Жағымсыз иіс жайлады...
Әлгі видеоны түсірген «Атамекен Эко» ұйымының төрағасы Арман Хайруллин бастаған экологиялық топ екен. Айтуларынша, былтыр желтоқсан айында қаланы жайлаған жағымсыз иістің қайдан шығып жатқанын білу барысында экологиялық белсенділер күмәнді аймақты анықтаған.
– Желдің бағыты бойынша қаланың солтүстік-батыс бөлігін назарға алдық. Нәтижесінде, күмән тудырған қоршалған аумақты анықтадық. Онда шағын құдық қазылып, медициналық қалдықтар өртеліп жатты. Мұндай күмәнді үрдістің қанша уақыттан бері жалғасып келе жатқаны белгісіз. Қолқаны қапқан иіске шыдап тұрудың өзі мүмкін емес, - дейді Арман.
Ал, сол жерде өзін қарақалпақстандық азаматпын деп таныстырған Мұрат Алақанов қалдықтарды тек түнде ғана өртейтінін жасырмады. «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының басшысы Галина Чернованың айтуынша, бұл да көңілге күдік ұялатады.
– Қанға малынған шприцтерге қарап қалдықтардың жұқпалы аурулар ауруханасы, онкологиялық диспансер мен ЖИТС (СПИД) орталығына тиесілі екенін топшылауға болады. Өліп жатқан иттердің денесіне дейін жатыр. Бұл да у болып табылады. Оның үстіне, қаптап ұшып жүрген қарғалар қалаға ауру апаруы мүмкін ғой. Дұрысында, қалдықтар құдықта емес, 1000-2000 градус жоғары температурада арнайы пеште өртелуі керек. Сонда ғана зиянды газдар жойылады. Бірақ бұл жерде пеш те, тоңазытқыш та жоқ, - дейді белсенді.
Департамент не дейді?
Сонымен, қас қарая қалдық өртеп, қаланы улап жүрген кімдер? Біз бұл сауалды тікелей Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовке қойдық. Оның айтуынша, медициналық қалдықтарды жоюмен «AG Disinfection services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысқан болып шықты.
– «Арнаулы автобаза» мекемесіне тиесілі полигонның артында қалдықтар өртелгені рас. Бұл дерек бойынша материалдар жинақталып, полиция мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне және ветеринария инспекциясына жолданды. Сондай-ақ, «AG Disinfection services» серіктестігіне қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл мекеме сіз айтып отырған медициналық қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және немесе құрту жұмыстарын жүргізу үшін лицензия алмаған. Яғни, медициналық мекемелер рұқсаты жоқ серіктестікпен жұмыс жасап келген, - деді өңірдің бас экологы бізге берген сұхбатында.
Осындай олқылықтар қайталанбас үшін экология департаменті жергілікті кәсіпкерлер палатасының алаңында шұғыл жиын өткізді. Оған денсаулық сақтау мекемелері де, ірі табиғат пайдаланушылар да тегістей қатысты. Кездесуде былтыр 1 шілдеде күшіне енген жаңа экологиялық кодекстегі өзгерістер мен талаптар таныстырылды. Кодексте көрсетілгендей, енді тамақ пен құрылыс қалдықтарын да полигонға төгуге болмайды. Олар қайта өңдеуге жіберілуі тиіс.
Экологтар қайда жүр?
Шындығына келсек, айналаның тазалығын белсенді тұрғындар емес, экологтар бақылауы тиіс. Ендеше, жағымсыз иіс шықса да, судың сапасы бұзылса да алдымен айқай шығаратын – қарапайым тұрғындар. Ал, бақылаушы-зерттеуші мамандар қайда қарап жүр?
Әлібек Мұратұлының сөзіне сенсек, былтыр жергілікті табиғат пайдаланушыларға қатысты 74 бақылау жүргізіліп, 168 экологиялық заңбұзушылық анықталыпты. Оны жою жөнінде 123 нұсқама берілген.
– Департамент анықтаған заңбұзушылықтар бойынша 47 әкімшілік іс қозғалып, 71 516 542 теңге айыппұл салынды. Оның бәрі мемлекет пайдасына өндірілді. Сондай-ақ, қоршаған ортаға келтірілген залал бойынша 1 015 708 719 теңге өз еркімен өндірілсе, қалғанын сот органдары қарап жатыр. Ал, заңнан аттаған бес бірдей табиғат пайдаланушы өз қызметін тоқтатты, - дейді сұхбаттасушымыз.
Расымен де, «Атырау облысы су арнасы» кәсіпорны енді «Тухлая балка», «Квадрат» және Доссор поселкесіндегі булану алаңдарына ағынды суларын ағыза алмайды. «Sat Trans Service» мекемесінің қалдықтарды басқару кешені де жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ, Мақат аудандық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге рұқсат етілмейді. Бұдан бөлек, «Bazis Construction» және «KSS» серіктестіктері де Қарабатан құрылыс алаңында уақытша суды деминерализациялау қондырғысын пайдалана алмайды.
Ірі компаниялардың көмегі керек!
«Қазгидрометтің» мәліметіне сәйкес, Атырауда ауаның күкірт сутегімен ластануының жоғары экстремалдық деңгейі төрт рет тіркелген. Ал, былтыр 30 наурызда бұл көрсеткіш шекті мөлшерден 10 есеге артқан. Бұл ретте, негізгі ластаушы көздер – Атырау мұнай өңдеу зауыты, қаланың сол жағалауындағы «Тухлая балка» мен оң жағалаудағы «Квадрат» булану алаңдары, қоқыс полигоны және ірі кәсіпкерлік нысандар болып табылады.
Ал, аймақтағы ауа ластануының 80 пайыз үлесі мұнай-газ өндіретін және мұнай өңдейтін кәсіпорындарға тиесілі екен. Сондықтан тікелей облыс әкімінің тапсырмасымен «ТШО», «НКОК», «Ембімұнайгаз» секілді ірі мұнай компаниялары мен «АМӨЗ» – 3,6 мың гектарға жуық аумаққа ағаш отырғызып, оларды қоршап, суару мен күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуге міндеттеліп отыр. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау бағытында 14 мың шаршы метрден астам аумақты абаттандыру жоспарланған.
Жалпы, осы жылға жоспарланған экологиялық жобаларды жүзеге асыруға 41 млрд теңге қажет. Оның 27 млрд теңгесі республикалық, ал 4,5 млрд теңгесі облыстық қазынадан және 9,4 млрд теңге инвестициялық үлестен қаралмақшы.
Булану алаңдары – бақылауда
Былтыр сәуірде 1336 гектарды құрайтын «Тухлая балка» буландыру алаңын қалыпқа келтіру жұмыстары басталған болатын. Оның қала әкімдігінің теңгеріміндегі 476 гектарына 1,1 млрд теңге, ал Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі 860 гектарына 5,5 млрд теңге қажет. Екіншісі «Қазмұнайгазбен» бірлескен «Тазалық» жобасы аясында іске асырылуда. Екеуі де келер жылдың қарашасында аяқталады деп күтілуде.
Бүгінде сол жағалаудағы жаңа кәріз тазарту имаратының құрылысы аяқталып, пайдаланушы мекемеге берілуде. Жоба құны – 9,9 млрд теңге. Ал, «Квадраттың» 580 гектарын қалпына келтіруге биыл 1 млрд теңге бөлініп, жұмыс басталып кетті.
Сол сияқты, Жайық пен Қиғаш өзендерінің арналарын аршуға 2017-2021 жылдары 6,9 млрд теңге бөлініп, бүгінде 169 шақырымы тазартылды. Биыл тағы қаржы қаралмақ. Түп тереңдету жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған. Жайық бойынша 2 млрд теңгеге өтінім жолданса, Қиғаштың құжаты әзірге мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Жанашыр жандар да жоқ емес
Әңгімемізді бір сәт көңілді арнаға бұрсақ, арамызда қаланы қоқыстан тазартуға атсалысып жүрген жанашыр азаматтар да бар. Солардың қатарында Мейірбек Қуанышев пен Мұратбек Дакеновты айрықша атап айтуға болады. Мейірбек Теңіз кенішінде ауысыммен жұмыс жасайды. Ол бос кезде тұрғындардан қайта пайдалануға болатын қалдықтарды жинайды. Теңіз кенішіндегі тазалыққа тәнті болған жігіт қаланы да сондай деңгейге жеткізуді армандайды.
Бүгінде Мұратбек екеуі заңды түрде 800 шаршы метр аумақтан қоқыс қабылдайтын орын ашқан. Сөйтіп, былтыр көктемде жұмысқа кіріскен. Қазір мұнда ай сайын онға жуық адам 60 тонна макулатура мен пластик қабылдап, сұрыптайды. Тек бір өкініштісі, ірі сауда орындары мен компаниялар шикізат жинауға құлық танытпай отыр. Әйтпесе, мұнайлы астанамызда қоқысты қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға басқалай кедергі жоқ.
Айтпақшы, «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамының деректеріне сүйенсек, аймақта рұқсат етілмеген 153 қоқыс үйіндісі анықталған екен. Оны жою үшін жергілікті бюджеттен қаражат та бөлінген. Бұл бағытта ашық электрондық байқауды жеңіп алған «Atyrau Steel Plant» серіктестігі аталған аумақты толықтай тазартыпты.
P.S.
Рас, «Таза Қазақстан», «Таза жағалау», «Дүниежүзілік тазалық күні» секілді акциялар тұрақты түрде өтіп тұрады. Бірақ, оған көбінесе тек студент жастар ғана атсалысып жатады. Сонда, төңіректің тазалығына басқалары бас қатырғысы келмей ме? Қалай болғанда да, сөз соңында Атырау – бәріміздің де ортақ үйіміз екенін ұмытпайық дегіміз келеді.