Тамақтану – баланың денсаулығы мен дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Дұрыс емес диета ағзаға, әсіресе, ерте жаста қатты теріс әсер етуі мүмкін. Дұрыс тамақтану бірнеше негізгі принципті ұстануды қамтиды: жеткілікті калория, ақуыз, май және көмірсулардың теңдестірілген қатынасы және витаминдер мен минералдардың қажетті деңгейі. БҰҰ Балалар қоры өкілдігінің Денсаулық сақтау және тамақтану бағдарламаларының үйлестірушісі Бауыржан Жүсіпов ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында балалық шақта салауатты тамақтану әдеттерін қалыптастырудың маңыздылығы туралы баяндады. Бауыржан Жүсіпов айтқандай, дұрыс тамақтану, көбіне, дене салмағының жетіспеушілігі немесе артық салмағы бар адамдардың үлесі бойынша бағаланады. Өткен жылы ЮНИСЕФ-тің көмегімен Ұлттық статистика бюросы бүкіл ел бойынша 20 мың үй шаруашылығын қамтыған зерттеу жүргізді.
«Алдын ала нәтижелерге сәйкес, 5 пен 9 жас аралығындағы балалардың 23%-ы артық салмақтан, оның ішінде 6%-ы семіздіктен зардап шегіп отыр. Бұл деректер Қазақстанның, әлемнің көптеген басқа елдері сияқты, балалар популяциясына да әсер ететін семіздік эпидемиясымен бетпе-бет келгенін көрсетеді. Бұл ретте семіздік ұлдар арасында жиі кездесетіні атап өтілді», - деді спикер.
Сондай-ақ ол ЮНИСЕФ ҚР Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктеріне білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары үшін тамақтанудың жаңа стандартын әзірлеуге жәрдем көрсеткенін хабарлады. Стандарт ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізіледі және оқу жылының басынан бастап балалар жаңартылған талаптарға сәйкес тамақтанады Айта кетерлігі, бүгінде 1,7 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылған.