RSS лента

Тауарды кері қайтаруға бола ма?

  • 29.04.2021, 18:18,
  • 671
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлем Уалиевтің баяндауынша, Сауда және интеграция министрлігінің жанындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті негізінен екі міндетті жүзеге асырады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Оның біріншісі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету болса, екіншісі – осы бағытта мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру. Бүгінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Мəселен, енді тұтынушы мен сатушы арасында қандай да бір мəселе туындаса дауды сотқа жеткізбей, медиация арқылы шешуге болады. Осы əдіс соңғы кездері жиі қолданылып жүр.

 

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сұрақтар бойынша сотқа дейінгі, соттан тыс жəне соттық реттеу институттарын жан-жақты дамыту, олардың қызметтерін белсенді түрде жүзеге асыру қолға алынған. Осы мақсатта Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Атырау қалалық соты жəне «Халықаралық құқық қорғау орталығымен» үш жақты меморандумға қол қойған болатын. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бүгінге дейін 98 арыз келіп түскен. Олардың 63-іне қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, 19 арызға толықтай жауап берілген. Осы орайда 1 млн. теңгеден астам ақша тұтынушыларға кері қайтарылғандығы белгілі болып отыр.

 

Былтыр елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі e-tutynushy.kz сервистік платформасы іске қосылған еді. Ол өтініштерді жедел қарауға жəне заңнама ережелерін мезгілінде түсіндіруге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, департамент тұтынушылардың құқығын қорғауда заң жүзінде кеңес беретін «қоғамдық бақылау» жобасын жасақтапты. Қазір оны мемлекеттік əлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асыру көзделуде. Дегенмен жұртшылықтың жиі қоятын сұрағы бар. Ол сатып алынған затты тұтынушы қандай жағдайда кері қайтара алатындығына қатысты.

 

Тұтынушы құқығы əркез қорғалады. Сондықтан, тұтынушыға ұнамай қалған, пайдаланылмаған жаңа тауар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сəйкес, 14 күннің ішінде кері тапсырылуға жатады. Бір ескерерлігі, бұл жерде кері қайтарылған тауардың қорабы немесе орамасы кəсіпкер кері сата алатындай жағдайда болуы тиіс. Сонымен қатар, тұтынушы осы тауарды өзге тауарға ауыстыруға да құқылы. Ал егер сатушы кері əкелген тауарды қайтарып алудан бас тартса, тұтынушы кəсіпкерге жазбаша наразылық шағым түсіруі керек. Ал жоғарыдағы Заңның 42-бабының 4-тармағына сəйкес сатушы арызға 10 күннің ішінде жауап қайтаруы тиіс. Егер тұтынушыға жауап қайтарылмаса, онда Атырау қаласы Азаттық, 31 А мекен-жайында орналасқан (32-10-36 байланыс телефоны) өңірлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдана алады, – деді департаменттің бас маманы Гүлбаршын Сұлтанова.

 

Оның айтуынша, түскен шағымдардың 25 пайызы консултативтік орталыққа түссе, 25 пайызы қауырт желі телефоны арқылы келген. Ал арыздың жартысы жазбаша жазылыпты. Гүлбаршын Иванқызы қайтарылуға жатпайтын тауар түрлері болатындығын да жеткізді. Оларға дəрілік жəне медициналық бұйымдар, шұлықтар жəне ішкі киімдер, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар (кабель, мата, сым, перде, кенеп, тоқыма заттар) жатады екен.

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости