2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сәйкес, елімізде барлығы 8 мыңнан астам мектеп бар, онда 4 млн-ға жуық оқушы білім алуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев хабарлады. Оның айтуынша, биыл 9-сыныпты 364 мыңнан астам бала аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ 217 мыңнан астам түлек 11 сыныпты тәмамдайды. Мектептерде оқу мерзімі дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады.
Мектеп бітіру аттестаттарын тапсыру салтанаты 18-20 маусым аралығында ұйымдастырылады.
Ведомство өкілі былтыр алғаш рет барлық мектептерде оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілгенін атап өтті. Аралық емтиханды 5, 6, 7, 8, 10-сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады. Оған 1,7 млн оқушы қатысады.