Ертең, 18 наурызда және дауыс беру күні – 19 наурызда кез келген үгітті жүргізуге тыйым салынады («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабы). Бұл туралы ҚР Бас Прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлімдеді.
14 наурыздан БАҚ-та сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға, кандидаттарды қолдауға дауыс беруге байланысты өзге зерттеулерді жариялауға да жол берілмейді. Мұндай сауалнаманы дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте жүргізуге болмайды («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы). Оларды, тіркелген және Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар еткен заңды тұлғалар ғана сайлау учаскелерінен шыға берісте жүргізе алады. Аталған сауалнамалардың нәтижелерін БАҚ-да дауыс беру күнінен кейін, яғни 2023 жылғы 20 наурыз сағат 00:00-ден бастап жариялауға рұқсат етіледі.
«Конституциялық заңның осы талаптарын орындамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады», - деді Бас прокуратура өкілі.
Аталған заң талаптары Парламент Мәжілісі депутаттарымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына да қатысты.