RSS лента

Ата Заңға тағы қандай толықтырулар қажет?

  • 30.08.2023, 18:39,
  • 400
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Бұл сауалға Ұлытау облыстық сотының судьясы Ғизатолла Отарұлы жауап берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Конституцияның жөні бөлек – Ата заңымыздың тарихы көпшілікке мәлім, - дейді ол. – 1995 жылы жалпыхалықтық реферерендум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Бүгінде біз Конституцияға сүйене отырып, заңдарды қабылдауға, заңнамалық базаларды жетілдіруге, еркін демократиялық мемлекет жолында қоғамды дамытуға болатынын анық айта аламыз. Кез-келген құқықтық актіні қабылдаудан бұрын, оны құрастыру, шарықтау шегіне жеткізіп дайындау үлкен білім мен терең талдауды қажет етеді. Ал Конституцияның авторларына бұл талаптар мен жауапкершіліктің ауыр жүгі еселеп артса керек. Жыл сайын Конституция мерекесінде басты құжаттың әлеуеті, үстемдігі және тарихы ғана аталып өтіледі. Ел тағдырын жазумен пара-пар іске атсалысқандардың есімі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Әрине, жанкешті еңбекке араласқандардың еңбегі мен есімі келешекке мәлім болғаны абзал. Былтыр 5 маусымдағы референдум нәтижесінде енгізілген өзгерістер бойынша Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік формаға көшті. «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп анық жазылды. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіну құқығын алды. Өлім жазасына тыйым салынды. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Сенаттағы президенттік квота қысқарды, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылды. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды. Қазақстанда республикалық референдум 5 маусымда өтті. Дауыс беру құқығы бар 11 734 642 сайлаушының 7 985 769-ы саяси маңызды іс-шараға қатысты. Оның 77,18 пайызы Конституцияға өзгерістер енгізуге дауыс берді. Түзетулерге қарсы болғандар 18,66 пайызды құраса, бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылды. Бюллетеньдердің 1,58 пайызы дауыстарды санау кезінде ескерілмеген. – Жасыратыны жоқ, Ата Заңымыз – 30 жылдық тарихымызда көп өзгеріске ұшыраған Конституциялардың бірі. Оның себептері де көп. Тоқсаныншы жылдары не экономика, не саяси дағды жоқ кезде жалған плюролизм соңында ел тұтастығына сына қағуға болмайтын еді. Еліміз жас мемлекет ретінде даму жолында тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешірді, сондықтан, заманына қарай амал жасау керек те болған болар. Мемлекеттік мүдде бағытында өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отырды. Былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет халық үніне құлақ түрді. Соның ең бастысы, Президенттің бір мәрте жеті жылдық мерзімге сайлану тәртібінің енгізілуі ең ұтымды жері деп айта аламыз. – Еліміздегі мемлекеттік қызметтегілер үшін бірінші кезекте қазақ тілін білу талабын енгізуді ұсынар едім. Одан кейін «А» корпусындағылардың бір лауазымда екі мәртеден артық иемденуді шектеу керек. Яғни, министр, комитет төрағасы, департамент директорлары, облыс әкімдері мен олардың орынбасалары екі мерзім немесе екі жерде қызмет атқарғаннан кейін қайталап министр, әкім, төраға лауазымына тағайындалмайтындай тәртіп енгізілуі керек. Мұндай тәртіп еліміз үшін таңсық емес. Соттар төрағалары екі мәрте төраға, алқа төрағасы болғаннан кейін қайталап төраға бола алмайды, қарапайым судья болып қызметін жалғастыра береді. Сонда өмір бойына ана министрліктен мына министрлікке, ана облыстан мына облысқа әкім болып жүретін «суперспособный» мемлекеттік қызметшілер азаяр еді. Жастарға жол ашылады. Биыл 28 жылдығы тойланғалы отырған Конституция күні қарсаңында отандастарды осы атаулы мереке күнімен құттықтай отырып, барлықтарыңызға отбасы амандығын, еңбек абыройын тілеймін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Екінші Республика – Жаңа Қазақстан орнату жолында аянбай еңбек етуге шақырамыз. Қазақстанның қанаттыға қағылып, тұмсықтыға шұқылып кетпеуі үшін ең алдымен қазағымның өз ішіндегі татулығымызды нығайтуымыз қажет. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алған жылдардағы азшылықтан қазір қазақ халқы өз отанымызда басымдыққа ие болдық. Біле білсек, мұның өзі үлкен жеңіс.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости