Мұны stopfake.kz жалған ақпарат деп мәлімдеді. Бұл ақпараттың дереккөзі «Qaznews24 сатиралық жаңалықтар ақпарат агенттігі» Instagram аккаунты болып табылады. Онда тек шындыққа жанаспайтын ойдан шығарылған жаңалықтар ғана жарияланады. Бұл туралы аккаунттың профилінде жазылған.
Ақпаратта келтірілген ҚР Қаржы министрлігінің Қоғаммен байланыс департаменті директорының дәйексөзін де осы «жаңалықтың» авторы ойдан шығарған. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. Демек, вакцинацияланбаған балаларға Ұлттық қордан төлемдер жасалмайтыны туралы таралған хабарламаға сенбеген жөн. Бұл өтірік.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша жыл сайынғы төлемдер Қазақстан азаматтарының барлық балаларына есептелетін болады. Бұл төлемдерге вакцинация мәртебесінің ешқандай қатысы жоқ.
Есепті жылы барлық балаларға бірдей мөлшерде қаржы аударылады. Ол үшін ата-аналар немесе баланың заңды өкілдері жеке басын куәландыратын құжатты, оның ішінде ЖСН (егер қандай да бір себептермен болмаса) алуы керек. Сондай-ақ, «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетте «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінде мәліметтердің бар-жоғын тексеру керек.