RSS лента

Әнұранға құрмет көрсетпеген мұғалім жазаланды

  • 01.10.2023, 17:15,
  • 484
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Желіде Әнұранға әдепсіздік танытқан мұғалімнің суреті тарады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

16 қыркүйекте Атырау облысы Мақат ауданында «Зарница» әскери-спорттық ойыны басталарда Мемлекеттік Гимн орындалған екен. Сол кезде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі оң қолын жүрек тұсына екі саусақпен қойып, Әнұранға әдепсіздік танытқан. Осыған орай, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталық облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудан әкіміне ұсыныс жолдады. Яғни, Әнұранға құрмет көрсетпеген азаматты ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы («ҚР Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу») 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрапты.

 

– «Е-Өтініш» жүйесіне тіркелген шағым полиция департаментінде қаралды. Кінәлі азамат анықталып, оған заңға сәйкес әкімшілік айппұл салынды, - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.

 

Осылайша, кінәлі тұлға 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 172 500 теңге айыппұл арқалап отыр. Егер оны бір апта ішінде төлеп үлгерсе, тек жартысын ғана өтейді.

 

Ал, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының директоры Руслан Хамзаның айтуынша, осыған ұқсас жағдай осыдан төрт жыл бұрын орын алған екен.

 

– Атырау қаласындағы «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер арасында шағын футболдан ашық турнир өткен болатын. Жарыстың басында ҚР Әнұраны орындалған сәтте оң қолын жүрек тұсына қоймаған, яғни, мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетпеген еліміздің екі азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танылды. Оларға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - дейді ол.

 

Айта кетейік, «Менің Қазақстаным» 2006 жылы 6 қаңтарда ресми түрде Парламентте талқыланып, мемлекеттік Гимн болып бекітілді. Оның мәтініне Тұңғыш Президент тарапынан қосымша өзгерістер енгізілгенін көпшілік жақсы біледі. Әнұран айтылғанда жұртшылық орындарынан тұрып, оң қолын сол жақ кеудесіне – жүрек тұсына қояды.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости