Microsoft – әлемге әйгілі компания. Тарихы 1975 жылдан басталатын алып кәсіпорынның штаб-пәтері АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Редмонд қаласында, ал кеңселері әлемнің әр елінде бар. Заманауи жаңашылдығымен ерекшеленетін алпауыттың адымы кең. Күнделікті компьютермен жұмыс жасайтын кез-келген адам осы компанияның қызметіне жүгінеді. Сәл ақау болып немесе қателік табылса, әлемнің әр түкпіріндегі компания өкілдері дереу олқылықтың орнын толтырады. Әлемдік брендке айналған алпауыттың бірнеше мың қызметкері бар. Таңдаулы мамандарды ғана жұмысқа алатыны айтпаса да белгілі.
Қытайдың Шанхай қаласы бизнес үшін қолайлы, дамыған, өркениетті шаһар екені анық. Күншығыс елінің осынау ірі қаласындағы Microsoft кеңсесінде еңбек ететін IT инженер – өзіміздің атыраулық Әсем Иманғалиева есімді бойжеткен.
Елдегі жаңашылдықтарға қуандым
– Әсем, елге қош келдіңіз!.. Екі жылдан кейін келудің сағынышы бөлек болатын шығар?..
– Әрине, отбасыммен, ата-анаммен офлайн қауышқаныма өте қуаныштымын. Елден жырақта жүргенде сағынышың еселене түседі екен, күн сайын бейнебайланыс арқылы хабарласып отырсам да, көзбен көргенге ештеңе жетпейді. Оның үстіне, менің ол елге барып, қызметімді бастаған кез коронавирус дертінің күшейген кезіне тұспа-тұс келгендіктен, ешқайда шығуға мүмкіндік болмады. Айтуыңыз орынды, екі жыл дегенде демалысқа келдім.
– Не өзгеріпті, не байқадыңыз?
– Жаңа құрылыстар, бақылау камералары, жалпы жаңашылдықтар өте көп екен. Атыраудың көркейіп жатқанына қатты қуандым.
– Microsoft-та еңбек еткеніңізге екі жыл. Бұдан бұрын қайда жұмыс жасадыңыз?
– Құлсарыда орта мектепті үздік бағаға бітіріп, Сүлеймен Демирел атындағы университетте оқыдым. Аяқтаған соң Атырауға келіп, Fircroft компаниясына жұмысқа орналастым.
– Білуімізше, Сіз армандаған компания бұл емес сыңайлы…
– Рас айтасыз. Бала күнімнен Атыраудағы халықаралық ірі компанияда қызмет етуді армандадым. Университет бітірген соң, бағымды сынап көрмек болып, құжаттарымды өткіздім. Қызығы сол, осынау компанияға 4 жыл бойына 8 рет іріктеуден өтіп, түрлі деңгейдегі тест тапсырдым. Бірақ, ең соңғы сатыға келгенде менің қабылданбағаным туралы хабарлама келетін.
– Демек, «әрбір сәтсіздік – жеңіске жасалған қадам» деген қағиданың ақиқат екенін дәлелдеген болдыңыз ғой…
– Шынында да, солай. Егер талпыныстарымның бірі сәтті аяқталып, сол жерге жұмысқа алынсам, Шанхайға келуім, осындай алып компанияда еңбек етуім екіталай еді. «Бала күнімнен арманымдағы жұмысқа жеттім, мақсатым орындалды» деген ұстанымда боларым анық-ты.
Мені компанияның өзі шақырды
– Ал, Microsoft-қа қалай қадам бастыңыз?
– Оқып жүрген кезде де, жұмыс жасағанда да олимпиада, хакатондарға ұдайы қатысушы едім. Жаңа жобалар, идеялар тауып, жүзеге асырдым. Атырауда өткен кезекті байқаудың тәртібі – 24 сағат ішінде жаңа жобаны жасап, соны жүзеге асыру болды. Мен зор қызығушылықпен кірістім. Өйткені, өз мүмкіндігімді сынап көру маған қызық көрінді. «Бір топта ең кемінде екі адам болуы керек» деген соң, университетте бірге оқыған атыраулық студентпен бірге киіз үйдің 3D макетін жасадық. Сол жобамыз үшінші орынға ие болды.
Жалпы, мұндай жарыстарға, басқосуларға қатысу кез-келген инженерге бағыт-бағдар береді. Мен де осы оймен 2019 жылы Гонконгта өткен хакатонға бардым. Сол шарада менің жұмыстарымды көрген Microsoft компаниясының қытайлық өкілі маған ұсыныс айтып, жұмысқа шақырды.
– Өздері шақырғандықтан, бірден қабылдаған болар?
– Әрине, жоқ. Бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, ағылшын тілі, IT біліктілік сынағын тапсырдым. Қызығы сол, мен мұны кәдімгі тәжірибе ретінде ғана қабылдадым, «өзге елге барып, жұмыс жасаймын» деген ой болған жоқ.
– Демек армандағы атыраулық компания емес, халықаралық масштабтағы жұмысқа қадам бастым деңіз…
– Иә. Осылайша, аяқ астынан жұмысқа қабылданып, 2019 жылдың 23 желтоқсанында қызметіме кірістім.
– Ата-анаңыз қалай қабылдады?
– Әкем Сәрсенғали мұнай саласында еңбек етеді, анам Майя – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әкем мен аға-жеңгем қолдады, анам қарсы болды. Алайда, жан-жақты талдап, ақылдаса келе, Қытайға аттандым.
Мен келген кезде вирус өршіп, шекара жабылып қалды. Егер сол кезде осалдық танытып, елге оралсам, мен үшін Қытай елінің қақпасы жабылып қалар еді. Өйткені, Қытай шекарадан өтуге аса қатты мән береді. Анам қатты уайымдап, «Қайдан рұқсат бердік?.. Елге орал!..» деп күнде хабарласып жүрді. Әйтеуір бәрі артта қалып, ахуал түзелген соң, екі жыл дегенде еңбек демалысына шықтым.
Үш айлық демалыс және 12 мыңдық бранч
– Ол жақтағы жұмыс тәртібі, демалыс мерзімі қалай екен? Неше сағаттық жұмыс режимін қолданады?
– Біз секілді өзге елден келгендер үшін «кеңейтілген» демалыс деген ұғым бар, үш айлық. Таяуда Шанхайға қайтуым керек. Ал, жұмыс тәртібі барлық кеңселердегі секілді 8 сағаттық. Алайда, қызмет бабына байланысты аяқталмаған жоба немесе қосымша уақытты талап ететін тығыз шаруа болса, қалуға рұқсат. Өйткені, компания 24 сағат жұмыс жасайды, кеңсе әрдайым ашық.
Microsoft ұстанған басты позициялардың бірі – жұмыс пен демалыс арасындағы балансты бұзбау. Сондықтан, «демалмастан жұмыс жасаған қызметкерден гөрі, уақытылы тынығып, еңбек еткен адамның өнімділігі жоғары болады» деген қағидатқа бағынады.
– Шанхай – әлемдегі бай қалалардың бірі. Ол жақтағы өмір сүру құны да қымбат…
– Расында да, өте қымбат. Басында юаньмен көрсетілген кез-келген бағаны теңгеге аударып, таң қалатын едім. Кейін үйрендім. Бірақ бізге компания есебінен жағдай жасаулы, тұрғын үй, тамақтану, автотасымал қарастырылған. Тіпті, шаршасаңыз, массажға да баруға болады. Ол да тегін.
– Қымбатшылық құнын дәл бағамдау үшін бір ғана мысал келтіріңізші. Мәселен, Шанхай мейрамханасында тамақтану теңгеге шаққанда қанша тұрады?
– Таңғы ас пен түскі тамақ арасындағы бранчты айтайын. Өзім барып тамақтанар болсам, теңгемен шаққанда 12 мыңдай кетеді. Бұл – бір адамға ғана есептелген сома, әрі ыстық тағам емес, тек бранч қана.
– Жұмыс процесі қалай жүреді? Сіздің лауазымыңыз, атқаратын қызметіңіз туралы да білсек…
– Қазіргі лауазымым – teamlead. Яғни, 11 адамнан тұратын командам бар. Microsoft өнімдерімен жұмыс, соның ішінде «облачное хранилище» жұмысын жандандыру бағытында еңбек етеміз, кез-келген ақау туралы белгілі болса, оның туындау себебін анықтаймыз.
Ет асып, шелпек пісірді…
– Инженер, IT сала. Менің ұғымымда бұл жұмыстар ер адамдарға тән секілді…
– Қателесесіз, олай емес. Мұнай-газ, құрылыс саласында да қыз-келіншектер өте көп. Оның үстіне қазіргі заманда қызмет әйел не ер адамға лайықты деп бөлінбейді. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Халықаралық масштаб болғандықтан, түрлі ұлт өкілімен қарым-қатынас жасап, өзге салт, ұстанымдармен танысуға да мүмкіндік мол.
– Кеңседе Сізден басқа қазақ бар ма?
– Жоқ, жалғыз мен. Бірнеше ұлт өкілі бар. Американдық, голландықтар және индустар көп. Алғашқы кезде маған көмектесіп, бағыт-бағдар берген құрбым – испандық. Бұл бағытта компания тарапынан жүзеге асатын тағы бір бастама – әр айда бір рет түрлі ұлт өкілдерінің асханасынан тағам ұсынылуы. Қазақ асханасы да ұйымдастырылды. Бірақ, өзіміз дайындағандай болмайды ғой, ас – ұйғырлардың тамағына, шелпек – басқа қытырлақ нанға ұқсап тұрғандай болды.
– Сіздің командаңызда да біраз адам бар. Өзге ұлт өкілдерімен тіл табысу оңай болмас, сірә?!
– Айтуыңыз орынды, әр адамның өзіндік көзқарасы, ұлттық ұстанымы бар. Біз үшін дәстүрлі нәрсе оларға таңсық көрінуі мүмкін. Сондықтан, топпен жұмыс жасау оңай емес. Оның үстіне, мен өз-өзіммен жұмыс жасап, тыныштықты қалайтын адаммын. Жұмысым да осы бағытта болғандықтан, адамдармен сөйлесуден гөрі, компьютерде жұмыс жасауды жөн көретінмін. Компания басшылығы жұмысымды бағалап, teamlead лауазымына жоғарылатқанда, ең қиыны адамдармен сөйлесу болды. Тіпті, шаршаған кезде де өз-өзіммен қалып, тыныш жерде болсам, тез қалпыма келемін. Бірден ашылып сөйлесіп кетуім қиындау.
– Қызметкерді ынталандыру – табысты жұмыстың кепілі. Сіздің ұжымда өзгелерге таңсық тағы қандай жаңашыл іс-шаралар бар?
– Жақсы нәтиже көрсеткен қызметкерлерді шағын топпен компания Президенті арнайы асқа шақырып немесе туған күнінің құрметті қонағы болу туралы ұсыныс білдіреді. Мен мұндай шараға қатыстым. Ашық-жарқын, еркін басқосулар барысында жұмыс, хобби, ұстанымдар туралы да айтылады. Ал, соңында қонақтарға «Хунбао» – ақша салынған конверт береді.
Елге келемін, тың идеямен!
– Әсем, әлеуметтік желідегі жазбаларыңыз орыс тілінде жазылыпты. Соны көріп, сол тілде сұхбат алуға дайындалып келсем…
– Қазақ болғандықтан, қазақша сөйлеуім дұрыс деп ойлаймын. Тіпті, Шанхайда жүріп ата-анаммен хабарласқанда да тек қазақша сөйлесемін. Бәлкім, бұл ана тіліме деген құрметімнің белгісі болар.
Шетте жүргенде, еліңді, тіліңді сағынасың. Қытайға алғаш барғанда шекара жабық, қазақстандық студенттер елге кетіп қалған. Үйренбеген орта, көңілім сәл түсіп, Атырауды қатты сағындым. Сұрастыра жүріп, Шанхайда еңбек ететін атыраулық туралы естіп, іздестіре бастадым. Сөйтсем, ұлты орыс екен. Оны тауып алып, сөйлессем таза қазақша сөйлейді екен. Қуаныштан жүрегім жарыла жаздады.
– Елге келу туралы ойыңыз бар ма?
– Әрине. Бірақ қазір емес. Мен қазір тәжірибе жинап жүрмін. Үйреніп, білімімді молайтқан соң, елімнің пайдасына еңбек етемін.
Реті келгенде айта кетейін, «Амазон», «Гугл» сынды үлкен компанияларда жұмыс жасайтын замандас, таныстарым бар. Олар да осындай ұстанымда. Еліміздің дамуы мен көркеюі жолында халықаралық озық тәжірибелерді қолдану – біздің басты ұстанымымыздың бірі.
– Неше тіл білесіз?
– Орысша және ағылшын тілін жетік білемін.
– Ал, қытайша?..
– Шанхай – Қытайдың қаласы болғанымен, ірі өндіріс, компаниялар көп, экспаттар шоғырланғандықтан, мұнда халықаралық тіл – ағылшын тілі. Сондықтан, 2 жыл бойы тұрғанда қытай тілін аздап үйрендім, толық меңгеруге уақытым тапшы болғандықтан, құнттамадым. Бұған қоса, түрік және немісше қарым-қатынас тілі ретінде сөйлей аламын.
– Әсем, ашық әңгімеңізге рахмет. Елге келер күн жақын болғай!