Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 565 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 966 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 199 және 883 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 391 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 399 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 640 жұмыс беруші бар. Оларда 409 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 494 адам (41%); тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 455 адам (11%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 995 адам (8% ); өңдеу өнеркәсібі – 889 адам (7%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 641 адам (5%).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 411 адам, Үндістан – 1 685 адам, Түркия – 1 523 адам, Ұлыбритания – 1 073 адам, Өзбекстан – 769 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Еңбекмині ШЖК тартуға арналған квота 22 226 бірлік (0,24%) белгіленді.