«Қазақ тілі – қазынам»
Біздің алғашқы қонағымыз атыраулық Полина Қабдолкәрімова ұлты орыс болғанымен қазақ тілін жетік меңгерген. Оның тағы бір ерекшелігі – қазақтың жігітіне тұрмысқа шыққан. Отыздан енді ғана асса да, өзге ұлтқа келін болудың артықшылықтары мен өмірден түйгендері туралы Полина бізбен ой бөлісуден тартынған жоқ. Ресейдің Астрахан қаласында дүниеге келген Полина отбасылық жағдайына байланысты екі жасынан бастап, Мақатта тұратын нағашы әжесі Лидия Демидованың тәрбиесін алыпты.
– Әкем Андрей мен анам Ирина Командиковтердің екеуі де орыс. Балабақша мен мектепті Мақат ауданынан тәмамдап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне грантқа оқуға түсіп, дипломымды алдым. Азаматпен танысып, сөзіміз жарасқан соң оған тұрмысқа шығуға келісім бердім. Отағасы он жылдан бері әскери авиацияда жұмыс істейді. Азамат екеумізді бір-бірімізге деген шынайы махаббат тоғыстырды. Сондықтан менде қазақ жігіттің сүйген жары, отбасына келін, жеңге, абысын болуда еш үрей болған жоқ. Өйткені өзімнің ұлтым орыс болғанымен, қазақ халқына деген құрметім ерекше. Керісінше әжем мен анам алғашқыда менің тағдырыма алаңдағаны рас, «менталитет басқа, қоғамда түрлі стереотиптер бар» деген секілді мазасыз ойлары болды. Бірақ уақыт өте келе бұл күмән-күдік сейілді. Өйткені мен келген жеріме тез сіңісіп кеттім. Бала кезден қазақтардың ортасында ойнап өскен соң қазақы тәлім-тәрбиені көбірек қабылдадым. Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы маған таңсық емес. Бала кезімнен қазақтың барлық құндылықтары мен игіліктерін көріп келемін, – деді Полина Андреевна.
Оның ойынша, кез келген адам өз ұлтының тілін, тарихы мен дінін жетік білуі тиіс. Полина өз ұлтының да қағидасын қатаң ұстанып, орыс екенін де жасырмайды, әдет-ғұрпынан да бас тартқан емес.
– Қазақ жігітке тұрмысқа шығып, оның түтінін түтетіп отырған соң «қазақтың келіні» деген атаққа кір келтіргім келмейді. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен аттап өтпеймін. Отбасымызда сәбилер дүниеге келгеннен бастап барлық салт-дәстүр, жөн-жоралғылар қатаң сақталады, оларға қазақы тәлім-тәрбие беріледі. Біздің он жастағы Айнель, Жанель есімді егіз қызымыз бар. Олар спортты жақсы көреді, таеквондоға қатысады. Өзім қазақтың ұлттық киімдерін киемін, әдемі әшекей бұйымдарын да тағамын. Жұма сайын үйде шелпек пісіремін. Ұлттық тағамдар дайындаймын. Бірақ мұның барлығы менің өз ұлтымнан, тілімнен бас тартқанымды білдірмейді, әрине. Қазақы құндылықтарды жетік біліп тұрсам да, қазақтың келіні, сүйікті жары, аяулы анасы болсам да менің өз ұлтыма сый-құрметімнің де зор екенін айтқым келеді, – дейді П.Қабдолкәрімова.
Отағасының түтінін түзу ұстап отырған қайыненесі Айжан да келінінің алған тәлім-тәрбиесі жақсы екенін айтады. Үш ұлдың ортаншысы Азаматтың жұмыс бабына байланысты іссапарлары да көп. Әйтсе де, Полинаның абысын-келінімен татулығының арқасында ол да білінбейді. Әрқайсысы бөлек отау болғанмен бұл шаңырақтың несібесі мол, дастарқаны әркез жаюлы. «Абысын тату болса ас көп» деген қағидаға берік, өзі енесіне ұқсағанын да жасырмайды. Екі жасынан нағашы әжесінің қолында өскен Полина үшін Атырау топырағы туған жері іспетті. Сол себепті оған Қазақ елі – оның қадірлі Отаны, Атырау өлкесі ыстық әрі қымбат.
– Атырау өңірі – менің Отаным, сүйікті мекенім. Мен бұған дейін ресми түрде Ресейдің азаматы едім. Енді осы жерде мәңгі қаламын, ешқайда көшпеймін деген шешім қабылдап, жуырда ғана Қазақстанның азаматтығын алдым, – дейді Полина.
Алғаш еңбек жолын бастаған №38 мектеп-лицейдің мұғалімдігінен Әл-Фараби атындағы «BINOM SCHOLL» мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ауысқанына көп бола қоймапты. Кейде пән ұстаздары қазақ сыныбында оқитын шәкірттеріне орыс тілін үйретуде қиналып қалатыны жасырын емес. Ал, әзірге Полина мұндай кедергіге кездеспепті. Өйткені ол қазақ тілін жетік түсініп, еркін сөйлей алады, сондықтан қазақ балаларымен түсінісуі де өте жеңіл.
– Партада отырған оқушының барлығы оның ұлтына қарамастан, мен үшін бірдей. Бәріміз бір шаңырақтың астына топтасқан соң Отанымыз бір, мекеніміз ортақ. Қиын-қыстау кезеңде біздің ата-бабамызға кең құшағын ашқан дарқан халыққа мен де мың алғыс айтамын! – дейді Полина Андреевна.
Оның бала күнгі арманы журналист болу екен. «Ауылда кішкентай кезімнен бастап көршілерім, ағайын-туыс, таныстарым мені «тележүргізуші Майя Веронская» деуші еді. Соның әсері ме, мен «міндетті түрде журналист, телеарнада диктор боламын» дейтінмін. Бірақ мектеп бітірер кезде ойым өзгерді. Қыз баламын ғой, алдағы уақытта тұрмысқа шыққанда журналистиканың қызметін отбасылық жағдаймен қатар арқалау қиынға соғатынын терең түсініп, мұғалімдік мамандықты таңдауға шешім қабылдадым. Қазір бұл шешіміме еш өкінбеймін. Маған балаларға ұстаздық еткен ұнайды. «Жеті жұрттың тілін біл» демекші, қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ағылшын тіліне де қызығушылық танытып үйренген едім. Қазір оны дамытуға қайтадан басымдық берсем деймін, – дейді ол.
Полина Қабдолкәрімова «бүгінде елімізде достық пен татулық, бауырластық салтанат құрса, оның ең басты дәнекері де қазақ халқының өзі» деді, біз ойланып қалдық. Соны сезгендей ол көп ұлтты бір шаңырақ астына тоғыстырған Алаш жұртындағы татулық пен бірліктің нығая түсуін тіледі. Ал әр отбасының ұйытқысына айналған әйел затының «қазақтың келіні» деген атқа әбден лайық болуы қоғамда ұлттық құндылықтарды да ерекшелей түсетінін айтты. Қазақтың бір шаңырағының берекесін айрандай ұйытып отырған Полинаға біз де өз ықыласымызды білдірдік.
Қазақшаға судай орыс қызы
Ал, Атырау қаласы полиция басқармасы №2 қалалық полиция бөлімінің жедел басқару орталығының кезекші инспекторы, полиция майоры Надежда Кожевникованы жұртшылық жақсы таниды. Өйткені, ол қоғамдық тәртіпті сақтауда тындырымды еңбек етіп қана қоймай, түрлі шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Мемлекеттік тілге жетік, өзінің ойын еркін жеткізе алады.
– Надежда Алексеевна, қазақ тілін жақсы меңгеріп алыпсыз…
– Иә, біз Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданындағы ауылда өстік қой. Қазақ тілі маған сол жердің ауасымен, топырағымен, адамдардың мейірімімен сіңген. Тоқсан пайызы қазақ ұлтын құрайтын алақандай ауылдағы адамдардың бәрі туысымдай болып кетті. Әсіресе, қазақ халқының «айналайыны» ерекше ұнайтын. Сол бір ғана сөзде жылулық, бауырмалдық, мейірімділік, жақсы көрушілік сезімдері сыйып тұратын еді. Өзге ұлтты тану үшін – оның тарихы мен тілін білу керек. Өз Отанымның, туған жерімнің ұлттық мұраларына, тіліне, салтына құрметпен қарауды борышым деп білемін. Мектепті, жоғары оқу орнын орыс тілінде оқып бітірсем де, қазақ тілін ұмытқан емеспін. Себебі, әлі де айналамдағы адамдармен, кызметтестеріммен мемлекеттік тілде сөйлесемін.
– Қазіргі уақытта Атырау қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығында кезекші инспектор қызметіндесіз. Қаланың тәулік бойғы дамылсыз қозғалысы, тынымсыз тынысы сіздің бақылауыңызда ғой…
– Иә, қызмет қырағылықты, жеделдікті, сонымен қатар жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі уақытта Атырау қаласының көшелерінде 759 бейнебақылау камерасы іске қосулы. Ол құқықбұзушылықтың алдын алып, қылмыстың жолын кесуге зор мүмкіндік береді. Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен бірнеше мыңдаған құқық бұзушылық анықталды, түрлі қылмыс ашылды. Қоғамның тыныштығы мен қаланың қауіпсіздігі үшін өзімді жауапты сезінемін. Материалдық-техникалық жағынан мықты жабдықталған қуатты полиция – ел тыныштығының кепілі екені анық.
– Сіз қызмет ететін мекемеде құжат айналымы қай тілде жүргізіледі?
– Облыс ішкі істер органдары түгелдей мемлекеттік тілге көшірілген, аппараттық, жедел кеңестер, өзге де жиындар мемлекетік тілде өтеді. Құжат айналымының 99,6 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ауызекі сөйлей білумен қатар, құжаттарды сауатты дайындай білуге үйрету мақсатында ІІД жанынан ішкі істер органдары қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқыту курсы өткізіледі. «Қос тіл – қос қанатың» демекші, орыс тілімен қатар қазақ тілін де меңгеруім мені қандай ортамен де еркін байланысуыма, қызметімде жетістіктерге жетуіме мүмкіндік береді. Мен мемлекеттік тілде сөйлей алатынымды мақтаныш етемін, оны және биік мәртебе көремін.
Тіл – татулық тірегі
Елде тыныштық, бірлік барда ғана мемлекет дамиды, гүлденеді. Бұл – қалтқысыз қағида. Елдің ынтымағын сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелер жауапкершілік мол. Осы орайда Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәншүк Мәменовамен әңгімелесіп, көкейдегі көп сауалға жауап алған едік.
– Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілі бар. Олар ана тілін үйренуге, баспасөзге, бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік алды. Олар өздерінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын осы күнге дейін сақтай отырып, ұлттық мерекелерін еркін тойлай алады. Ал, олар мемлекетіміздің нығаюына қандай үлес қосып отыр?
– Кешегі өткен сессияда ел Президенті тіл мәселесін де көтерді, - деді ол. – Мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету мақсатында «Қоғамдық келісім» КММ-сі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ-сі арасында Меморандум жасақталып, «Тіл» орталығы жасақтаған жоспар аясында оқу курсына этнос өкілдері белсенді қатысуда. Мемлекеттік тілді оқыту кезінде замануи білім беру технологиялары, жаңа әдістемелік құралдар қолданылуда.
Сонымен қатар, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Короблевтің бастамасымен өңірдегі 6-67 жас аралығындағы этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді тегін оқыту курсын ұйымдастыруда. Алдағы уақытта «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жаңа тағайындалған төрағасы Н.Тикаевтың қолдауымен мемлекеттік тілді үйрету курсын ашу жоспарланып отыр. Облысымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әзербайжан, өзбек, неміс, грузин, орыс, украин этнос өкілдері қазақ тілін жеңіл үйрену жолдарымен бөлісті. Мақал-мәтелдер, ұлағатты сөздерден құралған бейнеролик дайындалды. Облыстық этномәдени бірлестіктері төрағаларының, қоғамдық келісім, Аналар кеңестері, қоғамдық пікір көшбасшыларынан құралған ақпараттық-түсіндіру топтары қала және аудандық, ауылдық деңгейлерде этносаралық қатынастарды нығайтудың тетіктерін түсіндіру, этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық пікір, жақсы көңіл-күй қалыптастыру, қазақстандық қоғамда азаматтардың толерантты санасын, бейбітшілік пен келісім мәдениетін қалыптастыру мақсатында кездесулер өткізді.
Осы орайда, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің өкілі Андрей Короблевтың да пікірін білген едік...
«Қазір еліміздің бірқатар өңірінде көктемгі су тасқыны орын алып жатыр. Сол себепті Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясының онлайн форматта өткені өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған сессия отырысында елде болып жатқан мәселелерді жәй айтып қойған жоқ, оның шешімдерін де атап өтті. Үкімет тарапынан және өз атынан үлкен көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ ол өз сөзінде Ассамблеяның қоғамды бірлікке шақыратын ұйым екендігін дөп басып айтты. Қазіргі қиын-қыстау уақытта халықты ынтымаққа шақыра алғанымызды жеткізді. Сондай-ақ жиын барысында мемлекеттік тілге баса назар аударылды. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіқ тілі – ұлтаралық тілге айналуы қажет. Мен мұны құптаймын. Себебі қазақ елінде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері қазақ тілін құрметтеп және сол тілде еркін сөйлей алуымыз керек» дейді ол.
Сондай-ақ, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жаан Мұрадова да осындай ойда екенін жеткізді.
– Бірлік пен татулықты нығайту – ел болашағына саналы, сауатты тұрғыда қараудың басты құралы, - дейді ол. – Келешек кемел болуы үшін ең бастысы әр адам бейбітшіліктің мәңгі орнауына ниеттес болып, соған сай әрекет еткені жөн. Біздің елдегі ұлттардың достығына ешқашан сызат түспесе екен деймін.
Отанға деген патриоттық рухты арттырудың басты жолы мемлекеттік тілге құрметтен басталуы тиіс. Осы бағытта біз жуырда «Uptivity Education» тіл үйрету орталығын іске қостық. Біздің басты мақсатымыз – өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп, елдік сезімдерін ояту. Сол арқылы бірнеше шетел азаматының қазақ тіліндегі сауатын ашамыз. Жуырда Ресейден келген дәрігерлер, заңгерлер мен студенттер курсқа тіркелді. Әрбір тіркелуші 2 ай оқып, тілді базалық деңгейде меңгеріп шығады.
Айтулы мереке форматын өзгерткен әрине, дұрыс. Өйткені, қазір қоғамға шын пайдалы дүниелерді іске асыратын уақыт жетті. Мен «Кітап оқу, қазақ тілін үйрену» акциясын ұйымдастырар едім. Қазақ тілі, оның мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы кітаптарды тегін таратқым келеді. Сондай-ақ, кітап алмастыру акциясы өте қызықты. Өзге этнос өкілдері өз ұлты, мәдениеті мен құндылықтары туралы жазылған еңбектерді бір-біріне ұсынып, оқып жатса қандай ғанибет!
Енді бір қызық оқиғаға ойыссақ, атыраулық кәріс ұлтының өкілі Арсен Кимнің қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Жасөспірім облыс орталығындағы А.С. Пушкин атындағы орта мектептің 7-ші қазақ сыныбында оқиды. Пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыстар жүлдегері.
Қазақ тілін жетік меңгерген кәріс баласы ұстаздарын түрлі жетістіктерімен қуантып келеді. Арсен Ким жуырда өткен қалалық олимпиадада математика пәнінен 1-ші орынды иеленіп, мектебінің мәртебесін көтерген. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын бала қазақ тілін әлемдегі ең әдемі тіл деп есептейді. Және жанына жақын тілде білім алып жатқанын мақтан тұтады.
Арсен Ким қазақтың ұлттық ойыны асық атудан алдына жан салмайды. Биыл ол асық атудан өткен қалалық турнирден 1-орынды иеленіп, облыстық турнирде жүлделі 4- ші орынды алған. Гандбол, баскетбол үйірмелеріне де қатысады.
Тіл тек қатынас құралы емес...
– Тілдік норманы сақтау – ұлттық бірегейлікті сақтау қазақ тілі мәдени мұраның ең бай көздерінің бірі болып табылады. қазақ тілінде тілдік норманы сақтау ұлттық бірегейлікті сақтау мен нығайтуда, мәдени мұраны байытуда және азаматтық қоғамды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, - дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Құралай Мұхамади. – Тілдік норманы сақтау туралы әңгіме грамматика мен лексиканы дұрыс қолдануды ғана емес, сонымен қатар, тілдің мәдени және тарихи ерекшеліктерін құрметтеуді де қамтиды.
Қазақ тілі – қарым-қатынас құралы ғана емес, қазақ мәдениеті мен бірегейлігінің негізгі элементі. Тілдік норманы сақтау ұлттық сана-сезім мен мәдени мұраны сақтаудың ажырамас бөлігі. Бұл ретте, басты мақсат – грамматикалық құрылымдарды дұрыс қолдану, дұрыс айтылу мен екпін, қолданылатын сөздердің жалпы қабылданған нормаларға сәйкестігі. Қазақ тілінде тілдік норманы сақтау тек лингвистикалық қана емес, әлеуметтік мәдени маңызы да бар. Бұл халықтың мәдени мұрасы мен бірегейлігін сақтауға ықпал етеді, ұлттық мақтаныш пен өзін-өзі құрметтеуді нығайтады. Көп азаматтар стилистикалық қателіктерге жиі ұрынады. Қалыптасқан сөздердің де талғамсыз, стилистикалық қателерге жол беретіндігі кездеседі. Мысалы, “Олар сонау бір кездегі Қажымұқанның арманын іс жүзіне асырып келеді”, “бұл жұмыстың мәні аз дәрежесінде емес”. Содан барып бірқатар кемшіліктерге жол бердім” т.б. (газеттен). Сөз қолданудың бұл үлгісінен ресми құжаттар мен кеңсе іс қағаздарының ықпалы баса сезіледі. Мен Каюпбаева Әсем гидрология мамандығында оқимын. Өзім оқитын осы ортада тілдік норманың көп сақталмайтынын байқаймын. Тіпті біз күнделікті сөздерді қолдану кезінде де бірнеше қателіктер жіберіп жатамыз. Мәселен, «автобусқа отыру», «қобыз, домбырада ойнау», «қарапайымдылық», «киіз үйді құру» дегенді алып көрелікші. Бұлардың барлығы тілдік нормаға сай емес. Қазіргі таңда осындай қате қолданыста жүрген сөздер өте көп. Сондықтан, бұл жағдайда нормаға назар аудару маңызды. Тілдік норманы сақтай отырып, қазақ тілінде айтылған әрбір сөз қазақ мәдениеті мен дәстүрлеріне деген адалдықтың айғағы болып табылады. Қазақ тілінде тіл нормасын сақтаудың маңызды аспектілерінің бірі тілдің тарихи және мәдени ерекшеліктерін құрметтеу десем, артық айтқандық болмас. Қазақ тілі грамматикалық жағынан ғана емес, лексикалық жағынан да бай. Ол қазақ халқының мәдениетінің байлығы мен алуан түрлілігін, оның тарихи дәстүрлері мен әдет ғұрыптарын бейнелейді. Қазақ тілін қолданған кезде оның тарихи мән-мәтінін және сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын есте ұстаған жөн.
Қалыптасқан сөздердің бір қатары кез келген жерде орынсыз қолданылатындығы байқалады. Мысалы, өндіру сөзі мынадай тіркестерде қолданылып жүр: астық өндіру, сүт өндіру, жүн өндіру, қаракөл өндіру, жұмыртқа өндіру, т.б. Осында қолданылған өндіру сөзінің бәрі бірдей өз орнында тұрған жоқ, стилистикалық жағынан дұрыс қолданылғандары да бар. Қорытындылай келе, қазақ тіліндегі тілдік норманы сақтау қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау мен дамытуда шешуші рөл атқарады. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал етіп қана қоймай, қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтады.
Асылы апайдың ақылы
Қазір қоғамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Асылы Османның пікірі қызу талқылануда.
– Мəселен, жуырда Петропавлдағы бауырлардың сəл де болса бас көтеруі маған мүлдем ұнамады, - деді ол бізге берген сұхбатында. – Біз бұған дейін бұл қалаға «Қызылжар» атауын беру жөнінде біраз қадам жасағанымыздың өзі елдік тұтастығымызды нығайту емес пе еді?! Ал, көршілес елдердегі қақтығыс пен соқтығысты пайдаланған арандатушылардың əрекетіне, олардың жетегіне еру барып тұрған сатқындық. Бұдан басқа, былтырғы қаңтардағы оқиға да ел-жұртты дүр сілкіндірді. Мұндай жағдайлар сырттан келгеннің де, өз арамыздағы кейбіреулердің де ниетінің дұрыс емес екенін байқатып қалып жүр. Сондықтан, елдік тұтастығымызға нұқсан келтіргісі келгендердің алдын алу маңызды. Бұл үшін əуелі 30 жыл бойы тəуелсіздіктің тірегі болған бірлігіміз бен достығымызды алға қою керек. Осынау байтақ далаға сонау отызыншы жылдардан бері өзгелерді тоғытып əкелгенде кеудесінен итермей, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқының дархандығында шек жоқ қой, шіркін! Өз басым дана халықтың мейірімділігі мен қайырымдылығына, кішіпейілдігі мен ешкімді бөліп-жармайтын ақкөңілдігіне ерекше бас иемін. Сол кездегі жалпы тіршіліктің ұйытқысы болып, бірлік пен тыныштықтың бастауында тұрған қазақ болатын. Біз еш нəрсені халықтан жасырмауымыз керек. Дүниеде əділеттілікке, шынайы шындыққа ештеңе жетпейді. Бірақ, əрқайсымыздың өзіндік шындығымыз бар. Сол көп шындықтың бір ақиқаты болуы тиіс. Қандай нəрсе болса да осы ақиқатқа жүгіну маңызды. Бұл ақиқат – елдегі тыныштықтың да, ұйытқының да негізі болатын осы топырақтың иесі – қазақ халқы. Қазақтың жан дүниесін ұғып, оның болмысына бойлау үшін қазақпен етене жақын болып, оның тілін білу керек. Сонда ғана осы халықтың жанын ұғасыз, оның кім екенін, сізге жасаған қадір-қасиетін ерекше сезінесіз, əрі қастерлейсіз.
Елде кейбір түсінбестіктің болып жатқанын сөз еткенде əңгіме ауаны тіл тағдырына келіп тіреледі. Осы уақытқа дейін қазақ тілін өз тұғырына қондыра алмағанымыз біраз келеңсіздікті туындатты. Əрине, əлеуметтік жағдай қай елде оңып тұр дейсіз?! Керісінше, кейбір көрші мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанның əл-ауқаты көш ілгері. Бірақ, кейінгі кезде бай мен кедейдің арасындағы алшақтық көбейді де, келеңсіздіктердің көпшілігі соның кесірінен болып тұр. Мұның барлығы – əділетсіздіктен! Төле би бабамыздың «Халқыңа əділ бол! Жауыңа қатал бол! Досыңа адал бол!» дегені бар. Осы принципті қазақ топырағын басып, суын ішіп, ауасын жұтып жүргеннің бəрінің бірдей сақтай алмай отырғаны өкінішті. «Жатсыну – жаттың ісі, жатырқамау – хақтың ісі», ол анық. Ендеше, біз неге хақтың ісін ұстанбаймыз? Қазақ осыншама халықты өзінің төріне шығарып, орнықтырғанда бір сəт те жатсынып, қабақ шытқан жоқ қой. Сондықтан, біздің осындай дархан халыққа қайтарымымыз болуы қажет. Оңнан солға, солдан оңға оқысаңыз да бір мағына беретін «қазақ» атауы еш жерде кездеспейді, тек осы ұлтқа ғана тəн. Қазақтың даналығына да, даралығына да бəс жетпейді. Қазақты құрметтеп, тілін, салтдəстүрін бойына сіңіріп алғаны соншалық, тіпті сыйлас құдандалы болып етене жақындасып жатқандар əрине бар. Бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, арамызда арандатушылардың бары көңілге кірбің түсіреді. Негізінен бір адамның қолынан ештеңе де келмейді. Жалпы қоғам болып тыныштық пен бірлікке, ынтымаққа жұмылған жөн. Осы нəрсені бізге əлі де айта түсу керек. Адам бойындағы қазақ халқына деген патриоттық сезімді арттыруға, елін, жерін сүюге негіз болатын ең басты құрал – тіл. Ал, тіл ортақ болмай, қоғамның топтаспайтыны анық. Егер біз бір-бірімізді ұқпасақ, басымыз қалайша бірігеді? Сондықтан мен тілді ұлттың жаны, рухының үні, ең құнды алтын қоймасы дер едім. Араб тілі – басты тіл, парсы тілі – тəтті тіл, түріктің тілі – өнерлі тіл. Сол өнерлі тілдің ішіндегі ең құндысы да, шұрайлысы да, ең байы да – қазақтың тілі. Мəшһүр Жүсіп айтқандай, қазақтың тілі – гауһар тіл. Осының барлығын біле тұрып, біз неге өз жерімізде, өз топырағымызда тұрып 30 жыл бойы мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыра алмаймыз? Елдегі кейбір азаматтардың қазақ тілін білмегендіктен де ұлтты қадірлей алмай, халықтың асқан ерекшелігі мен болмысына бойлай алмай жатқаны рас. Соның кесірінен патриотизмнің төмендігі байқалады. Қазір ұлдардың əскерден қашып жатқаны да содан. Шұрайлы тілдің қадірін жетік білмегендіктен де тəрбие деген ауыл алыстап барады. Бүгінде əлемдік деңгейде білім алған əрине, жақсы. Бірақ қазақ тілін, ата-бабадан мирас болған дəстүрлерді біртіндеп ұмыта салуға болмайды. Бала былдырлап тілі шыға бастағаннан қай тілде сөйлесе, қай тілде білім алса, кейін сол тілде ғана қызмет етеді. Ал, қазақтың кемеңгерлігі мен құндылықтарын ұрпақтың бойына дарыту үшін əуелі тіліңмен сол тəрбиені жеткізе білу керек қой. Мен қазақ халқын ерекше құрметтеймін. Дана халықтың алдында арым таза, жүзім жарқын болсын деп, Махамбеттің тілін қылыш ету үшін, Абайдың, Мұхтардың, Ахметтің, Мағжанның тілін ырыс ету үшін үйрендім. Құдайға шүкір, қазақтың өткір, шұрайлы, бай тілін орны келгенде Махамбетше қылыш етіп пайдаланамын. Құдіретті сөзден өткір ешнəрсе де жоқ. Міне, қазақтың тілінің арқасында мен осы халықтың жан дүниесін ұғамын, терең түсінемін, қадірлеймін. Қазақ та мені солай биікке көтеріп, бауырына басады, маңдайымнан иіскеп, арқамнан қағады, басымнан сипайды. Орыс тілді мектептерде оқып, білім алған бала сіз жығылып жатсаңыз, үстіңізден аттап өтеді. Ал, қазақ тілінде оқып білім алған ұрпақ мүмкіндігінше тұрғызады, демейді, сүйейді, қамқорлығын жасайды. Əлгіндей шамасы жетпей жатса, аттап емес, айналып өтеді. Бұл тіл арқылы бойына дарыған адамгершілік пен имандылығынан. Тіл – бір-бірімізді ұғындырушы, түсіндіруші құрал дегенімізбен, бұл ұлттың ең құнды дүниесі екенін ұмытпасақ игі.
Жасыратыны жоқ, қазір батысқа қарай бет бұрып, қазақы құндылықтардан біраз алыстап барамыз. Бала кезімізде қазақтың ұлттық салт-дəстүріне ерекше мəн берілетін. Бүгінде оны қайта жаңғыртып, алға жылжудың мəні зор. Отбасы – мектеп – қоғам. Осы үш тағанның тығыз байланысы керек. Осы тұста негізгі əңгіме ауаны тағы да тілге келіп тіреледі. Қазақ тіліне деген сұраныс мықты болуы керек. Талап қажет. Осыдан келіп адамда оны түбегейлі үйренуге ниет пайда болады. Мəселен, біз балаларды шетелге оқуға жібереміз. Олар қалай десе де бір жылдың ішінде сол елдің тілін меңгеріп алады. Неге? Мұның себебі əрине қажеттіліктен. Осы секілді Қазақстанда да қазақ тіліне деген қажеттілікті қалыптастыру керек. Біздің елде сырттан келгенді айтпағанда өз ішімізде қазақ тілін сұрамайды, мемлекеттік тілдегі сөйлеу деңгейін тексермейді. Керісінше, орыс тілі мен ағылшын тілін білуге басымдық берілген. Кейінгі кезде ағылшын тілі сұраныста. Адамға бірнеше тілді меңгерген əрине дұрыс. Қанша тіл білсең өзгеден сонша озық тұрасың. Бірақ өзің тұрған елдің мемлекеттік тілін меңгеру осы елдің ауасын жұтып, топырағын басып жүрген əр азаматқа ортақ болғаны жөн. Сонда ғана қазақ елінде ұлтқа, елге деген патриоттық рух артады. Содан кейін осы далада жүрген əр адамда «елім, мемлекетім» деген сезім пайда болып, қазақты сүюге деген ниет күшейеді. Қазақ «малымды алсаң ал, ниетімді алма» деп бекерге айтпаған ғой.