Алматы қаласында заманауи үлгідегі «Үркер» білім беру орталығы салынады. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің дарынды оқушылары мен жастарға тең мүмкіндік беріп, олардың ғылым, өнер, технология және кәсіпкерлік салаларындағы әлеуетін дамыту арқылы Қазақстанның интеллектуалдық, мәдени және инновациялық өркендеуіне үлес қосатын жаңа көшбасшылар буынын қалыптастыру. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді. Оның хабарлауынша, бұл орталық еліміздегі дарынды балаларға арналған білім беру жүйесі дамуының жаңа кезеңіне айналмақ. Мұнда оқушылар халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа білім беру бағдарламалары арқылы ғылыми-зерттеу және шығармашылық қабілеттерін ашып, білімдерін шыңдауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар жаңа жобалардың бірі – SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасы. Оқу-ағарту министрлігі дарынды оқушылар мен педагогтарды қолдауға бағытталған SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. SMART Daryn бірыңғай тестілеу жүйесін қалыптастырып, олимпиадалар мен конкурстарды тіркеуден бастап қорытынды нәтижелерге дейінгі барлық процесті автоматтандырады.
Жаңа жоба оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ білім беру процесіне заманауи цифрлық технологияларды енгізуге арналған маңызды қадам.
Платформаның басты ерекшелігі – прокторинг жүйесін пайдалана отырып олимпиадалар мен конкурстарды онлайн форматта ұйымдастыру. Бұл әдіс зияткерлік сайыстардың әділ және ашық өтуін қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге, SMART Daryn қатысушыларға тәжірибелі тренерлерден кеңес алу, онлайн-оқыту арқылы білім мен дағдыларды жетілдіру, интеллектуалдық жарыстарға сапалы дайындалу мүмкіндіктерін ұсынады.
Мемлекеттік қолдау – дарынды балалардың қабілеттерін дер кезінде анықтап, олардың білім алу траекториясын тиімді құруға мүмкіндік беретін стратегиялық шешім. Бұл қолдау оқушыларға сапалы білім алуға, ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамытуға және кәсіби бағдарын айқындауға жағдай жасайды. Мемлекеттің жүйелі саясаты дарынды жастардың табысты тұлға ретінде қалыптасуын қамтамасыз етіп, ұлттық ғылым мен инновацияның дамуына, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің артуына ықпал етеді.