Әлеуметтік желілердегі осындай ақпараттар адамдарды әбігерге түсіре бастады. Әлем елдеріндегі жағдайға алаңдаған жұртшылық «Біздегі жағдай қалай болмақ?» деп елеңдеп жүр. Ал шындығында елдегі эпидахуал қандай? Былтырғыдай жұмыс тоқтап, тағы да адамдар үйде отырып қалмай ма? Екпе кімдерге салынуда? Жалпы алдағы жағдайдың болжамы қандай?
Елді дүрліктірген індет
Б е л г і с і з і н д е т т і ң б ү к і л д ү н и е ж ү з і н дүрліктіргеніне бір жылдан асты. Бұрынғы тірліктің қадірін біліп, бұлыңғыр күнге де етіміз үйрене бастағандай. Ал, коронавирус біздің елді де айналып өтпеген болатын. Бүгінде Қазақстанда індет жұқтыру көрсеткіші азаймай отыр. Соңғы 2 аптада ірі мегаполистер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны еселеп артқан. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 1,5 есе өскен. Бұл туралы осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Індет жұқтырудың 56 пайызы Алматы тұрғындарына тиесілі болса, ақпан айында бұл қалада тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 500 жағдай тіркелген. Иә, күннен күнге вирус жұқтырғандардың саны артып келеді. Соның ішінде Атырау облысы «қызыл аймаққа» енді. Бұл пандемиядан аман қалудың, яғни, қорғанудың бір ғана жолы екпе екені белгілі. Дегенмен вакцина салдыруда оның тиімділігіне күмәнмен қарайтындар да аз болмай тұр. Екпеге ғана емес, вирустың барына сенімсіздік танытатындар да арамызда жетіп артылады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтпақшы, «вирустың қауіптілігіне сенбейтін адамдар бар. Олар үйлену тойларын, банкеттерді жеке үйлер мен коттедждерде өткізуді жалғастырып келеді». Иә, алып-қосары жоқ, бүгінгі ахуал дәл солай.
«Қытайлық екпе» жеткізілді ме?
Ел арасында айтылып жатқан «Қытайдан екпе жеткізілді» деген ақпарат жалған болып шықты. Брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният бұл алып-қашпа әңгімеге нүкте қойды.
– Қытай вакцинасы елімізге әлі келген жоқ. Қазақстанға жеткізілген кез-келген дәрі-дәрмек немесе вакцина бірінші кезекте министрліктен рұқсат алуы керек. Преператтар тексеріліп, оның тиімділігі мен қауіпсіздігі назарға алынады. Бүгінде қытайлық немесе басқа вакцинаға қатысты барлық өндірушілермен қазір келіссөздер жүріп жатыр, – деді ол.
Екпе мәселесіне ерекше тоқталған Денсаулық сақтау министрі болса сәуір айынан бастап Қазақстан бойынша коронавирусқа қарсы екпе салудың түрлі пунктері іске қосылып, тұрғындарды кеңінен қамту көзделіп отырғанын баяндады. Сондай-ақ алдағы айдан бастап тұрғындар өздерінің тіркелген жері бойынша емханаларға барып, екпе салдыра алады.
– Сәуір айында елімізге 2,5 млн. доза вакцина жеткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Өзге елдердегі секілді бастапқыда халық екпені сақтықпен, күдікпен салдыра бастады. Алдыңғы лекте дәрігерлер, педагогтер екпе алған болатын. Бұл өз кезегінде тиісті әсерін берді, адамдардың вакцинаға сенімі арта бастады. Қазір өз еркімен екпе салдыруға ниетті адамдар көбейген. Бүгінде бірінші компонент 131 170 адамға егілсе, 22 ақпаннан бастап екінші компонентті егу басталды. 32 482 адам вакцина алғанымен, оларда жағымсыз реакция байқалған жоқ. Екпе жұмысы вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы екенін еске саламыз. Осыған байланысты қазақстандықтарды екпе салдыруға шақырамын, – деді министр.
Вакцина қазақстандықтарға тегін салынады. Оны ақылы жүргізуге ресми түрде рұқсат етілмеген. Егерде ел аумағында екпенің сатылуы жағдайы анықталса, тұрғындар бұл туралы міндетті түрде хабарлауы керек. Министр де осыған мән беріп, көпшілікті құлаққағыс етті.
Балалар арасында ауру белең алуда
Өткен жылдың шілде айында «балалар жаппай ауыруы ықтимал» деген болжам айтылған. Соған байланысты сақтық шаралары да күшейтілген еді. Айтқандай, біртіндеп вирус жұқтырған балалардың көбейе бастағаны белгілі болды. Мұны мамандар да жоққа шығармауда. Мәселен, биыл елімізде 18 жасқа дейінгі 12 862 бала коронавируспен ауырған.
Балалар арасында індетке шалдығу себебін Денсаулық сақтау министрлігі санитарлықэпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова былайша түсіндірді: – Наурызда індетке шалдығу 5 пайызға артқан. Ауру жұқтырудың өсімі оқушылар арасында байқалады. Бұл жағдайдың себебі – 1 наурыздан 1-5, 9-11 сынып балаларынан бөлек, басқа да сыныптарға оқуға рұқсат берілуінде. Сонымен бірге біздің өңірлік департаменттер білім беру басқармаларымен бірлесе отырып санитарлықэпидемиологиялық талаптардың орындалуы бойынша қадағалауды қамтамасыз етуде. Тағы бір зерттеу мәліметіне тоқталғым келеді, «британдық» штамм жастарға қатты әсер етеді. Яғни кейінгі толқын өкілдері бастапқы коронавирусқа қарағанда, аталған штаммен жиі ауырады, – деді ол.
Атырауда пандемия басталғалы бері 19 жасқа дейінгі 1044 бала вирус жұқтырған. Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Гүлнәз Ербатырова соңғы аптада мектеп оқушылары арасында коронавирус жұқтырудың 30 жағдайы тіркелгеніне тоқталды. Оның 25-і қашықтан оқитындар болса, 5-уі мектепке барып оқитын, үй жағдайында науқас адамдармен жақын қарым-қатынаста болған оқушылар.
Дерт дендеп барады
Дерттің дендеп бара жатқанын ешкім де жасырмайды. Керісінше, одан сақтану мақсатында ақпараттар ашық айтылып, көпшілікке жеткізілуде. Соған қарамастан кейбір адамдар тығылып той жасап немесе заңдылықтарды сақтамай, әрекет етуде. Ал, жауапты мамандар соңғы күндері жағдайы ауыр науқастардың саны артқандығын айтып отыр. Одан да сорақысы, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы жүргізген зерттеулер Қазақстанда «британдық», «оңтүстік африкалық», «бразилиялық» штамының мутациясы болып саналатын коронавирустың өзге түрлері анықталған. Бұл жағдайдың қиындай түскенін байқатса керек.
– Зерттеу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысынан өзге өңірлерде «британдық», «оңтүстік африкалық», «бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталды. Алматы қаласында науқастардан алынған ДНК-ның секвенирлеу нәтижесі бойынша «британдық» және «оңтүстік африкалық» штамының айналымы белгіленген, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Түйін:
Қазіргі мезгіл жайбарақат отыратын уақыт емес. Министрдің өзі мутацияланған вирустың адамдарды ауыр жағдайға душар етіп жатқанын көпшілікке жеткізді. Күні кеше Наурыз тойын тойлап, бір-біріне қонаққа барып, арқа-жарқа болған халық бүгінде үлкен қауіптің алдында тұр. Адамдар жиірек араласа бастаса, коронавирустың күш алатынын осыдан-ақ аңғаруға болар еді, әттең!.. Қарапайым сақтық шараларына да мән бермейтіндер әлі көп. Олар өз өміріне төнген қауіпті түсінгісі келмейтіндей. Кейде «көп елдердің қолы жетпей жатқан екпені де елегісі келмейтін жандардың ертең-ақ өкінбесіне кім кепіл?» деген ой келеді. Иә, КОВИД қателікті кешірмейді. Ойланайық, халайық!..