Елдің саяси, экономикалық, мәдени дамуы тікелей білім деңгейімен өлшенеді. Осы ретте БҰҰ бекіткен Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім» ғаламдық күн тәртібінде аса маңызды орын алады. Мақсаттың түпкі мәні – әрбір адамның сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, инклюзивті, тең мүмкіндікке негізделген, заманауи талаптарға сай білім беру жүйесін қалыптастыру. Бұл бағытта елімізде бірқатар ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеді. Соның ішінде елдің ғылыми орталығы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесі ТДМ-4 қағидаларын нақты іске асырудың жарқын мысалы бола алады.ҚазҰУ-талай буынға білім мен тәрбие берген, ұлттық ғылымның алтын қорын қалыптастырған, халықаралық деңгейде мойындалған оқу ордасы. Университет қабырғасында мыңдаған жас маман тәрбиеленіп, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Бүгінде бұл білім ордасы жаңартылған оқу бағдарламалары, ғылым мен өндіріс интеграциясы, цифрлық инфрақұрылым, академиялық ұтқырлық секілді бағыттарды жүйелі түрде дамытуда.
Сапалы білімнің әлсіз тұсы қолжетімділіксіз мәнсіз болары анық. Осы бағытта оқу ордамызда әлеуметтік қолдау бағдарламалары жүзеге асып, грант көлемі жыл сайын кеңеюде. Әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан жастарға білім алуды жеңілдету тетіктері қарастырылған. Кампустағы жатақханалардың қолжетімділігі мен білім алушыларға арналған инфрақұрылымның дамуы жастардың алаңсыз оқып, ғылыммен шұғылдануына мүмкіндік береді. Сапалы білім маман даярлаудағы басты өлшем — оқу үдерісінің мазмұны.Университетте білім беру бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай жаңарып, теориялық білім тәжірибемен ұштасуда. Дуальды оқыту, практикалық сабақтар, тәжірибеден өту алаңдарының кеңеюі студенттердің кәсіби біліктілігін арттырады. Сонымен бірге академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы студенттер шетелдік университеттерде семестрлік оқу мүмкіндігіне ие болып, тілдік, мәдени және ғылыми көзқарасын кеңейтеді. Бұл-білім сапасын халықаралық деңгейге бейімдеу жолындағы маңызды қадам.
Университеттің ғылыми әлеует-ел дамуының интеллектуалды капиталы. ҚазҰУ жанындағы ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар, ғылыми орталықтар мен технопарк студенттер мен жас ғалымдардың зерттеу жүргізуіне қолайлы орта қалыптастырады. Жастар ғылыми жоба жасап, стартаптарын іске асырып, түрлі конференциялар мен форумдарда өз жұмыстарын ұсынады. Мұндай мүмкіндік жас зерттеушілердің еркін ойлауын, жаңашыл көзқарасын қалыптастырып, елдегі ғылыми прогресті жылдамдатады. Ғылымға ерте араласқан студент ертең кәсіби салада да көшбасшы болып өседі.
Цифрлық дәуір білім саласына да жаңа талап қойды. Осы бағытта ҚазҰУ цифрлық трансформацияны қарқынды жүргізуде. Электрондық кітапхана, онлайн-платформалар, білім беру ресурстарының цифрландырылуы студенттерге әлемдік ғылыми қорларға қол жеткізіп, уақыт пен кеңістікке тәуелділікті азайтты. Қашықтан оқу форматы пандемия кезеңінде уақыт сынынан өтіп, бүгінде оқу форматының бір тармағы ретінде дамып келеді. Бұл технологиялық серпіліс ТДМ-4 мақсатының «ғаламдық білімге ашық қолжетімділік» қағидатымен үндеседі.Әрбір университеттің мақсаты-диплом ғана емес, ойлай алатын тұлға тәрбиелеу. ҚазҰУ студенттері тек кәсіби біліммен шектелмей, азаматтық жауапкершілік, мәдени сауат, қоғамдық белсенділік, адам құқықтары мен заң үстемдігіне құрмет сияқты құндылықтарды да бойына сіңіреді. Университет қабырғасында өтетін форумдар, дебаттар, әлеуметтік жобалар жастардың тұлғалық дамуына ықпал етеді. Қорыта айтқанда, Тұрақты даму мақсаты – 4 «Сапалы білім» елдің келешегін айқындайтын стратегиялық басымдық. Осы міндетті орындауд оқу ордамыз атқарып отырған ісі білім мен ғылымды дамытудың, жастарға қолжетімді мүмкіндіктер жасаудың, инновация мен цифрландыруды ілгерілетудің нақты мысалы. Университеттің тәжірибесі еліміздегі білім беру жүйесінің әлеуетін көрсетіп қана қоймай, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті маман даярлаудың сенімді жолын ұсынады. Бүгінгі студент-ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат.
А.Бақтияр,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы

