Бүгін – Еріктілер күні. Экономикалық және әлеуметтік дамуға көмек көрсетуші еріктілердің халықаралық күні деп те аталатын мерекені БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен және ол жыл сайын 5 желтоқсанда атап өтіледі. Қазақстандағы еріктілер қозғалысы 240 мыңнан астам жанашыр адамды қамтиды. Олар мұқтаж жандарға қол ұшын созуға әрдайым дайын әрі экологиялық, әлеуметтік мәселелерін шешуге, іздестіру-құтқару жұмыстарына атсалысады. Өз елінің нағыз патриоттары өз игі істерімен қазақстандықтардың алғысына бөленіп, өмірімізді жақсы жаққа өзгертуге ықпал етіп келеді.
Осы орайда, Астанада Халықаралық волонтерлер күні аясында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының және «Игі істер марафоны» жобасының жеңімпаздары марапатталды. «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы негізінде арнайы комиссия 15 бағыт бойынша 118 үміткердің өтінімін қарады. Қорытындысы бойынша 47 үміткер жеңімпаз деп танылды. Халықаралық волонтерлер күнін мерекелеу аясында Қазақстан халқы арасында волонтерлік және қайырымдылық мәдениетін дамытуға бағытталған «Игі істер марафоны» жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Айта кетейік, «Игі істер марафоны» жобасы 2024 жылғы 9 шілде мен 1 желтоқсан аралығында ұйымдастырылды. Марафон аясында 7 мыңнан астам игі іс жасалды, ал оның қатысушыларының саны 50 мың адамға жуықтады. Іріктеу нәтижесінде 20 үміткер жеңімпаз атанды.