Биыл – ерекше жыл. Себебі, 2019 жылдың қаңтар айында сайланған сайлау комиссиялары мүшелерінің бес жылдық мерзімдері аяқталып, биыл құрамдар жаңадан сайланды және олар 2024 жылдың қаңтар айынан бастап қызметтеріне кірісуде. Атап айтқанда, 2019-2024 жылдар аралығы еліміздегі саяси-қоғамдық жаңартудың кезеңі болғанын білеміз. Саяси мемлекеттік басқару жүйесінде реформалар, өзгерістер орын алды. Әріптестерім – сайлау комиссияларының мүшелері 2019 жылдан бері 2 рет Президент сайлауын, 2 рет Парламент Сенаты сайлауын, 2 рет Парламент Мәжілісі сайлауын, 2 рет барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын, 1 рет республикалық референдумды, 2 рет аудан әкімдерінің сайлауын, 105 ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын (оның ішінде 60-ы – тікелей) ұйымдастырып, өткізді. Бұл сандар айтуға оңай болғанымен, оны іске асыру бірлескен еңбек пен мол тәжірибені талап ететіні сөзсіз.
Осы ретте 2020-2022 жылдардағы COVID-19 пандемиясы кезінде сайлау шараларын ұйымдастыру ең қиын кезең болғанын айта кетейін. Бүгінгі таңда сайлау саяси және қоғамдық өмірге етене еніп келеді, ол басқарудың әртүрлі деңгейлеріне кеңінен таралуда. Жалпы алғанда, облыста 365 сайлау комиссиясы бар. Олардың мүшесінің саны – 2337. Нақтылап айтсам, 9 аумақтық (63 мүше), 87 округтік (435 мүше), 269 учаскелік (1939 мүше) сайлау комиссиясы жұмыс жасайды. Комиссия мүшелерінің 59%-ы саяси партиялардың, 41%-ы қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары бойынша тиісті мәслихаттар арқылы сайланған.
Биыл да біраз ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру межеленіп отыр. Нақтыласақ, 2024 жылы шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлаулар, өкілеттік мерзімдері аяқталатын және мерзімінен бұрын аяқталатын ауылдық округ әкімдерінің және пилоттық негізде аудан әкімдерінің сайлауларын және ел Президенті айтып өткендей, республикалық референдум өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, осы науқандар аясында сайлау процесіне қатысушыларды, оның ішінде сайлау комиссияларының мүшелерін электораттық оқытулар жоспарланған.
Жоғарыда айтып өттім, болашақ конституциялық саяси қайта өзгерудің алғышарты заңнамалық түзетулер түрінде іске асырылған 2019 жылғы президенттік реформалардың алғашқы жаңғыру пакеті болды. Атап айтқанда, сайлаудың партиялық тізімдеріне әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасының енгізілуі, саяси партияларды тіркеу және олардың Парламенті Мәжілісіне өтуі үшін шекті мәнді 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету, ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы енгізілді. Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы халыққа Жолдауынан кейін азаматтардың мемлекетті басқаруға, оның ішінде сайлау процестері арқылы қатысуын кеңейтуге баса назар аударылды. 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумның қорытындылары халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаның бастауы болды.
Осы саяси процестердің барлығы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түбегейлі өзгерістер енгізуге алып келді. Олардың ішінде мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде мажоритарлық және аралас сайлау жүйесін қайтару; мәслихат пен Мәжіліс депутатын кері қайтарып алу; сайлауды байқауды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу; Парламент Мәжілісінде мандаттарды бөлу кезінде партиялық тізімдердегі әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық квота енгізу бар. Заңда Президент 7 жыл мерзімге бір рет сайланатын конституциялық өзгерістер көрініс тапты. Әлеуметтік желілерде сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру кезінде онлайн-платформаларды пайдалану регламенттелді, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауларын өткізу көзделді. Жаңашылдық сайлау органдарының қызметін әкімшелендіруге, оларды облыстық және ішінара аудандық деңгейлерде толық кәсібилендіруге, бірмандаттық депутаттарды сайлау бойынша сайлау окрутерінің құрылуына байланысты округтік сайлау комиссияларын құруға да қатысты болды. Осы өзгерістерді негізге ала отырып, жоспарлы жұмыстарды жалғастыра бермекпіз.