Ал, тұтынушының әрекетін әркез заң қолдай бере ме? Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғайтын арнайы заң бар. Дегенмен қандай да бір тауарды сатып алмас бұрын, «жеті рет өлшеп, бір кескен» жөн. Әбден ой елегінен өткізіп барып, қажетті затына қол жеткізген адамның еш өкініші болмайды. Себебі, тұтынушы тауардың барлығын бірдей кері қайтара алмайтынын естен шығармағаны дұрыс. Қайтаруға болмайтын тауарлар қатарына іш киімдер мен шұлықтар, метрлік өлшеммен берілетін тауарлар, ұялы байланыс құрылымдары, жануарлар мен өсімдіктер кіреді.
Айталық, Атырау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әли Уәлиевтің айтуынша, жыл басынан бері тұрғындар тарапынан 237 арыз түскен.
– 137 арызға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 72-сіне толықтай жауап берілді. Ал, 2 миллион 210 мың 343 теңге тұтынушыларға кері қайтарылды. Әйтсе де, 23 арыз департаменттің құзыретіне жатпайтындықтан, тиісті органдарға жолданды. Атап айтқанда, тұтынушылардың бірі «Tsusho Kazahstan Avto» автосалонынан жаңа автокөлік сатып алып, кейін көліктің капотындағы ақауларды байқаған. Мәселе оңай шешілмеген соң бізге жүгінді. Департамент «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30 бабының 2 тармағын басшылыққа ала отырып, ол азаматқа тиісінше көмек көрсетті, яғни автокөлігі жөнделіп, 500 000 теңге көлемінде шығыны өндірілді, – деді Ә.Уәлиев.
Соңғы уақытта интернет-дүкендер мен әуе жолдарының билеттерін сататын сайттардың қызметіне байланысты алаяқтық жағдайлар да көбейіп кетті. Департамент басшысы алаяқтар ықтимал құрбандарды бірінші кезекте негізсіз төмен бағалармен қызықтыратынын ескертті.
– Тауарларға тапсырыс беру кезінде алаяқтар «жедел төлем» терминалы арқылы виртуалды әмиянға ақша салу арқылы алдын-ала төлем жасауды сұрайды. Әрі қарай, дүкен бірнеше күн бойы сылтау айтып, сізге тауарды тез жеткізіп беруге уәде береді, содан кейін ол із-түзсіз жоғалады немесе сапасыз өнімді жібереді. Мұндай сайттардың мақсаты – қысқа мерзім ішінде адамдарды неғұрлым көбірек сан соқтыру.
Бүгінде интернет-сайт құру бірнеше минуттық шаруа. Сондықтан, жұмысты тоқтатқаннан кейін көп ұзамай-ақ сайт басқа мекен-жайда, басқа дизайнмен және басқа атпен қайта жанданады. Тауарды алдын-ала төлеммен сатып алғысы келген адам сапалы қызмет көрсететін интернет-дүкендердің сол бойда ақша аударуды талап етпейтінін ұмытпауы тиіс. Сенімді болу үшін алдымен ғаламторда дүкен туралы ақпаратты іздеңіз, оның нарықта қанша уақыт болғанын көріңіз. Егер ірі немесе танымал компанияның веб-сайтымен жұмыс жасасаңыз, олардың мекен-жайы сіздің браузеріңіздің мекен-жай жолағында дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз. Қажет болса, дүкен әкімшілерінен заңды тұлға туралы ақпарат беруін сұраңыз, оны салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалар тізімі арқылы тексерген дұрыс. Ал, сатып алған тауарға көңіліңіз толмаса талап қоюға болатын мекен-жайды білетініңізге көз жеткізу керек, – деді департамент басшысы.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау, консультативтік кеңес беру мақсатында әлеуметтік желілерде парақшалар мен байланыс телефондары жұмыс жасаса, жыл басынан бері 117 тұтынушы телефоны арқылы консультативтік кеңес алған. Егер тауарды сатып алу немесе қызмет көрсету барысында қандай да бір мәселе туындаса, Атырау қаласы Азаттық көшесіндегі 31а мекенжайындағы департаментке баруға немесе 32-10-36 байланыс телефонына хабарласуға болатынын қаперге береміз.