2006 жылы қазақ қыздарының ішінен шыққан алғашқы микробиолог ғалым, Қазақ Ұлттық Академиясының академигі Майя Шығаева мен белгілі биолог София Сағындықова шұбат пен қант қызылшасы шырынының қоспасынан «Софмайя» сусынын ойлап тапқан болатын. Ашық қызыл түсті сусынның дәмі қышқылтым әрі тәтті. Ол организмді қажетсіз ыдырау өнімдерінен тазартып, қанның құрамындағы гемоглобин мөлшерін арттырып, жүйке жүйесінің (әсіресе, мидың) қызметін жақсартып, қантамырларын кеңейтеді және ағзадан радионуклидтердің шығуына ықпал жасайды.
Енді жуырда жаңа сусынды өндіру технологиясын ұйымдастыру және коммерцияландыруға грант бөлу туралы үшжақты келісімшартқа қол қойылды. Атап айтқанда, меморандумға «Ғылым қоры» АҚ тарапынан басқарма төрағасы Абдильда Шаменов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов және«AGARGAN» ЖШС атынан Нияз Байжанов қол қойды. Қаражаттың барлық сомасы – 403 060 000 теңге, оның ішінде грант сомасы – 298 060 000, ал AGARGAN» ЖШС тарапынан бірлесе қаржыландыру – 105 млн теңгені құрап отыр.