RSS лента

Атақты суретші соңғы сұхбатында не айтқан? (+фото)

  • 10.11.2021, 01:51,
  • 1 646
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Turan Times тілшісі атақты суретші Әділқайыр Жантасовтан алған соңғы сұхбатын (эксклюзив) жариялады.


– Әділқайыр Пангерейұлы, әңгімеміздің әлқиссасын ата-анаңыздан бастасақ.


– Әкем Атыраумен шекаралас Тайпақ аулылынан. 1939 жылы анаммен көңіл жарастырып, отау құрыпты. Сол жылы Индерге көшіп келген. Қиыр Шығыс пен Алматымен арада теміржол саласында еңбек еткен. Аңшылықпен, әрі қолөнермен айналысқан. Ол өмір бойы күнделік жазып шыққан адам. Сол жазбалар менде әлі күнге дейін сақтаулы. Онда 29 атама дейінгі мәліметтер қамтылған. Тіпті, кімнің қайда жерленгені де жазылған. Әкем өмірден өтсе де, оның ғибратты ғұмыры ұрпағының санасынан сөнбек емес. Әкем жұмыс бабымен 59 жерде болған екен. Дүние салғанда мен бес, інім бір жаста еді. Алпыстан әрі аса алмады ғой, шіркін... (күрсініп) 


Шешем – он бала тәрбиелеп өсірген «батыр ана». Өнерден де құр алақан емес, текемет тоқып, киіз басты. Ол кезде өзіңіз  білесіз, дайын ештеңе болмады. Тұрмысқа қажет бұйымның бәрі де қолдан жасалды. Қазіргі сауда сөрелерінде толып тұрған қолөнер бұйымдары бұрын тұрмыста қолданылған-ды. Бүгінде сол алты қыз, төрт ұлдан қазір төрт қыз бен екі ұл қалып отырмыз.    


– Ал, өнер өлкесіне сапарыңыз қалай басталып еді?


– Мен есімді білгелі сурет салып келемін. 1973 жылы «Пионер» газетіне бір суретім жарияланды. Ол кезде небәрі 14 жаста едім. Сөйтіп, алақандай ауылда «суретші бала» атандым. Соның өзі таудай талабыма берілген теңдесіз баға, үлкен жігер болатын. Қазір газет те, журнал да көп, ал, ол кезде республикалық басылымға шығудың өзі зор бақыт еді ғой. Айтпақшы, сол сурет жайында заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыздың маған жолдап жіберген хаты бар. Онда «талабыңа нұр жаусын, өзіңнен үлкен үміт күтемін, әлі де ойыңды шират, көбірек ізден» делінген.   


Кейін ержеткен соң, Алматы қаласындағы көркемсурет училищесін үздік бітіріп шықтым. Онда бір орынға 15 адамнан келетін. Ал, соған дейін бірде-бір суретшімен бетпе-бет жүздескен емеспін. Жасырып қайтейін, кәсіби нотюрморттың не екенін де білмедім. Бүгінгі жетістіктерімнің бәріне де өзімнің темірдей талабымның, шексіз құлшынысымның арқасында жеттім деп санаймын. Мәскеу мен Ленинград қаласына жолдама берді, бірақ отбасылы болуыма байланысты бара алмадым. Содан училищені үздік бітіргендіктен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына ешқандай емтихансыз қабылдандым. Жүргеновте оқудың өзінің жауапкершілік жүгі ауыр. Сөйтіп, дизайнер мамандығын меңгердім (Атырауда Жүргеновті бітірген жалғыз Жантасов қана. Өйткені, туған өлке таланттары әдетте Алматы мен Астанада қалып қояды. Авт.).


– Өткенге бір сәт болса да оралғыңыз келмей ме?


– Әлбетте! «Көнені көкседіңіз» дей көрмеңіз, бірақ өткеннен өнеге алатын тұстар баршылық. Мысалы, социализмнің артықшылығы, оған мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранның 20 қағидасы енген. Олардың ішінде, бабадан балаға мирас болып келе жатқан қарияларды құрметтеу, кішілерге көмектесу, жоққа жомарттық таныту, барға қанағат қылу сияқты асыл амалдар да бар. Мұның бәрі мықты тәрбие құралдары болып табылады.  


Социализмнің екінші артықшылығы сол, азаматтардың тапқан табысы бір-бірінен артық не кем болмады. Жас отбасылардың жаңа өмірді сәтті бастауы үшін үй беру, жұмыс табу секілді көптеген ауыртпалықты кеңес үкіметі өз мойнына алған еді. Өнер қайраткерлері де қаржылай қолдау тапты. Бұл өнермен өмір бойы айналысу үшін үлкен тірек болды.


Мұны неге айтып отырмын? Себебі, Лениннің өзі қоғамды басқару мүмкін еместігін айтып кеткен. Сол сияқты, мың адам он адамның дегеніне оңай еріп кетуі ғажап емес. Міне, топтасу да, толқу да осындайдан туындайды. Сондықтан, төңіректің тыныш болуы үшін адамдар арасныда тепе-теңдік сақталуы тиіс. Бір кездері қорасында бір қойы барлар мен мың қойлы байларға бірдей салық салынды. Содан қос таптың арасында көтерілістер орын алды. Оны басу үшін көмекке Ислам діні келді.

 

– Ал, қазір сол дінді әлдекімдер мүлде басқа мақсатта, дәлірек айтқанда, мемлекетке халықты қарсы қоятын қару есебінде қолданып отырғаны ащы да болса шындық. Келісесіз бе?


– Рас, бүгін де балақ қысқартып, сақал ұзартқан ерлер мен қара жамылған әйелдер көбейді және соның дені жастар екеніне ішім удай ашиды. «Қой терісін жамылған қасқыр» қаптады. Жас біткенді жарға жыққан жат ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жайылып кетті. Сайып келгенде, дін мәселесімен ғылыми түрде айналысатын уақыт келді. Оны кейінге қалдыруға болмайды. Өйтпеген жағдайда кеш болады. Бұл бағытта арнайы сурет дайындап жатырмын. Оны бастағаныма он жылдан асты. Себебі, тақырыбы тым күрделі.  


– Бүгінде белгілі суретшінің атында не бар?


– Айтарлықтай атаққа шатағым жоқ. Жантасовтың атында жалғыз шеберлік сыныбы ғана бар. Ол 1995 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясынан ашылған. Сол сыныптың ішінде менің күнделікті болса да, біріне бірі ұқсамайтын дәрістерім мен сабақтарым өтіп жатыр. Әкемнің көзі ретінде өзіме қалған ескі үстел (Жәдігер 1904 жылы жасалған. Автор) және өзім жасаған орындық бар. Соған жайғасып алып, шәкірттерімнің шығармашылығын шыңдап отырамын. Есесіне, бүгінде еліміздің суретшілер, дизайнерлер одақтарының мүшесімін, білім саласының үздігі болып табыламын.


– Егер жаңылмасам, біз отырған бөлме сіздің атыңыздағы шеберлік сыныбы емес пе?


– Суретшілер одағының төрағалығына тағайындалған кезімде өңір басшысы болған Равиль Шырдабаев «Жантасовтың сыныбын» ашып берді. Бұл бастама оқушылардың тек теориялық біліммен ғана шектелмей, сурет өнерінің қыр-сырына тәжірибе жүзінде қанықса деген ниетімнен туған еді. Менің сурет салып жатқан сәтіме куә болған жан көп нәрсені ұғынары анық еді.  


Қазір қателеспегенімді түсініп отырмын. 2000 жылдан бастап «Аджип» мекемесінің демеушілігімен шәкірттеріме шетелге шығып тұруға мүмкіндік туды. Жыл сайын мықты өнер ордалары орналасқан Италия, Венеция және басқа да көптеген елдерге экскурсия ұйымдастырылды. Шәкірттерім қияға қанат қағып, шығармашылықтың шыңына көтерілді. Барлығы да айтулы білім ордаларында мемлекеттік грантпен оқып жатыр. Бүгінде біразы бітіріп, осында оралды. Енді өздері тәлім алған мекемеде сабақ беруде.    


Жиырма жылдан астам уақыт сансыз шәкірт тәрбиеленіп шықты. Солардың соңғысы Айгерім Бегәлиева халықаралық «Шабыт» байқауында жеңіске жетті. Қазір Алматыда өзінің «3D» кейпіндегі оптикалық жеке студиясы бар. Жуырда тісі ақсиған «динозаврларын» ертіп, Атырауда да көрме өткізіп кетті. Мен олармен мақтанамын, марқаямын.


– Сөзіңіз аузыңызда, шетелдік әріптестеріңізбен байланысып тұрасыз ба?


– Бұрын Атырауға еңбек етуге келген шетелдік азаматтарға суреттен сабақ бергенім бар. Олармен әлі де хабарласып отырамын. Қайта-қайта Лондонға шақырады, әттең баруға уақыт таба алмай жүрмін. Бір жылдың ішінде шетелге оннан аса еңбегім сатылған кездер де болды.

Айтқым келгені, сол шетелдік әріптестерімнің қолдауымен жергілікті тума талант иесі Тілек Халиннің 60 жылдық мерейтойына орай көрме өткізілген-ді. Сонда сатылған суреттердің қаржысына суретші баласының тойын жасап, үй де салды. Ешқандай өнер ордасында білім алмаған ол 65 жасқа толғанда одақ мүшелігіне өтті. Сенесіз бе?! Бұның өзі өнер құдіретін тағы бір рет таныта түскендей. 


– «Атырауда мықты суретші кім?» деген сауал туындағанда, аузымызға сіздің аты-жөніңіз түсе қалады. Неге деп ойлайсыз?


– Мен үшін жалғыз Жаратушыдан артық мықты жоқ. Қай суретшінің де еңбегін бір-бірімен салыстыруға келмейді. Талпынған жанның қай-қайсысы да мықты деп есептеймін. Жалпы, өнерге «шаблон» деген нәрсе жараспайды. Демек, шабытты шектеуге болмайды. Әр суретшінің сара жолы болады, содан адасудың қажеті жоқ. Бірі мықты екен деп, екіншісін бағаламауға болмайды. Өйткені, кім-кім де қолынан келгенін ғана жасайды. Одан артық кетсе, тыртық қылады.


Қарапайым мысал, кинотеатр сеансынан шыққан көрермендерден кино жөнінде ойын сұрасаңыз, әрқайсысы әртүрлі жауап береді. Сол секілді, әркімнің өз ойы, жеке пікір-пайымы мен дүниеге деген көзқарасы бар. Олардың бір жерден шығуы жазылып қойған заң емес. Менің де сыртымнан кейде «өзгелерді менсінбейді» деп айтылып жатады. Ал, соны өзімнен кім сұрастырып көрді? Демек, мен туралы кім қалай ойлағысы келсе, солай қабылдайды деген сөз. Орыс халқында «мысли материализуются» деген сөз бар. Яғни, өмір туралы қалай ойласаң, солай өте шығады.    


– Бұл сөзіңізбен не демексіз?


– Бәлкім, менің жеке пікірім шығар, бірақ әр суретшінің бойында сазгерлік, ақындық және орындаушылық қасиет болуы керек. Бәрі бір-бірімен үйлесім табуы тиіс. Ал, егер суретті сезінбей, тек сұлбасын ғана салып шықса, ол тек орындаушы, яғни, әнші не домбырашы есебінде қалып қояды. Одан сазгер не күйші шықпайды. Арзан асаба болу оңай, ал, сұлу сөздің сәулеткері болу мүлде күрделі дүние.  Бүгінгі жастардың бойларынан жылт еткен өнер белгісі байқалса болды, тез танылуға тырысады. Көрме жасап, салған суреттерін насихаттауға асығады. Алайда, өнердің өз бағасын тек халық не уақыт береді. Мықты туынды мол тәжірибеден туады.

 

Сосын, былай ғой, қандайма байқауда бақ сынарда әдетте әуелі ұйымдастырушыларға суреттің сұлбасы (эскиз) жолданады. Содан да болар, жастардың эскизі өтпей, тауы шағылып жатады. Олар өз көрмесін жасауға құмар да, өзгелеріне қатысуға құлықсыз. Ал, шын мәнінде, республикалық және халықаралық сурет биенналына үзбей қатысып отырған артық етпейді. Мәселен, дүние жүзінің суретшілері мені сондай шаралар арқылы біледі. Олимпиада секілді екі жылда бір болатын биеннал каталогына да ендім. Сондай-ақ, кітапты көп оқимын. Әсіресе, түркология ілімі, соның ішінде Күлтегін жазуы, Омар Хаямның шығармашылығы көбірек қызықтырады. Соның көмегі болар, сурет әлеміне сара жол тапқаным.


– Мақұл дейік, ал, өзіңіз көрме өткізесіз бе?


– Менің атымда жиырма жылдан бері бірде-бір көрме өткен жоқ, өзім қарсы болдым. Олай істесем, ойым бөлініп кетеді. Соның өзінде бес-алты жұмысты (Бұл жерде суреттерін айтып отыр. Авт.) қатар жасаймын. Әр адам өз-өзіне сын тұрғысынан қарай білуі тиіс. Сонда ғана өсу, өркендеу болады. Шәкірттеріме «көбейту кестесін», яғни, сурет салу техникасын үйреттім, енді «есеп шығару», барды одан әрі ұқсату әркімнің өз қолында екенін шәкірттеріме күнде айтып отырамын. Расымен де, маған ұқсау міндетті емес қой, әр суретші өз соқпағын салуы керек.  


Тағы айтарым, бүгін жасалуы тиіс жұмысты кейінге қалдыруға болмайды. «Еріншектің ертеңі таусылмайды» дегендей, сыныққа сылтау табыла береді. Келесі күннің өз ризығы болады. Сапалы үй тұрғызу үшін, оның фундаменті мықты болуы керек. Ол үшін сол жердің топырағын зерттеу қажет. Міне, дәл солай ертеңге жоспар құру үшін кешегі күннің тарихына үңілуді ұмытпаған жөн.   


Бәріне топырақ шашудан аулақпын, бірақ кейбір «еңбек сіңірген өнер қайраткерлерін» жиып алып, көрме өткізілетін болса, бірде-бірі қатыспайды. Себебі, халыққа ұсынатын сапалы суреттері аз. «Сәке мен мәкенің» дүрілдеп тұрған дәуірінде адамдар бар мәселені тамыр-таныстық арқылы шешіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Қазір біреу көмектесер, ал, ертең ше? Жоғарыға жеңіл көтерілген жүк төменге түскенде ауырлайды.


– Жантасовтың жан достары туралы не айтасыз?


– Құдайға шүкір, еліміздің әр түкпірінде менің әріптес достарым жетіп артылады. Қай-қайсысының да есімін ел біледі. Бәріміз бас қосып, болашақ бастамаларымызды ойласып отырамыз. Осы бағытта жақында Абайдың елі Семейге барып, кейін бір суретіме арқау болған «Еңлік-Кебек» үңгірін тамашалап қайттым. Жидебайдан бір тас әкеліп, одан сувенир жасап жатырмын. Тарихи тақырыпта қазақтың «бес арысын» бейнелеген едім. Солардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының портреті арқылы алда өтетін 160 жылдық мерейтойына шақырту алдым.  

Мен одақ төрағасы болғанымда Айса Отарәлі, Отарбай Кендір, Кәмила Жапалова, Рафаэль  Слекенов, Тілек Халин, Халифа Сейтжанова және басқа да көптеген атыраулық суретшілерді мүшелікке қабылдадым. Қазір олардың атақтары жер жарады. Арамыздағы берік достығымызды қатты бағалаймын.


– Сонымен, сәттілік сыры неде? Суретіңіздің сиқырын айтасыз ба?


– Бұл сұрағыңызға әдемі жауап беру үшін бір әсерлі әңгімені баяндап берейін. Менің әр суретімнің бір қазаққа жететін сыры бар. Соның бірі «Егіз жүрек» деп аталады. Әлі де салып жатырмын, бітуге таяды. Оған осыдан тура бір ғасыр бұрын орын алған махаббат хикаясы негіз болды. Оны маған ақын Иран-Ғайыптың бір туысы айтып берген еді. Ол ақынның үйінде де болғам, жұбайы Дариға құнды бір кітап тарту еткен.     


– Ол қандай оқиға?


– Байларды кәмпелескеп жатқан кез. Амалы таусылғандар Америкаға бас сауғалап қашты. Қызыл әскер қатарындағы Абзал есімді жігіт революцияны насихаттап жүріп, бір ауылға келеді. Сөйтіп, осындағы Әйгерім деген қызға көзсіз ғашық болады. Сұлу сезіміне селкеу түспес еді, әттең, тек сүйгені аттастырылып қойған екен. Мұны білген жұрт ескі әдет-ғұрып бойынша қос ғашықты аттың құйрығына байлап ауылдан аттандырып жібереді. Ондағысы, тірі қалса, махаббаттарының баянды болғаны.


Содан, бір таудан өте бергенде қыздың жібі шешіліп кетеді де, сәйгүлік әрі асып кете барады. Оны осы тауды мекен еткен қазақтың сол кездегі «мауглиі» атанып кеткен бір жігіт ағасы байқап қалады. Оның өзі бөлек оқиға. Сонау 1904 жылы Қытайға асып бара жатқан бір отбасыны қарақшылар алыстан атып, ажал құштырады. Әйтсе де, 14 жасар бала аман қалып, Өскемендегі Тарбағатай тауларына тығылады. Сол жерді паналап, қалып қояды. Сөйткен оны жергілікті тұрғындар «снежный человек» деп атап кеткен. Мен оны қазақшалап «кісікиік» деймін. Енді ол суретімнің негізгі кейіпкеріне айналды.


– Әлгі әңгімеңізге оралсаңыз...


– Иә, сонымен, «кісікиік» қызды таудағы үңгірлердің біріне әкеліп, шипалы шөптермен емдеп жазады. Оны қалай ұнатып қалғанын өзі де сезбей қалады. Бірақ, ата-баба салтына берік жан қызға саусағының ұшын да тигізбейді. Керісінше, көз жазып қалған серігіне қосуға күш салады. Сол жерде қазақтар мен қытайлықтардың арасында бейресми елшілік қызмет атқаратын бір мерген жігіт болыпты. Ол екі елдің шекарасынан адамдарды өткізіп тұрады екен. Қызды соған аманаттайды. Ақыры, қос ғашық қайта қауышады.  


Кейін, 1956 жылы елге оралуға рұқсат берілген уақытта, ерлі-зайыпты екеуі әуелдегі тауға барады. Әлгі «кісікиіктің» жаңғырығы жер түбінен, теңіз тұңғиығынан естіледі. Содан әлгілер жолшыбай мергеннің моласына кезігеді. Артынан сол жерге арнайы белгі орнатады. Міне, осы әңгіменің әсерімен шабыттанып, бір күннің ішінде үңгірде түс көріп жатқан қыз бен оны емдеп отырған «кісікиіктің» бейнесін сомдадым. Екі-үш айдан бері ұсақ-түйек бөлшектерін салып жатырмын.


– Сапалы сурет салу кемінде қанша уақыт алады?


– Ол суреттегі сюжет желісіне байланысты. Неғұрлым күрделенген сайын, уақыты да созыла түседі. Бірде қазақша бір пейзажды жеті-ақ минутта салып шыққаным бар. Оның тез салынуы емес, мән-мағынасы маңызды. Жыл бойы салып отырған туындыларымды бір күнде салып шығуға болады. Бірақ, ондайда өзінің философиялық құндылығын жойып жібереді. Жаңашыл ойды табу терең білім мен ұшқыр қиялды талап етеді.


– Кейбір суреттеріңізді түсінбей-ақ қойдым. Қағаз бетіне бояуларды оңды-солды шаша салғансыз. Ондай «бүлдіру өнер» бес жасар баланың да қолынан келеді ғой...   


– Сұрағыңыз орынды, бірақ, оның да өз жауабы бар. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай, үздік суреттер жинағы жарық көрген болатын. Онда Атыраудан менің бес суретім енді. Олар – атақты «Адай», «Көңіл толқыны», «Махамбет» күйлерінен туған картиналар. Оларды сіз түсінбеуіңіз де мүмкін. Өзіңіз айтқандай, белгілі бір бейне не форма жоқ, мойындаймын. Ал, сіз сол суретке аталған күйлердің біріне құлақ түре отырып көз салыңызшы. Үлкен әсер аласыз, оған кәміл сенімдімін. Егер өнерді шын түсінетін жан болсаңыз, ол суреттерді сезінбеуіңіз мүмкін емес. Біреулердің көзіне жас үйірілетін кездер де болған. Міне, өнердің құдіреті де осында емес пе?


Астанада өткен халықаралық суретшілер бинарында осы суреттерімді көрсеткенімде, күйдің бейнебаянын да қосып қойдым. Залда тебіренбеген жан қалмады. Сурет өнеріне жаңалық енгізгенім үшін ұйымдастырушылар арнайы сертификат табыстады. Сонда әріптестерім

«Жантасов бір жанрға сыймайтын суретші» деп баға беріп жатты. Демек, еткен еңбегімнің еш кетпегені ғой.


«Мистика» деген ұғым бар. Менің оннан астам суретім соған құрылған. Солардың ішінде «Инкубатор», «Толағай» деген еңбектерім бар. Бірінде ер мен ердің, әйел мен әйелдің арасындағы сезім сыры көрініс тапса, енді бірінде Жер шарын көкке көтеріп бара жатқан кентавр бейнеленген. Оған жеті қазынаның бірі саналатын ит және өсекшіл сауысқан мен жұмыртқа жармасып алған. Оның өзінен алуан түрлі ойды аңғаруға болады. 


– «Мистика» деп қалдыңыз ғой, осы сіз о дүниеге, жұмақ пен тозақтың барына сенесіз бе?


– Күндердің күнінде жер бетін топан су басатыны немесе ақырзаман орнайтыны жөнінде түсінік бар. Меніңше, бұл бір күнде бола қоятын нәрсе емес. Яғни, ол қазірдің өзінде әр күні әр жерде орын алуда. Жер-анамыздың бір бөлігінде су тасып, ал, келесі жартысында қанды қырғын болып жатқаны жасырын емес қой. Ендеше, ақырзаманның бүгін де өз белгілері бар деген сөз. (Сол сияқты, оған ерлердің әйелше, әйелдердің еркекше жүріс-тұрысын қосыңыз. Авт.) 


Әйтеуір, ақирет ойға оралған сәтте жұмақ пен тозақ та ауызға түсе қалатыны бар. Ол екеуінің де осы өмірде екенін ойға алып көрмедіңіз бе? Мысал келтіріп түсіндіріп көрейін. Айталық, көңілі кірлеген адам ұзақ ғұмыр сүрсе де, ағайынмен араласпай, адамгершіліктен алыстаған күйі «тірі өліктің» кебін киіп жүреді. Ниеті қаралар жалқау, жемқор келеді. Ондай тірлік тозақпен тең. Ақыры өзінен өзі жиіркеніп, ажалын күтумен күн өткізеді. 


Ал, біреулер жатты жақын тартып, кедейге көмектесіп, жоққа жомарттық танытады, олардың екі дүниеде де жүздері жарқын. Жанары жаздай жайнап, жұмақта жайраңдап жүргендей. Бақұлдасар сәтте де ауырмай-сырқамай, жаны қиналмай қоштасып кете барады. Мәселен, осы отырыстың өзі бағасыз бақыт емес пе? Он екі мүшеміз сау, маған сызу, сізге жазу бақыты бұйырған. «Жүзі жақсыдан түңілме» дейді халық даналығы.  Ендеше, дәл қазір жұмақ бағында сырласып, салиқалы сұхбаттасып отырмыз деп түсініңіз. Бұл да болса тағдырдың сыйы шығар.


– Сіз үшін өмір несімен қызық?


– Өмірдің өзі қызық қой. Кейде біреу сені алтынмен аптап, күміспен күптеп, аспаннан ақша жаудырып жатса да, оған көңілің құламайды. Сол сияқты, сыртынан қарағанда сұп-сұлу адамдар болады, бірақ түсі суық. Ал, біреулер бар, тектілігімен тартып тұрады, олар үшін ойланбастан қолдағы барды бере саласың.


Бір адамдар «тағдыр ғой» деп сәтсіз сәттерін ақтап алып жатады. «Онда тағдырдың сыйын күтіп отыра бер» деп «кеңес» беремін оларға. Рас, пешенеңе жазылған тағдыр болады. Бірақ жетістікке жету үшін адамның өзі де талпыныс танытып, тырысып-бағуы керек қой. Әйтпесе, «Құдай жатқанға берсін» деп қол қусырып отыра берсек, ештеңе өнбейді.


Кезінде діңкені құртқан «қайта құрудың» қиындығына шыдамай, өнерді орта жолда қалдырып, сауда мен саттықтың соңынан қуа жөнелгендер бар. Қазір қарасам, солардың бірде-бірі өнерден де, өмірден де ойып орын алмаған. Бірқатары отбасыдан да жұрдай. Айтайын дегенім, қу дүние ешкімді өзіне жеткізбейді. Ал, адамгершілік пен еңбек – бәрін де жеңбек. Сол сияқты, өнер де – мәңгілік мұра. Маңдай терін төгіп, адал еңбек етсең, армандағаның алдыңа өз аяғымен жорғалап келеді. Сондықтан мен үшін бұл өмір ұлы өнермен қызықты.


– Портрер салуға қалай қарайсыз?


– Ол қазір күнделікті табыс көзіне айналып кетті десек болады. Кейде он минутта салып шығамын, кейде ұзаққа созылады. Мәселен, өз образыма екі күн жұмсадым. Фотосурет арқылы да тапсырыстар қабылдаймын. Бірақ фотодан адамның іс-әрекеті, мінез-құлқы, көңіл-күйі анық көрінбейді. Мысалы, бір адамды фотоаппаратпен он рет түсірген, біріне бірі ұқсамайтын он сурет шығады, сол сияқты. Ал, ол алдыңда отырса, жарық пен көлеңке көрініс беріп, жұмысты жеңілдете түседі.


– Сырлы суреттеріңізге жыр арнаған ақындар да табылған деседі. Өзіңіз кітап та жазыпсыз. Сол рас па?


– Жер мен жесір дауын тақырыпқа арқау еткен «Жезкиік», «Дала зары» және Желтоқсан оқиғасына арналған картиналарға Тілек Халин өлең жазды. Өзім өлең шығармасам да, бұрынғылардың қара сиясымен монолог жазамын. Оның көбісі ата-баба шежіресі мен ру тарихына қатысты. Әкем жазған күнделіктің қолжазбасын көзімнің қарашығындай сақтап отырмын.  


Сөзіңіздің жаны бар, жиырма жасымда «Өнер» баспасынан 300 мың данамен «Қазақтың ұлттық ойындары» атты бояулар альбомын шығардым. Соның қаламақысына қазіргідей үш жер үй сатып алуға мүмкіндігім бар еді. Айтпақшы, Алматыдан кеткелі екі жылдан соң менің аты-жөнім көрсетілместен күнтізбе басылып шықты. Оны киоскіден көрген жұбайым баспаға барып, гонарардың 30 пайызын әзер алғаны бар (жымиып). Кейін басылған суреттердің түпнұсқасын Шаймардан Сариев атындағы  көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейіне тапсырдым. Міне, өнерде осындай әділетсіздіктер де орын алып жатады. Қазір соның бәрі де ескірмес естелікке, сап-сары сағынышқа айналды.    


– Естелік демекші, жүректе жатталған жүздесулердің бірін айтсаңыз.


