Демек жазғы демалыс 1 маусымда басталмақ. Естеріңізде болса, бұл жаңашылдық былтыр әуелі бұқараның талқысына ұсынылғанда екіұдай пікір туындағанымен, министрліктегілер жаңа ереженің ең бірінші оқушылар үшін тиімділігін дәлелдеп бақты. Өткен оқу жылында бала мектепте күніне 8 сабақ өткен болса, биыл оның саны 6 ғана. Ал, мұғалімдер күрделі тақырыпты бір емес, бірнеше сағат асықпай түсіндіруге мүмкіндік алды. Арнайы зерттеулер оқушының түскі сағат 12-ден кейін күрделі пәндерді қабылдауы қиындап, оқу қабілеті төмендейтінін көрсеткен. Сондықтан, оларды ертерек босату туралы нақты шешім қабылданған еді. Мұғалімдер де мұның әсіресе, жаратылыстану бағытында тереңдетілген мектептер үшін оңтайлы шешім екенін айтты.
Республиканың Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова өзінің Facebook парақшасында елде 18 мыңнан астам балабақша, мектеп және арнаулы орта оқу орны биылғы оқу жылын аяқтағалы отырғанын мәлімдеді. Вицеминистрдің айтуынша, осы жылы 288 мыңнан астам түлек ІХ сыныпты аяқтаса, ХІ сынып түлектерінің саны 172 мыңнан асады.
– 31 мамыр – оқу жылының соңғы күні. Бұл күні барлық мектептер бекітілген кестеге сәйкес сабақтарын жүргізеді. Сабақ соңында әрбір сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Оның сценарийін мұғалімдер әр сыныпқа сай, яғни оқушының жас ерекшелігіне қарай дербес әзірлейді. Ондағы мақсат – оқу жылын қорытындылау, 90 күнге созылатын жазғы демалыс кезеңіне балаларды әзірлеу, - деді Шолпан Таңатқызы.
Министрлік өкілінің айтуынша, дәстүр бойынша мұғалім сынып сағатында оқу үшін әдебиеттер тізімін, сондай-ақ, қарауға фильмдер тізімін ұсынады. Қауіпсіздік шараларын, алдын ала жоспарланып ұйымдастырылған демалыстың артықшылығын, қосымша білім беру мекемелеріне қатысудың тиімділігін, еңбек етудің пайдасын, әке-шешесі мен ата-әжесіне көмектесудің қажеттілігін айтады. Сынып сағатының мазмұнды бір бөлігі патриотизм, отанды сүю, достық, татулық, ел тарихына, саяси репрессия мен аштық құрбандарының есімдеріне құрмет таныту тақырыптарына бағытталады.
Биыл да мектептер салтанатты шара өткізу немесе оқу жылын сынып сағаттарымен аяқтау жөніндегі шешімді ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңестерімен ақылдаса отырып қабылдайды. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова ведомствоның бұл мәселеде мектептерде бар дәстүрлерді қолдайтынын, дегенмен нормативтік[1]құқықтық заңнамада мұндай шаралар бұрын-соңды болмаған және қазір де жоқ екенін атап көрсетті.
«Жалпы орта білім беру туралы аттестатты ХІ сынып бітірушілерге тапсыру салтанатын өз мектептерінің қабырғасында 20-22 маусым аралығында өткізуді ұсынамыз. Атап өтер жайт – сынып сағаттары, салтанатты линейкалар, аттестат тапсыру шараларын өткізгенде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге, аниматорлар, мерекелік кеш ұйымдастырушы агенттіктер және жеке студияларды шақыруға, мектеп әкімшілігі мен педагогтарға сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынады» - деді вице-министр.
Техникалық және кәсіби білім беру мекемелері бойынша қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жалғасады. Ал, диплом тапсыру салтанатын 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізу ұсынылған. Негізгі орта мектеп түлектері үшін қорытынды емтихандар 2-13 маусым, ал ХІ сынып бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар 5-19 маусым аралығында өтпек.
Оқу жылы аяқталысымен ата-аналар балаларының жазғы демалысын тиімді өткізбек ниетте лагерь іздей бастайды. Тіпті, қазірдің өзінде ата-аналар жазғы демалыстың қамына кірісіп кеткен.
– Қазір жазғы демалысқа баратын бүлдіршіндердің сұранысы жинақталып, саны анықталып жатыр. Көптеген балалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаздық сауықтыру жолдамасы» әлеуметтік жобасы аясында демалады, - дейді мамандар.