– Мәуліт мерекесі қай кезден аталып өте бастаған?
– Адамзаттың ардақтысы, пайғамбарлардың ең соңғысы және ең мерейлісі мақтаулы тұлға Мұхаммед пайғамбар қазіргі жыл санауы бойынша 571 жылы 20 сәуірде, мұсылманша жыл санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні Меккеде дүниеге келген. «Мәуліт» сөзі туған күн деген мағынаны білдіреді. Бұл күнді мереке ретінде атап өту үрдісі һижридің IV ғасырынан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға ұмтылған. Яғни мәулітті ресми түрде тойлау Фатимилер мемлекетінде Муиз Лидинилләһ билік басына келген кезеңнен (972 ж.) басталғандығы айтылады.
– Мұхаммед пайғамбар бұл күнге көңіл бөлген бе? Соңғы пайғамбар өмірге келгенде ерекше оқиғалар болған ба?
– Дүйсенбі күні нәпіл ауыз бекіту (ораза) себебін сұрағандарға «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті» деп түсіндіргені айтылады. Соңғы пайғамбардың дүние есігін ашуы расында көңіл бөлуге тұрарлық. Ол туралы Ибраһим пайғамбар дұғасында тілеп, Иса пайғамбар сүйінші хабар айтқан. Атасы Абдулмутталиб пен анасы Әмина түс көрген. Піл оқиғасында Пайғамбар туралы хабар берді. Туған түні ирхасат деп аталатын бірқатар тосын жағдайлар орын алды. Нақтырақ айтсақ, әлемнің шығысы мен батысын жарыққа бөлеген бір нұр байқалған. Сауа көлі бір демде тартылып, отқа табынушылар мың жылдан бері табынып келе жатқан от еш себепсіз өшіп қалған. Атасы Абдулмутталиб жаңа туған нәрестеге «Мұхаммед» деп ат қойып, «Жерде де, көкте де мақтаулы тұлға болуын қаладым» деп түсіндірген.
– Пайғамбардың әлемдерге рақым етіп жіберілуін қалай түсіну керек?
– Құран Кәрімнің «Әнбия» сүресінің 107-аятында «Біз сені әлемдерге рақым ретінде жібердік» делінеді. Бұл түсіне білгенге пайғамбардың ұлы миссиясының бірі – рақым, мейірім, жанашырлық, аяушылықты дәріптеу болғанын аңғартады.
Алланың Елшісі әлемде мейірімділікті жаюды өзі өмір сүрген қоғамнан бастады. Қыз балаларды шімірікпей жерге көму әдеттеріне тыйым салды, ұл мен қыздың арасын алаламауға шақырды. «Жұмақ – аналардың табанының астында» деп аналарды құрметтеуді дәріптеді. Ата-ананы бірдей сыйлап, үйдегі қызметшілерге дейін адамгершілікпен қарауды үндеді. Тіпті жан-жануарларға да аяушылық жасауды тапсырды. Қоғамдағы жетім-жесір, жарлы-жақыбайларға қарасып, науқастардың халін сұрап тұрды. Мұның барлығы оның рақымдылық жаршысы екенін айғақтайды. Осы себепті мұсылмандар адамгершілік үлгілі мінезді пайғамбарымыздан үйренуі тиіс. Бұл тұрғыда ол үлгілі тұлға болып есептеледі. Ал, пайғамбарды сүйе білу үшін өмірі мен өнегесі туралы жазылған кітаптарды көбірек оқу керек.
– Әдебиеттерде Пайғамбарымыздың болмыс-бітімі қалай сипатталады?
– Тарихта өте көп зерттелген тұлға ол ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз еді десек қателеспейміз. Өйткені ол кісі туралы деректер толығымен жеткен. «Хилия» мен «Шәмәил» кітаптарында бұл тұрғыда мынадай мәліметтер келтіріледі. Орта бойлы. Семіз де емес, арық та емес. Денесі тершең, бірақ үстінен хош иіс аңқып тұратын. Жылдам және алға сәл иіле жүретін. Бір жаққа қараса, тұтас денесімен бұрылатын. Жан-жағына атүсті мойын бұра бермейтін. Әрқашан жүзі күлімсіреп тұратын. Сөйлегенде түсінікті етіп, анық сөйлеген. Кең маңдайлы, қасы қою, көзі қара, кірпіктері ұзын, бет-әлпеті толған айдай нұрлы, дөңгелек жүзді, сақалы тығыз. Толқын шашы қатты бұйра болмаса да, ортасынан қақ бөлініп иығына жетер-жетпестей төгіліп түсіп тұратын. Кең иықты, кеуделі. Алақаны жұмсақ. Жауырынында пайғамбарлық мөрі болған және т.б. ерекшеліктері жетіп артылады.
– Мұхаммед пайғамбар туралы мұсылман ғалымдар мен өзге дін өкілдерінің де айтқандарынан мысал келтіре кетсеңіз?
– Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың адамзат тарихында жасаған ұлы өзгерісін, адами биік тұғырын орынды бағалай білген батыстық қайраткерлер де болғаны белгілі. Айталық, неміс ақыны Гетенің мынадай сөзі бар: «Біз, Европа халықтары, мәдениетіміз айрықша дамығанымен, Мұхаммедтің ұлылығының ең төменгі баспалдағында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Бұдан кейін де одан ешкімнің аса алмасы анық». Түркі даласының ділмар тұлғалары да пайғамбарымызды дәріптеуге жырларын арнады.
Даланың дара данагөйі Абай атамыз пайғамбардан үлгі-өнеге алуға шақырып: «Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ» деген болатын.
– Мұхаммед пайғамбар жеткізген Құран кітап өз шындығын әлі күнге дейін дәлелдеп келеді. Тіпті ғылым да Құранды құптайды делінеді. Осы туралы нақты мысалдар бар ма?
– Ардақты пайғамбарымыз үмметіне Құран кітапты аманаттап қалдырды. Осы Құран кітап дәуірлер ескірген сайын жаңарып келе жатыр. Ондағы ақиқаттарды әр ғылым саласының майталман мамандары мойындау үстінде. Құранда ғылыми шындықтар көп. Бірнешеуін атап кетер болсақ, теңіздердің бір-біріне араласпауын келтіруге болады. Құранның «Рахман» сүресінде: «Алла Тағала екі теңізді ағызды. Олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір-бірімен араласпайды» делінеді. Мұхит зерттеушілері Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының қабысқан жерінен осы шындықты анықтады. Қатар түйісіп тұрған теңіз суларының тығыздықтарының әртүрлі екені, екі теңіздің суын бір-біріне араластырмай, ортада көрінбейтін бір перде бардай әсер қалдырған. Бұл расында таңғаларлық. Себебі, жетінші ғасырда физика ғылымы, суасты зерттеулері, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер әлі қолға алынбағаны белгілі. Тағы бір мысал – ол жердің домалақтығы.
– Мәуліт мерекесінде не істеу керек?
Елімізде жыл сайын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен өкіл имамдардың ұйымдастыруымен әр өңірде арнайы Мәуліт кештері ұйымдастырылып жүр. Әрине, бұл күнге белгіленген арнайы құлшылық түрі жоқ. Дегенмен қарапайым бұқара жұрт Құран оқып, Пайғамбарға салауат айтып, нәпіл намаздар оқып, зікір, дұғаларын көбейтіп, күнә-қателіктері үшін Алладан кешірім тілесе, жетім-жесірлерге көмектессе, қайырымдылық шараларына қатысып, осы секілді ғибадат түрлерін орындаса сауапты болары сөзсіз.