– Менің марапат пен мерей, атақ пен абырой дегендерге жаным қас. Десек те, осынау өнерімді бағалаған Елбасының өзі табыстаған алғыс хаты атап өтуге тұрарлық. 2001 жылы Президенттің қабылдауында болу бақыты бұйырды. Оның сонда сыйлаған ұялы телефон  нөмірін жұбайым әлі қолданып жүр (Бұл ұялы байланыстың елімізге енді ғана еніп жатқан кезі болатын. Авт.). Өйткені, ол біз үшін өте ыстық.   


– Әдетте әр маусым сайын егін алқабы жаңартылып отыратыны белгілі. Өйткені, жерді демалдырғанда ғана оның құнарлығын арттыруға болады. Сол сияқты, бір адамның бойынан бірнеше өнердің табылуы сондықтан болса керек. Сурет салудан бөлек қолыңыздан тағы не келеді?


– Өте орынды айттыңыз. «Жігітке жеті өнер де аз» ғой, қосымша қолөнермен айналысамын. Ол әке-шешемнен дарыған шығар деп ойлаймын. Мен қандай өнер болмасын бүге-шегесіне дейін зор мән беремін. Мәселен, жоғарыда айтып кеткен жұмыс орындығымда «Z» (з) деген белгі бар, ол менің немерелерімнің есімдері. Сондай-ақ, табиғаттың тамаша тартуларын да ұмыт қалдырмаймын. Жайықтың жағасында келе жатып, бір ағашты тауып алған едім. Сол да кезекті қолөнер туындысын жасауға түрткі болды. Алматы мен Көкшетаудан әдейі әкелінген теректер де бар. Соның бәрін араластырып, бір бұйым жасап шығарамын.


– Кемел келешек пен жарқын болашаққа жоспарыңыз қандай?


– Алдағы уақытта жеке шеберханамды ашу ойымда бар. Оны уақыт көрсете жатар. Өзімнің мұражайым ашылып жатса да, таң қалмаңыз (күлімдеп). Кітап шығару да жоспарда тұр. Бірақ одан сурет өнері біз күткендей өркендеп кетуі екіталай. Себебі, оны көп болғанда мың адам ғана оқыр, сонымен бітеді бәрі. Алдағы уақытта ата-анамның ғибратты ғұмыры өмірі өткен үйдің макетін жасағым келеді. Жұмыс та, жоспар да жетеді, тек бәріне уақыт қажет.    


Бір жақсысы, қазір ғаламтор ғажайыптары бар ғой. Мәселен, мен әр жұмысымды «инстаграм» желісіне жүктеймін. Көргісі келетіндер содан тамашалап жүр. Соның өзі де жетеді. Одан артық насихаттың қажеті жоқ сияқты. «Мәселе бастағы бөрікте емес, сол бөріктің ішіндегі баста» деген ғой ғұламалар. Алпыстың асуынан да астық, енді бір сәт артқа бұрылып, ой түйіндейтін кез келгендей. Сондықтан сәл нәрсені жарнамалай берген жарамас. Қалай болғанда да, жұлдыз болу мақсат емес, жаңа жұлдыздарды жағу одан бетер маңызды. 


– Сөз соңында жанұяңыз жөнінде де айтып өтсеңіз.


– Әйелім – тіс дәрігері. Екеуміз Алматыда оқып жүргенімізде табысып, 24 жасымызда шаңырақ көтердік. Бүгінде ол зейнеткерлікке шығып, емдеу-сауықтыру бағытындағы кәсіпке бет бұрды. Тұңғышымыз – Гүлфайруз есімді қыз, ортаншымыз – Олжас, кенжеміз – Шыңғыс деген ұлдарымыз. Қызымыз тіл маманы, әрі дизайнер. Қазір ол киім тігумен айналысады, үш баласы бар. Олжасымыз өзімнің сыныбымда оқыды. Кейін Жүргенов пен сәулет институтын үздік тәмамдады. Қазір құрылыс саласында «Өркендеу» деген жеке фирмасын ашқан. Келінім Арайлым да – дизайнер. Шыңғыс қана экономика саласын таңдады.   


Сөз соңында суретшінің өз қолымен салған сирек суреттерін оқырман назарына ұсынамыз...

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости