Бұл орган қан айналымы жүйесінің орталық мүшесі ғана емес, сонымен қатар нейрондардың арқасында ойлайды, эмоцияларды сезінеді, тіпті оқиғаларды есте сақтай алады екен. Мұны stopfake.kz анықтап көрді.
1991 жылы ғалымдар жүректе адамның миы мен жүйке жүйесінен тәуелсіз жұмыс істей алатын 40 мыңға жуық нейрон бар екенін хабарлады. Анықталған жүйке жасушалары ішкі жүрек жүйке жүйесі (ICNS) деп аталды және белсенді түрде зерттелді. 2020 жылы ғалымдар алғаш рет жүрек нейрондарының орналасуының 3D картасын жасай алды. Оның суреті баршаға қолжетімді.
Ішкі жүрек жүйке жүйесінің функциялары ғалымдарға бұған дейін де белгілі болған. Жүректе орналасқан нейрондар орталық жүйке жүйесінен оқшауланған жағдайда да органның жұмысын бақылайды. Олар жүрек тінінде болатын жергілікті механикалық және биохимиялық өзгерістерді анықтай алады.
Сонымен қатар ғалымдар ішкі жүйке жүйесі жүректің денеден шығарылғаннан кейін де соғуына мүмкіндік береді деп сенеді, мысалы, трансплантация кезінде.
Ішкі жүйке жүйесі жүрекке эмоцияларды сезінуге, әртүрлі оқиғаларды ойлауға және есте сақтауға мүмкіндік беретінін дәлелдейтін бірде-бір сенімді ғылыми зерттеу жоқ. Сонымен қатар, адам жүрегінің мұндай функциялары бар екендігіне жанама болсын дәлелдер жоқ.
Яғни мұндай мәлімдемелер расталмайды және ғылыми фактілер қате түсіндірілген. Жүректегі нейрондар есте сақтау, эмоцияларды сезіну және ойлау қабілеттеріне жауап бермейді, олар органның дұрыс жұмысын бақылауға және сақтауға арналған.