RSS лента

Шұғыл! Атыраулықтар да қымбатшылыққа қарсы шықты... (+видео)

  • 04.01.2022, 20:24,
  • 3 159
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Маңғыстаудағы митинг мұнайлы астана тұрғындарын да бей-жай қалдырмады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.


2 қаңтарда Жаңаөзен қаласында басталған сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық Маңғыстау облысының бірнеше қаласы мен Ақшұқыр, Құрық секілді ауылдарында да жалғасты.


Еске сала кетсек, жаңа жылдан бастап газ бағасы аяқ астынан 120 теңгеге дейін көтеріліп, екі есеге өскен болатын.


Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі түн ортасында твиттер парақшасында жазба қалдырды.


«Құрамында Президент Әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кірісті. Республикалық оперативтік штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелді. Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс» деп жазды ол.


3 қаңтарда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының жүргізушілерімен кездесіп, сұйытылған газ бағасын төмендетуге қатысты Үкімет қабылдаған шараларды түсіндірді. Айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі газ құю бекеттерінің (АГҚС) иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастап кеткен. Ал, әзірге Маңғыстаудағы АГҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында газ құнын 120-дан 85-90 теңгеге төмендету туралы шешім қабылдады.  

 

АТЫРАУДА ДА АЗАМАТТАР АЛАҢҒА ШЫҚТЫ


Маңғыстаулықтарға өзге өңір тұрғындары да қолдау көрсетті. Олардың арасында Атырау, Орал, Ақтөбе, Тараз және басқа да қалалар бар.

Мәселен, Атыраудағы Теңіз кен орнында жүздеген адам жұмысын тоқтатты. Талаптары – газ бағасын 60, тіпті, 50 теңгеге дейін төмендету. Әнұран шырқап, маңғыстаулықтарға қолдау білдірген жұмысшылармен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков тілдесуге тырысты. Бұған дейін де мұнда жұмыс жағдайы мен жалақы мәселесіне қатысты екі ереуіл өткен еді.


Ал, 4 қаңтар сағат 14.00 шамасында «Аламан» базарының маңында бас қосқан атыраулықтар кейін орталық Исатай-Махамбет алаңына жиналды. Жиналғандардың саны шамамен 5 мыңнан асады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында И.Тайманұлы көшесіндегі жол жабылды. Негізгі көшелер қанша жерден жабылғанымен, наразылық топтың қарасы қалыңдамаса, азайған жоқ. Тұрғындар тек газ емес, азық-түлік пен жанар-жағармай бағасын да арзандатуды талап етті. Тіпті, ортаға шыққан бір әйел полиция қызметкерлерін Ақтаудағыдай форманы шешіп, халыққа қосылуға шақырды.


– Күнделікті тамақпен бірге құрылыс материалдары мен коммуналдық төлемдер де күн сайын қымбаттап жатыр. Депутаттар мен әкімдер миллиондап еңбекақы алса, қарапайым еден жуушы 60 мың теңгеге күн көруде. Жағдайы төмен отбасылардың жағдайы одан да қиын. Мемлекеттен алақандай көмек алу үшін ондаған тексерістен өтетін олар әбден қажыды. Жалға берілетін үйлердің де сапасы сын көтермейді. Әлеуметтік төлемдер өспей жатып баға шарықтап үлгерді, - деп ашынды халық. 


Бұдан бөлек, Индер ауданының Өрлік ауылында да жүздеген адам бейбіт митинг ұйымдастырды. Аудан әкімі мәселені айқай-шусыз шешуге шақырғанымен, тұрғындар құр уәдеге тойып біткендерін алға тартты.


«Мен қарапайым кәсіпкермін. Қымбатшылық бәрімізге де кері әсерін тигізуде. Газ бағасын 50 теңгеге төмендетсін. Билік басындағылар бір шарасын алса екен» дейді Өрлік ауылының тұрғыны Сағат Сатқанов.


Сол сияқты, Құлсары қаласының тұрғындары да тыныш қарап қалмады. Жылой ауданы әкімдігі ғимаратының алдына жиналған олар жылдар бойы шешімін таппаған проблемаларды көтерді.


– Жергілікті халықтың көп бөлігі жұмыссыз. Себебі, отандық кәсіпорындар жұмысшыларды өзге елден алады. Амал жоқ, такси жүргізуге тура келеді. Бірақ, оған құятын газдың өзі қымбаттаса, қалай күн көруге болады? Оның үстіне, Теңіз кенішінде тағы да қысқарту болатыны айтылды. Сол зауыттардың экологиялық зардабын жергілікті жұрт тартып отыр, бірақ табысын шетелдіктер көруде, - деген белсенділерге аудан әкімі Халел Жамалов мардымды жауап қайтара аламады.


Алаңға жиналғандардың талаптарын тыңдау үшін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов те келді.

 

«QAZAQ OIL» МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ!


Ал, Qazaq Oil сайтында Маңғыстау облысында сұйытылған газды сатуға қатысты мәлімдеме жарияланды.

«Өңірдегі Qazaq Oil және ҚазМұнайГаз желісінің 19 автогаз құю станциясы сұйытылған газды ең төмен бағамен сатып келді. Сұйытылған газ құны көтерілсе де, Qazaq Oil жанармай бағасын Жаңаөзен қаласында 65 және басқа қалаларда 79 теңге деңгейінде сақтап қалды. Қорлардың шектеулі болуына байланысты жеке тұлғаларға жанармайды босатуға лимиттер енгізілуі мүмкін» делінген хабарламада.

 

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ МИТИНГ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРДЕ ЖАЛҒАСТЫ


Осы күні Орал қаласының белсенділері де «Дина» гипермаркеті тұрағындағы полиция қоршауын бұзып, халықаралық Самара-Шымкент автожолына өтті. Олар екі топқа бөлініп, жолшыбай өтіп бара жатқандарды шеруге қосылуға шақырды.


Тараз қаласы мен Сарысу ауданында да осындай көрініс орын алды. Орталық алаңға келген тараздық көпбалалы аналар жәрдемақы мен мемлекеттік көмек көлемін көбейтуді сұрады.


Түркістанның Бекзат ықшамауданындағы алаңға жиналғандар да елді жайлаған қымбатшылыққа қарсылық білдірді. Өз кезегінде шенеуніктер мәселені бір үстел басында отырып шешуге шақырғанымен, белсенді топ келіспеді.

 

ШЕРУШІЛЕРДІҢ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛДЫ


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Премьер-Министр құрған үкіметтік комиссия Маңғыстауда өз жұмысын бастады. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиынға Президент әкімшілігі, Энергетика министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, жергілікті атқарушы органдар, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері мен басқа да мүдделі тараптар қатысты.  


Үкіметтік комиссия Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңына жиналған белсенділермен кездесті. Онда Ақтау қаласының бастамашыл тобымен келіссөздер барысында қабылданған шешімдер жарияланды. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ әлеуметтік жауапкершілігі аясында Маңғыстау облысында сұйытылған газ құнын төмендету және литріне 50 теңге бағасын белгілеу туралы айтылды. Сондай-ақ, алаңда болған адамдарды жауапкершілікке тартпау туралы кепілдік берілді. Тараптар туындаған барлық мәселелерді сындарлы диалог аясында және қолданыстағы заңнама шеңберінде шешуге келісті.


Ал, әлеуметтік желіде тарап жатқан соңғы мәліметке сәйкес, сұйытылған газ бағасы 50 теңге деңгейінде қалып отыр.


Р.S.


Ертең, 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерінің, Президент Әкімшілігі қызметкерлерінің және басқа да жауапты органдар өкілдерінің қатысумен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізеді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбук парақшасында жазды.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости