RSS лента

Көптен күткен әлеуметтік зерттеу нәтижелері жарияланды

  • 22.05.2025, 10:00,
  • 37
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Қазақстанда мультииндикаторлық кластерлік зерттеудің (MICS) нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қабырғасында Ұлттық статистика бюросы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) қолдауымен өткізілген мультииндикаторлық кластерлік зерттеудің (MICS) нәтижелерін таныстырды. Бұл зерттеу – Қазақстандағы балалар мен әйелдердің жағдайына қатысты соңғы жылдардағы ең ауқымды әрі кешенді дереккөз болып отыр.

 

Зерттеу қорытындыларын Сенатта ұсынған Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев бұл жұмысқа еліміздің барлық өңірінен 24 мыңнан астам үй шаруашылығы қатысқанын атап өтті. Жалпы 14 мыңнан аса әйел, 2 мыңға жуық ер адам және 16 мыңнан аса бала сұралған. Қамту деңгейі 96,3% құрап, алынған деректердің репрезентативтілігі мен шынайылығын қамтамасыз етті. Зерттеу денсаулық сақтау, білім беру, өмір сүру жағдайлары, ерте даму және балалар құқығын қорғау сияқты маңызды салаларды қамтыды.

 

«Қазақстан бұл жаһандық зерттеуге осымен төртінші рет қатысып отыр. Біз балалы отбасылардың қажеттіліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін ауқымды мәліметтер жинадық. Мәселен, баланың 75,2% денсаулық, танымдық даму және психологиялық әл-ауқат бағыттарында даму көрсеткіштері бойынша оң нәтиже көрсетіп отыр. Сондай-ақ әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуы артқанын байқауға болады: егер 2015 жылы бұл көрсеткіш 6,6% болса, 2024 жылы 18,6% жеткен», – деді Мақсат Тұрлыбаев.

 

Зерттеу мәліметтері бойынша, 1-14 жас аралығындағы балалардың жазалау сипатындағы қатал тәрбие түрлеріне ұшырау көрсеткіші 2015 жылғы 52,7%-дан 2024 жылы 37,9%-ға дейін төмендеген. Зерттеуде тамақтануға қатысты мәселелер де қамтылды, нәтижесінде 5-9 жастағы балалардың 23,2%-ында артық салмақ байқалған. Зерттеу бойынша толық есеп биылғы маусым айында Бюро мен ЮНИСЕФ-тің ресми сайттарында жарияланатын болады.

 

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар: «Бүгінгі таңда Қазақстан аймақ елдеріне үлгі көрсетіп отыр. Бұл зерттеу тек қол жеткізілген нәтижелерді бағалауға ғана емес, сонымен қатар ұлттық және өңірлік деңгейлерде шешілуі тиіс өзекті мәселелерді анықтауға көмектеседі. Бұл – әр балаға тең мүмкіндік пен қорғаныс жағдайын жасауға бағытталған маңызды құрал», – деді.

 

MICS бағдарламасын ЮНИСЕФ 1995 жылдан бастап жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде әлемнің 118 елінде 350-ден астам зерттеу жүргізілген. Қазақстан бұл бағдарламаға 2005 жылдан бастап қатысып келеді. 2024 жылғы зерттеуге алғаш рет балалар еңбегі, негізгі оқу дағдылары, 5-9 жас аралығындағы балалардың бой-салмағын өлшеу, сондай-ақ білім, денсаулық, қоршаған орта және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа көзқарас тақырыптары бойынша жаңа модульдер енгізілді. Сонымен онда 15-24 жас аралығындағы ер адамдар да қамтылды.

 

Айта кетейік, бұл зерттеу Азия Даму Банкі (АДБ) мен БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды.

 

Азия даму банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің директоры Утсав Кумар:

 

«Қазақстан әйелдер мен балалардың әл-ауқатын арттыруға деген айқын ұстанымын көрсетіп отыр. MICS нәтижелері – адам капиталын нығайту, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында тиімді саясат пен бағдарламаларды әзірлеуге арналған құнды ақпарат көзі», – деді.

 

ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі және Қырғызстан мен Түрікменстандағы елдік директоры Чинве Огбонна: «MICS нәтижелері – Қазақстанға отбасын жоспарлау, әйелдер мен жастардың денсаулығы мен әл-ауқаты, зорлық-зомбылықты жою сияқты бағыттар бойынша ұлттық және жаһандық мақсаттарға қол жеткізу барысын бағалауға мүмкіндік беретін өзекті әрі сапалы деректер жиынтығы. ЮНФПА Қазақстан Үкіметімен, ЮНИСЕФ-пен және өзге де БҰҰ агенттіктері мен серіктестерімен ынтымақтастықты жалғастырып, деректер негізінде шешімдер қабылдау мен тиімді бағдарламалар әзірлеу ісінде қолдау көрсетеді», – деп атап өтті.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости