RSS лента

САРАПТАМА: Коронавирустан қорғанудың жолы қандай?

  • 13.04.2021, 02:10,
  • 544
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Сәуле МАҒАУ

Беті қайта қоймаған коронавирус күнделікті тірліктің сыйқын кетірді. Басқаны айтпағанда, тіпті алып державалардың экономикасы әлсіреп, тұрғындарының тұрмыс деңгейі төмендеді. Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия салдарынан жер бетіндегі 20-дан астам елге ашаршылық қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Осылайша бұл вирус адам шығынына ғана әкеліп қоймай, тұтас елдерді тұралатып отыр. Ал осындай жағдайда халқымызды қауіптен қорғап қалудың жолы қандай? Әдетте «Баламның табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» деп әлпештейтін ата-аналар перзенттерін пандемиядан сақтай ала ма?

 

Ананың көңілі балада...

 

Жатса-тұрса «Иә, Алла балаларымның жамандығын көрсете көрме!» деп тілейтін ананың сөзін құлағына сіңіріп өскен перзенттің біріміз. Есейе келе бала атаананың бауыр еті екенін түсіндік. Елімізде коронавирус пайда болғалы бері әке-шешенің қорқынышы еселей түскендей. Балаларының денсаулығы үшін алаңдап, суықтап сырқаттана қалса да «Вирустың белгілері емес пе екен?» деп күдік пен белгісіздіктен бас ауыртатын болды. «Ковидті балалар жеңіл өткереді» деген болжам бар.

 

Алайда, дәрігерлер «британдық» штамм жастарға қатты әсер ететінін айтып дабыл қағып жатыр. Ел бойынша 1 қаңтардан бастап 18 жасқа дейінгі 12 862 бала коронавируспен ауырған. Атырауда да мыңнан астам бала қатерлі індеттің құрығына ілігіп отыр. Ал, вирус ешкімді топқа, тапқа бөлмейді. Салғырттық танытқанға тап береді. Оған Instagram парақшасындағы Сербия президенті Александр Вучичтің мына сөзі дәлел болғандай: «Менің тұңғышым коронавирус жұқтырған, ол инфекциялық аурулар емханасына жатқызылды. Балам, сен дертті жеңіп шығасың. Әкең сені жақсы көреді, бәріміз жақсы көреміз!»...  

 

Жақыныңа жанашыр бол!

 

Біз сөйлескен Айжан Нығметова былтыр бір жастағы баласымен ауруханаға жатқан болатын. Ол өзінің басынан өткен жағдайды баяндап берді.

 

– Ойымызда ештеңе жоқ, жазда 4 баламды алып, ауылда тұратын төркініме барған болатынмын. Бар ойым көптен көріспеген анам мен әкемді бір көріп, сағынышымызды басу еді. Менің келгенімді естіп қыздарын алып сіңлім де келген. Оның кішісі ауырыңқырап жүр екен, әлсін-әлсін іші өтіп, тым мазасыздық танытты. Солай екеуміз ата-ананың шаңырағында екі күн болдық. Сол уақыт аралығында бір жастағы балам ауыра бастады. Құсып, диарея белгілері байқалып, дене температурасы көтерілді. Әдеттегідей емес, дәрілерге бағынбады.

 

Жағдайдың жақсы еместігін іштей сездім де дереу қалаға келіп, облыстық балалар ауруханасына бардым. Кіммен байланыста болғанымызды, баламның неше күн ауырғанын сұраған дәрігерлер бізді оқшаулау бөлмесіне салды. Бұл елде тыныс алу құрылғылары мен дәрілер жетіспей, дүрбелеңге түскен уақыт болатын. Келесі күні-ақ вирусты анықтайтын тест тапсыртып, ол оң нәтиже көрсетті. Аурухананың аядай бөлмесінде баламды ойлап, әбден мазам кетті. Бізге дәлізге шығуға да рұқсат етілмеді. Жаз мезгілі болғанымен ауа жұтып, серуендей алмадық. Сондағы қиналғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Алла қолдап, балам жазылды. Ендігі айтпағым, пандемия кезінде өзге жер емес, туған үйіңе де баруға болмайтынын кеш түсіндік. Көп кісі жиналса мына вирус өршіп кетеді екен. Басымнан өткен жағдайды жауыма да тілемеспін. Жаным перзентімнің үстінде, «сен аман бол, құлыным!» деп тілеумен болдым, - деді Айжан.

 

Ол осындай жағдайда отбасының, жақын жандардың қолдауы аса маңызды екеніне тоқталып, «балалары вирус жұқтырған ата-аналармен психологтар да белсенді жұмыс істесе екен» деген ұсынысын жеткізді. Айжанның сөзінің жаны бар, қиындықпен бетпе-бет күресу ешкімге де оңай емес. Мұндай сәтте дәрігерлердің ғана емес, моральдық тұрғыда қолдау көрсететін отбасыңмен қатар психолог мамандар жаныңда болғаны дұрыс. Өйтпеген жағдайда ауру үстіне ауру жамап, адамдар депрессияға түсуі әбден мүмкін. Мұны мамандар да жоққа шығармайды. Бәлкім «Жылы киім тәнді жылытар, жылы сөз жанды жылытар» демекші, бір ауыз жағымды сөзіңіз қауіптің бетін қайтаруға себепші болар.

 

Тазалық – денсаулық кепілі

 

«Балаңыздың денсаулығы мықты болсын десеңіз, онда ең алдымен жеке бастың тазалығын сақтауды үйретіңіз». Бізбен жолыққан облыстық №2 инфекциялық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Надя Ерғалиева да осылай дейді. – Коронавирусты жұқтыру ересектерге қарағанда балалар арасында сирек кездеседі. Ауруханада 45 бала емделіп шықса, диарея белгілерімен түскен бір жастағы бала ем қабылдап жатыр. Қазір жағдайы жақсарды, бірер күнде үйіне жіберіледі.

 

Жалпы балалар арасында вирус жұқтыру белгілері – құсу, іші өту, дене қызуы көтерілуі арқылы байқалады. Ауруханада ем алу уақыты екі апта, яғни 14 күн. Осы уақытта кішкентайдың жағдайы жақсарса ем шарасын тоқтатамыз. Бұл вирустың нақты емі болмағандықтан, бала ауруханаға қай жері ауырып түссе, сол бойынша клиникалық ем жүргізіледі. Мәселен, диарея болса, соның емі жасалады. Ал екпе әзірге балаларға салынып жатқан жоқ. Індетті вакцинасыз жеңу мүмкін емес болғандықтан, алдағы уақытта оларға да салынатын болуы керек.

 

– Біз бұған дейінгі вирусты гепатит, оба, сүзек, қызылша және басқа да жұқпалы дерттерді тек вакцинаның көмегімен жеңген болатынбыз. Оның нәтижесінде халық арасында сары ауру, күл ауруы секілді жұқпалы індеттер жойылды. Оба пандемиясынан да екпе ғана құтқарды, мұны алдыңғы толқын өкілдері жақсы біледі. Сондықтан адамдар бірауыздан екпе алуы керек. Өзім алғашқылардың бірі болып салдырдым. Денсаулығыма кері әсері болмады. Соның арқасында бүгінде еш қорықпастан вирус жұқтырғандарға ем-дом жүргізіп жатырмын, - дейді дәрігер.

 

Ол сондай-ақ ата-аналарды аса сақ болуға шақырып, көпшілік орындарға балаларды ертіп бармауға кеңес берді.

 

«...Ауырмаудың жолын ізде»

 

– Айтпағым ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керек. Ол үшін таза жүру, санитарлық талаптарды орындау маңызды. Балаңызға ең алдымен қарапайым ғана қол жуу ережесін үйретіңіз. Балаға бір көрсетсеңіз оны жаттап алады. Уақытылы суға түсіріп, жеке бас гигиенасын сақтауға мән беріңіз. Коронавирусты балалар жеңіл өткергенімен, бұл жағдайдың тұрақты болатынын білдірмейді. Сол үшін сақтық қажет. Кейде көз алдымызда науқастар қиналып жатқанда біз де шарасыз күйде боламыз. Әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға қатты әсер етеді. Қант диабеті, гипертония (қан қысымы жоғары болу), жүрек жетіспеушілігі сынды дерттері бар сырқаттар аса сақ болуы қажет, - деген облыстық №2 инфекциялық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары адамдарды абай болуға шақырды.

 

Анықтап білгеніміздей, модульдік типтегі жаңа ауруханада науқастарға 15 дәрігер-инфекционист, реаниматолог қызмет етеді. Олар – инфекциялық ауруларды емдеу үшін алдын ала толық дайындық курстарынан өткен білікті дәрігерлер. Ауруханада 320 орын болса, оның 40-ы балаларға, 30-ы жүкті әйелдерге арналып дайындалған.

 

ТҮЙІН:

 

Әдетте «Бірінші байлық – денсаулық» деп жалаулатқанымызбен, саулықтың қадірін енді ғана біле бастағандаймыз. Әсіресе халыққа қырғидай тиген коронавирус сақтанған жаннан ғана аулақ жүретінін ұғындырды. Соның ішінде балалардың денсаулығына салғырт қарау үлкен қателік екенін түсіндік. Дені сау ұрпақ – жарқын болашағымыз болса, адамның денсаулығы – қоғамның байлығы. Ата-ананың бүгінгі тілегі бір, ол – баланы вирустан қорғау. Ал ол әр отбасының өз қолында. Бастысы – санитарлық талап сақталуы керек. Мұны әркім өзінен бастағаны жөн. Себебі, бала естігенін емес, көргенін жасайды.

 

***

 

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, Денсаулық сақтау министрлігі санитарлықэпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:

 

– НАУРЫЗДА ІНДЕТКЕ ШАЛДЫҒУ 5 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН. АУРУ ЖҰҚТЫРУДЫҢ ӨСІМІ ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА БАЙҚАЛЫП ОТЫР. БҰЛ ЖАҒДАЙДЫҢ ӨЗІНДІК СЕБЕБІ БАР, ӨЙТКЕНІ 1 НАУРЫЗДАН ТЕК 1-5, 9-11 СЫНЫП БАЛАЛАРЫНАН БӨЛЕК, БАСҚА ДА СЫНЫПТАРҒА ОҚУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛДІ. СОНЫМЕН БІРГЕ БІЗДІҢ ӨҢІРЛІК ДЕПАРТАМЕНТТЕР БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАЛАРЫМЕН БІРЛЕСЕ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ БОЙЫНША ҚАДАҒАЛАУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ЖАТЫР. БҰЛ РЕТТЕ МЕКТЕПТЕРДЕ БАЛАЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ АРТУЫ СЕБЕБІМЕН ТҮСІНДІРУГЕ БОЛАДЫ. ТАҒЫ БІР ЗЕРТТЕУ МӘЛІМЕТІНЕ ТОҚТАЛҒЫМ КЕЛЕДІ, «БРИТАНДЫҚ» ШТАММ ЖАСТАРҒА ҚАТТЫ ӘСЕР ЕТЕДІ. ЯҒНИ ЖАСТАР БАСТАПҚЫ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРАҒАНДА, АТАЛҒАН ШТАММЕН ЖИІ АУЫРАДЫ.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости