«Менің атымнан қарыз сұраған...»
Алдымен, біз алаяқтарға алданған қатардағы қарапайым азамат емес, еліміздегі ең үлкен үш мектептің бірі – Бержан Қанатбаев атындағы мектеп директоры, Мақат аудандық мәслихатының депутаты Азамат Дәулетқалиевтан жуырда ғана басынан өткен оқиғаны баяндап беруін сұрадық.
«Мен бірнеше жылдан бері білім ұясына басшылық жасап келемін. Бұл республика бойынша көлемі жөнінен ең ірі үшінші мектеп болған соң, ұстаздарымыз да, шәкіртіміз де көп. Осыны пайдаланғысы келді ме, жақында белгісіз алаяқтар менің телефон нөміріме байланған «ватсап» қосымшасы арқылы әріптестерім мен оқушыларымнан ақша сұрай бастады. Бұл жағдай шамамен бір айға дейін созылған. Менің бұл жайттан еш хабарым болмады. Бірде мұғалімдердің бірі «қарызымды қашан қайтарасыз?» деп кабинетіме аяқтай келіп сұрамасы бар ма? Мәселенің мән-жайынан бейхабар мен ешқандай қарыз алмағанымды айтып, ақталып әлек болдым. Ал, әлгі әріптесім екеуміздің жазбаларымызды көзіме бақырайтып көрсеткен кезде не дерімді білмей абдырап қалдым. Сөйтсем, менің атымнан бір емес, ондаған адамның атына сондай хабарлама жазылған екен. Ал, қолдарында ақшасы барлар аянып қалмапты. Солардың ешбірінде «бұрын-соңды қарыз сұрап көрмеген Азаматты аяқ астынан жын түртті ме?» деген күдік те болмаған. Қолдарынан келгенше көмектескен түрлері ғой, қайтсін енді...» дейді кейіпкеріміз.
Сөйткен ол артынша дереу аудандық полиция бөліміне хабарласып, болған жайды бүге-шүгесіне дейін баяндап берген. Бірақ, полицейлер мұндайда алаяқтарды анықтау мүлде мүмкін емес екенін алға тартыпты. Ал, ақша аударылған шот пен телефон нөмірі тіркелмеген немесе жойылған болып шыққан. Сонда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері «алаяқты анықтауға мүмкіндік жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртіп отыра бере ме? Егер осылай жалғаса берсе, алаяқтар да өздерінің жазаға тартылмайтынын түсініп, халықты тегін тонай береді ғой?
Құқық қорғаушының да қолы қысқа
Өз кезегінде Атырау қалалық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Нұрбек Нұғманов қол қусырып қарап отырмағандарын айтып ақталды...
– Рас, мойындаймын, алаяқтар күн сайын алдаудың түрлі амалын ойлап тауып жатыр. Әсіресе, интернет-алаяқтық фактілері тек Атырауда ғана емес, бүкіл ел бойынша азаймай отыр. Айталық, былтыр облыста осындай 623 қылмыс тіркелсе, соның тек 77-сі ғана ашылған. Ал, биылдың жарты жылында ғана бұл көрсеткіш 836-ға жетіп отыр. Соның тек қана 102-сі ғана ашылды. Орташа ауыр қылмысқа келсек, оның 44-і ашылып, сотқа жолданды. Мұндай қылмыстардың ашылуы әзірге 7,9 пайызды құрап тұр. Бұл ретте, жасалып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Алайда, алда атқарылар жұмыс та жетерлік. Осы ретте, тұрғындардың өздері де сақтық шараларына бей-жай қарамай, телефонға күдікті смс хабарламалар мен сілтемелер келсе, біздерге хабарласуын сұрар едім. Бұл тек бір ғана үкіметтің немесе полицияның ғана міндеті деп қарамау қажет. «Бірлескен істе береке бар» демекші, қоғамды алаяқтардан ауызбіршілік арқылы құтқара аламыз, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Айтпақшы, қазір қоғамда кең тараған алаяқтықтың тағы бір түрі бар, бұл – «онлайн қызмет көрсетеміз» деген желеумен құпия мәліметтерге қол жеткізу. Алысқа бармай-ақ, мен өзім де қолыма жалақы тиген бойда телефон арқылы қалай онлайн сауда жасап кеткенімді де аңғармай қаламын. Ендеше, әлгі полицей сөзінің жаны бар. Яғни, халықтың өзінен де кінәрат бар. Тек соны мойындап, салдарымен емес, себебімен күресу керек.
«Отбасымның шырқын бұзды»
Бұл ретте, біз тағы бір алаяқтың құрбаны болған азаматша – көпбалалы ана, үй шаруасындағы Назым Алмасбекті сөзге тарттық. Оның оқиғасы өте қарапайым болып болып шықты!
«Бірден айтайын, мен үй ішіндегі тірліктен басқасына бас сұқпайтын әйелмін. Жолдасымның жұмыс жасағаны жетіп жатыр. Оның үстіне, бала бағу да – бір жұмыс қой. Осындай тып-тыныш тіршілікті бір ғана телефон қоңырауы бұзды. Сол телефон шырылы бүтін отбасымды шырылдатарын кім білген десеңші?! Содан, тұтқаның арғы жағындағы біреу менің sim-картамның мерзімі өтіп кеткенін және оны ұзарту үшін телефоныма смс-код жіберетінін жеткізді. Мен болсам, ләм-мим деместен сұраған кодын айта жөнелдім. Содан соң әлгі операторсымақ видеоқоңырау арқылы мені суретке түсіріп алғанда да, еш қарсылық танытпадым. Не болса да, мен үшін жұмыстанып жатыр ғой деп ойладым. Соңында алғысымды айтып, ағымнан жарылдым. Ол болса, «сау болыңыз» деп қысқа қайырды. Сөйтіп, арада он күн өтер-өтпестен банктен қоңырау шалды. Ондағылар кредит мерзімі өтіп жатқанын және тезірек төлеу керектігін айтып дабыл қақты. «Үйде бала бағып отырған жанға кім кредит береді?» дегеніме әлгілер болмады. Ақыры, алаяқтарға алданғанымды сол сәтте бір-ақ білдім» деді шарасыз әйел етегін жасқа толтырып.
Осыдан соң ол қазір өз шотын несие алынбайтындай етіп бұғаттап тастаған екен. Керек кезде кері ашып алуға болады. Мұндай функция кез келген банк қосымшасында бар.
Жалпы, мұндайда қайтпек керек? Мемлекет те осылай аңқау тұрғындарды арамза алаяқтарға алдатып қойып отыра бере ме? Әлде, тығырықтан шығар жолды айтып, мәселені біржақты қыла ма? Қалай болғанда да, алданбаудың да бір амалы бар шығар? Біз мұны белгілі экономист әрі саясаттанушы Ғазиз Әбішевтен сұрастырып көрдік.
– Жалпы, біз қазір таңдай қақтырар технология дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Не ішіп, не киемін деп бас қатырмаймыз. Жұмысты да, сауданы да үйден шықпай-ақ жасай береміз. Адамзаттың ақылы осындай жетістіктерге жеткізіп жатқаны қуантады. Бірақ, кейбір адамдар сол ақылын жаман жолға пайдаланып жатқаны қарын аштырады. Осы орайда, алаяқтар да біз секілді адам екенін, олар да ет пен сүйектен жаралғанын ескеру керек. Небір телеграм-бот пен робот-бағдарламаларды ойлап тапқан да – осы адам баласы ғой. Қазір қоғамжасанды интеллектің жемісін көріп жатыр деп мәз болып жүрміз. Ал, сол игілікті теріс мақсатта пайдаланатын адамдар болатынын о баста ешкім ойламады. Менің айтқым келгені, қандайма бір технологияны іске қоспас бұрын оның қауіпсізідігін ең бірінші кезекте ойлау керек. Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Күні кеше ғана әйгілі «Вонктакте» желісін ойлап тапқан Павел Дуровтың да басы дауға қалған жоқ па? Оның қасында қарапайым халықты алдап соғу түк емес! Міне, сондықтан киберқауіпсіздік мәселесі елімізде ең алдыңғы кезекте тұруы қажет. Бұл – бүгінгі уақыт талабы, - дейді сарапшы.
Банк қызметкері болып қоңырау шалады
Сонымен, алаяқтарға алданбаудың жолы қандай?
«Алдымен, банк қызметкері сізге қандай жағдайларда хабарласатынын айтайын. Егер сіз әдеттен тыс немесе ірі көлемде қаржылық транзакция жасасыңз, банктен лауазымды тұлғалар хабарласуы мүмкін. Бұл – қауіпсіздік мониторингі болып табылады. Егер банкке өтінішпен хабарласқан болсаңыз, банк қызметкері мәліметтерді нақтылау үшін телефон соғады. Ал, алаяқтар ше? Олар ақшаңыз жақында ұрлануы мүмкін деп қауіпті жағдай тудырып, психологиялық қысым жасайды. Қаражат қолды болмас үшін дереу әрекет ету және телефонды қосулы ұстау керектігін айтады. Сондай-ақ, сізге смс-хабарлама жіберу арқылы құпия деректерді, атап айтқанда, бір реттік құписөздерді, карта нөмірлерін сұрайды. Ақыры, манипуляция жасап, белгілі бір шотқа ақша аудару секілді қаржылық операцияларды орындауға сендіреді.
Мұның бәрі алданбаудың амалдары ретінде айтып жатқан ақыл-кеңестерім деп білерсіз. Енді алданып қалған жандар не істей алады? Олар өздерінің алданғанын сот арқылы дәлелдеуі керек. Сол кезде банк алынған кредитті оның атынан сызып тастайды. Бұдан бөлек, азаматтарымыз әдеттегідей «өзім білемінге» салып мәселені одан сайын ушықтырмай, «102» немесе «109» байланыс нөмірлеріне хабарласып, көмек сұрағаны жөн, - дейді Ғ.Әбішев.
Соңғы кезде көп тіркеліп жатқан алдаудың тағы бір түрі – «ватсап» арқылы гиперсілтеме жіберу. Оған өткен адамның барлық мәліметтері алаяқтардың қолына түседі. Сол сияқты, «немереңіз жол апатына түсіп қалды, оны ауруханаға жатқызып ем-дом жасау үшін шұғыл қаражат қажет» деген желеумен егде жастағы адамдарды алдайтындар да бар. Ондайда зейнет жасындағы жандар да бөтен біреуге ақша аудармас бұрын қырандай қырағылық танытып, мәселенің жай-жапсарына анық көз жеткізіп алуы керек. Тіпті, қазір алаяқтықтың су жаңа түрі – криптовалюталық алаяқтық та пайда болып жатыр. Яғни, алаяқтар азаматтардың цифрлық әмиянына қол жеткізу арқылы ондағы тегін байлықты өздеріне аударуда.
Біреудің атындағы берешек
Бүгінде «қара брендке» айналған алаяқтық тәсілдің тағы бірі – өзгенің атына онлайн-несие рәсімдеу. «Бірінші кредиттік бюро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен білгеніміздей, былтыр қазақстандықтарға шамамен 120 миллиард теңгедей қарыз беріліпті. Ал, өткен жыл нағыз тәжтажалмен бетпе-бет келген уақыт емес пе? Онсыз да кредиттен көз ашпаған елдің еңсесі езіліп, есеңгіреп қалғаны рас. Әйтсе де, қарыз үстіне қарыз қосудан қаймықпады. Өйтпегенде ше? Өзіңіз ойлаңыз, карантин кезінде жұрт жұмыссыз жатыр. Осындайда алыстан «ал» деп айқайлап тұрған онлайн-несиеден бас тарту оңай ма?
Оның үстіне, банкке барып, ондағылардың бет-жүзіне үмітпен үңілудің де қажеті жоқ. Менсінбейтін менеджерді тағат таппай сағаттап күтуге де тура келмейді. Бар болғаны, үйден шықпай-ақ, ғаламтор бетіне «онлайн-несие» деген екі сөзді жаза қойсаңыз жеткілікті. Сол сәтте микроқаржы ұйымдары қара құмырсқадай қаптап кетеді. Патша көңіліңіз қалағанын қармай беріңіз. Олар сізден құжат сұрап та қытығыңызға тимейді. Жұмыс орнынан анықтама, зейнетақы аударымдарын растайтын қағаз, несие тарихы туралы мәлімет дегендерді ұмытасыз. Тек 21 жастан асып кетпеңіз және соны куәландыратын жеке куәлігіңіз болсын. Қалғанын қарыз берушілер қатырады. Осылайша, 15 минутта шекеңіз шылқып шыға келесіз.
Бай болған жақсы-ау, бірақ бүгін алған қарызды ертең қалай қайтарасыз? Міне, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, осы жерде түйткілді мәселелер туындай бастайды...
Алаяққа алданған өмір
Жалпы, онлайн-несиені кімдер алады деп ойлайсыздар? Бұны білу үшін мамандар арнайы сауалнама жүргізіп көрген екен. Нәтижесінде, мұндай көмекке көп жағдайда банкке аяқтай барып несие рәсімдеген жандар жүгінеді екен. Сонда қалай болғаны? Бір қарыздан құтылу үшін екіншісін алу керек пе? Иә, дәл солай және бұл үрдіс белең алып бара жатқанға ұқсайды. Қарыз адамды құлға айналдыратынын психолог мамандар талай айтып жүр ғой. Бірақ, бір қарызды екіншісімен өтеу деген нағыз сұмдық жағдай! Бәлкім, сол онлайн қызметті ұсынатын ұйымдарды жаппай жапқан жөн болар?
Сенбесеңіз, су жаңа мысал келтірейік. Жуырда ғана сайт редакциясына көпбалалы ана Назира Омарқызы хабарласты. Ол өз оқиғасымен бөлісіп, бізден ақпараттық қолдау сұрады.
– Мен екінші деңгейлі банктердің бірінен қарыз алған едім. Келісімшартта көрсетілген соманы уақытымен аударып жүрдім. Кенет жұбайым жол апатына түсіп, жалақымның бәрін ем-домға жұмсадым. Осы кезде ғаламтордан онлайн-несие жөніндегі жарнама жылт етті. Сөйтіп, онлайн қызмет арқылы 49 мың теңге алып, оны 72 мың теңге етіп қайтаруға келістім. Бірақ, бәрі ойдағыдай болмады. Мен бұл қарыздан да құтыла алмадым. Арада үш ай өтіп, алған ақшама өсімпұлдар қосылды. Ақыры, 142 мың теңгеге өсіп шыға келді, – деген жас ананың жанары жасқа толып кетті...
Біздің қолымыздан бар келгені – жергілікті полиция басқармасымен байланысып, құқық қорғаушылардан қол ұшын беруді сұрадық. Өз кезегінде Атырау облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы Мейірім Ердәулет аталған іспен енді прокуратура қызметкерлері айналысатынын айтты. Оның айтуынша, бұл жерде қылмыстық істің қозғалуы неғайбыл. Өйткені, өз мүмкіндігін шамалай алмаған қарыз алушының өзі кінәлі. Алайда, арамызда онлайн-несие арқылы оңай олжаға кенеліп жүрген алаяқтар да бар.
– Біреудің жоғалған не ұрланған құжаттары арқылы несие алатындар қазір көбейіп кетті. Заң бойынша оларға қатысты қылмыстық іс қозғалуы керек. Көп жағдайда азаматтар өздерінің алданғанын коллекторлық ұйымдар хабарласқанда ғана біліп жатады. Істің мән-жайын анықтай келе, алаяқтар бөтен құжат арқылы шағын қаржы ұйымдарынан несие рәсімдеген болып шығады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бір ғана түсіндірме жұмыстарын жүргізе бергеннен ештеңе шықпайды. Тұрғындардың өздері де жеке құжаттарына мұқият болғаны жөн. Ондағы мәліметтерді қатаң құпияда сақтау қажет. Өйтпеген жағдайда, кибералаяқтың құрығына қалай түскеніңізді де білмей қаласыз, – деді маман бізбен әңгімесінде.
Жалған несие
Мәселенің мәнісін тереңірек түсіну үшін біз осындай алаяқтардың құрбаны болған жандарды тауып, сөзге тартып көрдік. Солардың бірі – Атырау қаласының тұрғыны, «Сұңқар» күзет фирмасының қызметкері Әнуар Омаров енді несие алмауға ант етіпті. Ол соңғы уақытта микроқаржы ұйымдарынан гөрі екінші деңгейлі банктердің көмегіне көбірек жүгінеді екен.
– Бір күні үйге келсем, есігіме қағаз қыстырылып тұр екен. Қолыма алып қарасам, онда менің 120 мың теңге қарыз алып, төлемей жатқандығым жазылған. Дереу көрсетілген мекен-жай бойынша хабарласып, мән-жайын сұрадым. Сөйтсем, менің атымнан біреу несие рәсімдеп, ақшасын банкомат арқылы түсіріп алыпты. Ал, ондағы бейнежазба тек екі ай ғана сақталады екен. Шағын қаржы ұйымы менің жұмыс жасайтын орнымды коллекторлық мекемеге беріпті. Қарызды қайтармасам, оны сот орындаушылар өндіріп алатынын ескертті. Алған ақшамның үстеме пайызы өсіп, жарты миллион теңгеге жақындап қалған. Бұл мәселеге орай, құқық қорғау органдары арнайы тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, жалған несие тарихындағы жеке мәліметтер менікімен сәйкес келмеді. Яғни, менің мекен-жайым мен телефон нөмірім басқа. Сондықтан несиені растау жөнінде ешқандай хабарлама да келмеді, – деп ақтарылды аузы күйген азамат.
Несие алған жағдайдың өзінде оның дұрыс рәсімделгеніне көз жеткізу керек. Бұл туралы бізге толығырақ «ҚР Ұлттық Банкі» Атырау филиалының қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімінің бас маманы Айнұр Ертілеуова айтып берді.
«Мәселен, сіз 30 мың теңге қарыз алдыңыз дейік. Оны рәсімдеу барысында келісімшартта көрсетілген мәліметпен толық танысып шықпайсыз. Көп адам осындай олқылыққа жол беріп жатады. Бір жағынан, қағаздағы жазу өте ұсақ әріптермен терілген соң, оны оқуға ешкімнің де зауқы соқпайды. Ал, тура бір айдан соң сізге 48 мың теңге төлеңіз деген хабарлама келеді. Амал жоқ, қанша пайыз үстемақы қосылса да, төлеуге мәжбүр боласыз. Сондықтан кредит алмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз» дейді Ұлттық банк маманы.
Ғалымдар не дейді?
Қолымыздағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда ең алғаш рет онлайн-несие 2014 жылы рәсімделген екен. Бүгінде бұл қызметпен елімізде екі мыңдай компания айналысады. Былтыр 1 миллионға жуық келісімшарт жасалған. Жалпы алғанда, 248 мың тұтынушы онлайн-борышкер атанған. Солардың тек 76-сы ғана құқықтарының бұзылғанын айтып, тұтынушылар құқығын қорғау қызметіне шағымданған.
Өкінішке орай, жеке мәліметтер ғаламторда кеңінен таралған. Мұны тоқтату мүмкін емес. Оның салмақты себептері де бар. Жеке куәлік үлгілері электронды үкімет жүйесінде сақтаулы тұр. Солардың скан-көшірмесін түсіріп алу алаяқтар үшін түк емес.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаевтың сөзіне сенсек, шағын несие беретін ұйымдар қазір қарыз алушыдан суретке түсіруді де талап етпейді. Бұл не деген сөз?
– Менің ойымша, онлайн қарыз беретін мекеме қызметкерінің кей әрекеті көңілге күдік ұялатады, – дейді ол. – Мәселен, тұтынушының фотосуретін сұрамау – нағыз сорақылық. Мұның екінші жағы да бар. Кей жағдайда сондай қызметкердің қылмысқа қатысы бар болып шығады. Ондайлар борышкердің қолын өздері қойып, ақшасын өздеріне аударып алады. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда «тегін дисконттық карта ашамыз» деп ұсыныс жасайтындар да алаяқ болуы мүмкін. Олар сізден сауалнама толтыру керектігін айтып, барлық мәліметтерді алады. Кейін сол мәлімет негізінде сіздің атыңыздан кредит рәсімдейді.
Алданбаудың амалы бар ма?
Қалай десек те, кейде қаржылық жағдай қиындап кететіні бар. Ағайын адамнан ақша алсаңыз, араңыз алыстап кетуі мүмкін. Ал, қалғандары өзіңіз секілді айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген жандар. Оған қолдан жасалған қымбатшылықты қосып қойыңыз. Сондайда амал жоқ, несие рәсімдеуге тура келеді. Осы орайда, біз тәжірибелі қаржыгер Мұрат Дәулетқалиев ақыл-кеңестерін оқырман қаперіне бергенді жөн көріп отырмыз.
– Ең алдымен, kazfintech.kz сайтына кіріп, сіз несие алатын компания kazfintech қауымдастығына кіре ме, жоқ па, соны тексеріп алған жөн, – дейді сарапшы. – Компанияның сайты, кеңсесі, барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беретін қолдау қызметі бар ма, оны да анықтаңыз. Жеке куәлігіңізді бөтен адамдарға бермеңіз. Кей терминалдар несие бергенде адамның түріне мән бермей, тек құжат бойынша рәсімдей береді.
Өзге адам сіздің атыңыздан несие алған болса, қарыз шарты бойынша тиісті банкке барыңыз. Ондағылар растаса, банк бөлімшелері мен Ішкі істер басқармасына арыз түсіру керек. Сонда тиісті тексерістер жүргізіледі. Банк несиеге қатысты құжаттаманы беруге тиіс. Онда несие алуға қандай өтініш берілді, шартқа қалай қол қойылды, кассадан қаражат алғанға дейінгі барлық ақпарат болады.
Банктен несие алынғаны туралы шартты талап ету керек. Соны алып, «қарыз шартын жарамсыз деп танысын» деп сотқа талап қоюға болады. Кейде, тіпті, банк те несие алушы қарызын өтемей жатыр деп сотқа шағымдануы мүмкін. Ондайда сотқа ешкімді шақырмай-ақ, шағымданушы банкке өтініш берсе болғаны. Сот шешімімен келіспей, күшін жоюды және қайта қарауды талап ету керек. Сот барысында шартқа қол қоймағаныңызды айтып, сараптама тағайындауды сұрауыңыз керек. Егер несие алушының шартқа қол қоймағаны дәлелденсе, сот банк талабын қанағаттандырмайды.
Бұдан бөлек, Ішкі істер басқармасына да қылмыстық іс қозғау туралы шағымдануға болады. Тиісті тексерістер жүргізіліп, кінәлілер табылған жағдайда, Қылмыстық кодекстің 190-бабымен – алаяқтық бойынша іс қозғалуы мүмкін. Егер алаяқ бірнеше адамның атынан несие алса, әр қылмысы бір бөлім болып саналады. Осыған орайда, 2019 жылы заңға өзгеріс енгізілді. Қылмыс бөлігі көбейген адамды 3-бөлікке ауыстырады. Яғни 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оны сот белгілейді.
Иә, кейде несие беретін адамды да мұқият тексеріп алу керек-ақ. Себебі, несие беруші мен алаяқ сыбайлас болуы әбден мүмкін ғой! Сонда кімге сенеміз? Шамасы, қазір, Абай атамыз айтпақшы, өзіңді алып шығар өзіңе ғана сенетін заман болып тұр-ау. «Бір кем дүние» деген осы шығар...