ДЕГЕН ЖАУАБЫН ЕСТІГЕНДЕ, ТІЛІМ БАЙЛАНЫП, ЖАУАП БЕРЕ АЛМАЙ ҚАЛДЫМ…
Иә, бала не бүлдірсе де оның жазығы жоқ, ол үшін ата-ана жауапты. Демек, отбасындағы тәрбие нашар. Ал, «Балалар құқығы туралы» заңға сүйенсек, әр бала отбасында саналы тәрбие алуға құқылы. Заңға сәйкес, дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана жауапқа тартылып, құқығынан айырылады. Бірақ, олардың бәрін шетінен соттай берсек, «тірі жетімдер» қатары көбеймей ме? Біз бұл сауалды Атырау облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғизатолла Отарұлына қойдық.
– Заңда бәрі қамтылған. Баланың да, ата-ананың да міндеттері мен құқықтары соқырға таяқ ұстатқандай апанық жазылып тұр. Мәселен, оқушы сабаққа бармаса, алдымен оның себебі анықталады. Егер себепсіз болса немесе отбасында баланың білім алуына жағдай жасалмаса атаанасы (болмаса, заңды өкілі), ал, кінәрат мектептен болса, мектеп әкімшілігі жауап береді. Екіншіден, қоғамда «жайсыз отбасы» деген түсінік бар. Мұндайда тұрмыстық тәрбие теріс бағытта беріледі. Айталық, әкесінің анасына жасаған зорлық-зомбылығын көріп өскен балалардың тең жартысы есейгенде міндетті түрде соны қайталайды екен. Себебі, күн сайын отбасында орын алатын айқай-шу мен ұрыс-керіс баланың балғын санасына сіңіп қалады. Яғни, халқымыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған, – дейді судья.
Тағы бірде супермаркет ішінде жүріп қызық оқиғаның куәсі болдық. Сөреден кәмпит жымқырған он жасар баланы бейнебақылау камерасы арқылы анықтаған дүкен әкімшілігі оның ата-анасын шақырып алды. Ата-анасы болса, баласына «ұрла» деп айтпағанын және ол үшін жауап бермейтінін айтып ақталды. Ақыры, даудың соңы ескертумен ғана шектелді. Ал, шын мәнінде осындай жағдайда заң алдында кім жауап береді? Ғизатолла Отарұлының айтуынша, «бала екен» деп басынан сипауға болмайды. Өйткені, ол бұл әрекетін есейген кезінде де қайталауы әбден мүмкін. Сонда қайтпек керек?!
– Кәмелетке толмаған баланың іс-әрекетіне атаана жауапты. Бірақ, бала да жауапкершілік жүгін ерте кезден түсіне беруі керек. Сондықтан, онымен ата-анасы, егер мүмкіндігі жетпесе, психологтар түсінік жұмыстарын жүргізгені жөн. Кейде бала бір жасаған қателігін қайталап жататын жағдайлар кездеседі. Ондайда ата-ана құқығын шектеу шарасы қолданылуы мүмкін. Бұл атаанаға жағдайды өзгертуге мүмкіндік береді. Ал, егер ештеңе шықпаса, мүлде құқығынан айыру жазасы қолданылады. Мұндайда бала ерекше мінезқұлығы бар балалар мекемесіне жолданады, – дейді ол.
Сондай-ақ, қазір алимент төлемейтін борышкер әкелер де көбейді. Заң бойынша олар да құқығынан айырылады. Бірақ, алдымен алименттің төленбеу себебі анықталады. Яғни, біреулер шынымен де төлеуге жағдайы болмауы мүмкін. Ал, біреулер табысы бола тұра қасақана төлемейді.
– Біз қандайма шешім қабылдамас бұрын кінәлі тарапқа бірнеше мүмкіндік береміз, – дейді Ғ.Отарұлы. – Мәселен, кейбір балалар әке-шешесімен келіспей, үйден кетіп қалып жатады. Кейбірі «әкем үйге мас күйде келді» деп өздері «102» нөміріне қоңырау шалады. Тағы бірі ата-анасының үстінен арыз да жазады. Мұндай кезде біз баланың психикасы құбылмалы екенін қаперге аламыз. Яғни, бүгін айтқанын бала ертең басқаша айтуы мүмкін. Екіншіден, баланың да, ата-ананың да болашағын ойлау керек. Бала есейген соң да әке-шешесімен араласуға құқығы бар екенін ұмытпаған жөн. Үшіншіден, бала көп нәрсені жасырып айтпауы да мүмкін. Ондайда олармен арнайы психолог мамандар жұмыс жасайды. Ал, енді ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылына жолданады. Қалай болғанда да, баланың мүддесі бірінші орында болуға тиіс.
Иә, маман сөзінің жаны бар. Бала – өз елінің болашағы екенін естен шығармаған абзал. Айтпақшы, мемлекет басшысы балалардың құқығын қорғау және оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында сайт пен әлеуметтік желінің жұмысына бірқатар шектеулер енгізу бастамасын көтерген болатын. Алайда, кейбір қоғам белсенділері мұны әлеуметтік желідегі сөз бостандығымен шатастырып, теріс түсінгендей болды. Шын мәнінде қазір бесіктен белі шықпаған балаға дейін телефонға телміріп отыр. Айналада не болып жатқанымен ешкімнің ісі жоқ. Бұрын баланы даладан үйге кіргізе алмайтын ата-ана қазір керісінше үйден шығара алмай әлек. Өйткені, бәрі «Instagram» мен «TikTok»-тың шырмауына шырмалып қалған. Осыны арам пиғылды адамдар теріс ниетте пайдаланып жатады. Бұған дәлел – кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бопсалап, ата-анасынан ақша алуға итермелеген ересектерге қатысты қылмыстық істер.
ТҮЙІН
Соңғы кезде қоғамда қамқорлықтан гөрі қатыгездікке толы жаға ұстатар жайттар жиілеп кетті. Біреудің өмірін былай қойғанда, адамдар өз өмірін қиюдан да қаймықпайды. Солардың арасында балалардың да бар екені қынжылтады. Сайып келгенде, мұның бәрі отбасындағы тәрбиенің осалдығынан орын алып отыр, оны мойындау керек. Сондықтан да бұған мейірімсіз ата-аналар кінәлі сияқты.