Оның төбетпен таныстығы аяқ астынан басталған екен. Екі жыл бұрын әкесі күшік әкеліпті. Қазір "Веста" дейтін сол төбеттің бойы 80 сантиметрге, ал, салмағы 60 келіге жетіпті.
– Менің итімді көрген кейбір адамдар бұл итті «иегі салбыраған, алабайға шатыс» деп жүр. Бірақ өзім төбет деп есептеймін. Себебі, енесі төбет. Екі рет екпе алды. Күніне үш мезгіл тамақ ішеді, бір жақсысы тағам талғамайды. Тіпті кейбір ит алыстан естілген дауысқа қосылып, үретіні бар ғой. Мұның ондай әдетін байқамадық. Қашан да айналаға бажайлап зер сала қарап, бәрін қырағы көзімен бақылап тұрғандай көрінеді. Бос уақыт пайда болған кезде көшеге қыдыртамын. Ал, жалпы шарбақ ішінде байлаулы тұрады. Басқалар секілді аңға шығып, ит төбелестіріп көрмедім. Бастысы, Веста – үйдің сенімді күзетшісі. Қазір бұған әбден бауыр басып кеттік, – дейді Әділет Жәнібекұлы.