Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 5 сотталғанға қатысты үкімін апелляциялық тәртіпте қайта қарады. Сот үкімімен сотталушы С.А. адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет дәрменсiз күйдегі кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқаны, сондай-ақ, бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Р.Б., Р.Г., И.Б. және У.А. - адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, дәрменсiз күйдегі кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқаны үшін ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен шартты түрде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Сотталушы С.А. жүкті бола тұра, өзінің материалдық жағдайын жақсарту мақсатында, өзінің баласын дүниеге келген соң сататын болып, отбасылық жұп Р.Б. және Р.Г.-мен сөз байласқан. Ақша қаражатын бергеннен кейін отбасылық жұп баланы өздерінің отбасына алған. Уақыт өте келе, С.А. қайтадан жүкті болып, бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен жымқыруға қылмыстық ойы туындап, басқа екі отбасылық жұпқа баланы белгілі бір соммаға сатуға уәде берген. Алайда, олардың ақшасын алып, ізін суытқан. Нәтижесінде жәбірленушілерге 2,3 млн. теңге залал келтірілген. Осы уақытта сотталушы С.А. өзінің баласын дүниеге келген соң сататын болып, басқа отбасылық жұп И.Б. және У.А.-мен сөз байласқан. Отбасылық жұп бала дүниеге келгенше сотталушы С.А.-ның шотына ақша аударып отырған. Бала дүниеге келген соң И.Б. және У.А. оны өз отбасыларына алған. Отбасылық жұптар Р.Б., Р.Г. және И.Б., У.А. жаңа туған балаларды ақшаға сатып алып, әкелікті анықтап, балалардың туу туралы куәліктеріне өз аттарын жаздырған.
Іс апелляцияда сотталғандар және адвокаттардың апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Олар сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұрады. Алқа апелляциялық шағымдарды зерделей келе, сот үкімін өзгеруге немесе оның күшін жоюға негіздер таппады. Осыған байланысты, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші саты сотының үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.