RSS лента

Марқұм сарбаздың туыстары министрлікті сотқа бермек

  • 27.04.2022, 04:30,
  • 1 945
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

 Әскерде жүріп қайтыс болған маңғыстаулық сарбаздың туыстары Қорғаныс министрлігін сотқа бермек.

Олар Әлібек жазатайым қайтыс болды дегенге сенбейтінін айтады. Өйткені денесінде көгерген іздер бар дейді. Дәлел үшін оны суретке де түсіріп алыпты.


Кеше Әлібек Қалбайдың  денесі жер қойнына тапсырылды. 18 жастағы жігіт Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімге барғанына бір аптадай ғана уақыт болған көрінеді. «Әскерге айыппұлдан қорыққандықтан, мәжбүрлі түрде барды» дейді туыстары. Әлібектің ауылдастары мен жақындары тергеудің әділ жүргізілуін сұрап, Президентке  үндеу жолдады.


«Мәйітіне де кірдік, баланы ұрып-соққан. Камерада бар, оны өзімізге түсіріп алдық. Тергеуші толық ақпарат берген жоқ. Іс күмәнді, бала ұрылған деді, сот сараптамасы бір айдан кейін шығады деді. Сол бір айдан кейін бізге не деп шығарып беретінін білмейміз», — дейді марқұмның туысы Динара Тілесова.


Қорғаныс министрлігінің өкілі сарбаздың сапқа тұру кезінде өзін нашар сезініп, есінен танып қалғанын айтады. Медициналық көмек көрсетілгенімен, аман алып қалу мүмкін болмады дейді. Оның айтуынша, мәйітке сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.  Сонымен бірге, Әлібектің денесінде қаза болғанға дейін ешқандай жарақат, көгеру анықталмағанын жеткізді. Қазір аталған іс бойынша құзырлы орган тергеу жүргізіп жатыр.


«Әскери қызметшінің қаза болуы ісі бойынша тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатыр, олар өз қызметтері бойынша тәуелсіз және Қорғаныс министрлігіне есеп бермейді. Бұл «тексерістің әділ және неғұрлым объективті» жүргізілуі үшін жасалған. Бұл жағдайды тексеріп, егер анықталса, кінәлілерді тауып және жауапкершілікке тарту біз үшін абырой болар еді», — деді ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Серік Борамбаев.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қара жамылған отбасына көңіл айтты. Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға сарбаздың өліміне қатысты жан-жақты тексеріс жүргізуді тапсырды.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости