Бүгінде коронавирусқа қарсы екпелердің жүкті әйелдердің ағзасына тигізер әсері әлі зерттеліп жатыр. Дегенмен, қазірдің өзінде ғалымдар жүктілік кезінде салдырған вакцинаның шаранаға еш зияны жоғын айтады. Сонымен пандемия кезінде жүктілікті қалай жоспарлаған абзал?
Ковидке қарсы екпелердің ана мен бала денсаулығына әсері әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан пандемия кезінде жүктілікті жіті жоспарлаған абзал. Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин осындай пікірде. Профессордың айтуынша, вакцинаны бала көтергенге дейін кемінде бір ай бұрын салдырған дұрыс.
Вячеслав Локшин, Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті:
– АҚШ пен Израильде «Пфайзер» сынды коронавирусқа қарсы вакцинаны жүктілік кезінде салып, клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ресейде де «Спутник V» вакцинасын аяғы ауырларға сала бастады. Бірақ Қазақстанда әлі салмайды. Егер де вакциналар сынақтан сәтті өтіп, тұмауға қарсы екпе сияқты зиянсыз екенін дәлелдесе, онда алдағы уақытта салдыруға рұқсат берілетін шығар. Бірақ дәл қазір вакцинаны жүктілікке дейін толықтай салдырған дұрыс. Әсіресе ЭКО әдісімен бала сүюге ниетті жандар сақтық үшін екпенің қос компонентін алдын ала салдырғаны жөн. Ал бала көтергенін білмей, екпе салдырған келіншектердің алаңдауына негіз жоқ.
Отандық QazVac екпесін жасауға атсалысқан вакцинолог-иммунолог ғалым Леспек Құтымбетовтың айтуынша, вакцина шаранаға еш зиянын тигізбейді.
Леспек Құтымбетов, аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі:
– Себебі бұл вакцина жатырдың ішінде жатқан баланың жатырдың ішінен ары қарай, мынау серігі дейді, одан әрі өте алмайды. Ол тек ғана қан құрамында, өкпе сияқты ағзасын басқа бөліктерінде болады да, иммунитеттің пайда болғанына әсерін тигізеді. Жүкті болуға, жүкті болғаннан кейін әйтпесе жүкті болып жүрген кезде аяғы ауыр келіншектер одан еш қорықпай-ақ қойса болады.
Леспек Құтымбетов келтіргендей, QazVac пен Hayat-Vax-ты әзірлеу технологиясы ұқсас: екеуін де вирусты өлтіріп барып дайындайды. Демек, Hayat-Vax салдырғаннан кейін екі жылға дейін бала көтеруге болмайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де теріске шығарып отыр.
Ержан Байтанаев, ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
– Бүгінгі күні біздегі вакцина шығарушы мемлекеттердің нақты дәлелденген ақпаратында екі қабат әйелдерге салынған кезде кері әсерлері жоқ деп берді. Сол себепті ол ақпаратты біз теріске шығарамыз. Десе де, вакцинаны жүкті әйелдерге салмаудың өзіндік себебі бар. Бұған дейінгі клиникалық сынақтарда аяғы ауыр келіншектер есепке алынбаған еді. Ал қазір вакцина өндірушілер жер-жаһанда тиісті зерттеу жүргізіп жатыр. Егер олар оң нәтиже көрсетсе, Қазақстанда да аяғы ауыр келіншектерді вакциналау мәселесі қарастырылуы мүмкін.