Біз аудандық білім бөлімі мен мектеп басшылығына хабарласып, мәселенің анық-қанығын білді.
«Құрманғазы аудандық білім беру басшыларына шара бар ма? Әлде ойына келгенді жасап, мұғалімдердің құқықтары бұзыла бере ме? Қашан республикалық тексеріс болады? Осы мектепті жөндеу жұмысына 72 миллион қаржы бөлінді деп жатыр, кім тексерді екен?» деп жазды блогер.
Бөкейхан ауылдық округінде орналасқан Фариза Оңғарсынова атындағы жалпы орта мектебінің бір мұғалімі анонимді түрде блогерге хабарлама жазған.
Онда: «Мектепте былық көп. Жалақымыз қалай түседі деп есепшіге хабарлассақ болғаны, ол бірден басшыға жеткізіп отырады. Бұрыннан жұмыс жасап жүргендерге сағат жоқ деп, өзінің адамдарын кіргізеді. Тек анонимді түрде шығарарсыз, әйтпесе, жұмыстан шығып қалармыз» делінген.
Осыған орай, біз аудандықы білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваға хабарластық.
«Фейсбук парақшасындағы Рүстем Баязиевтің жазбалары орынсыз екенін қаперге беремін. Ф.Оңғарсынова атындағы мектепте 2021 жылы модернизация жүргізілді. Дәліз, асхана, мектеп кітапханасы орналасқан кабинетті жаңарту үшін бюджеттен 26 250 000 теңге қаржы бөлінді. Бұл дәліз, кабинеттердің қабырғаларын ақтауға, түрлі түсті бояуға, жарық шамдарын, жалюзи орнатуға, есіктерді ауыстыруға, ламинат, кафель төсеуге, қажетті құрал-жабдық, программалар сатып алуға жұмсалды. Мектеп кітапханасына 6 172 000, асханаға 11 078 000, дәлізге 8 000 000 теңге жұмсалды. Келесі мәселе бойынша айтсам, еңбекақыға қатысты ешқандай арыз-шағым болған жоқ. Әр айдың жалақысы уақытында есептеліп, әрқайсысының есепшоттарына түсіп отырды» дейді Гүлфара Өтемісқызы.
Аталған білім ұясының басшысы Шынар Исатаеваның да пікірі осындай. Негізі, блогердің бұлай жазуы биыл осы ауданда Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатында директор болған Руслан Хасантаевтың жұмыстан шығарылуымен байланысты екен.
«Мен биыл осындағы меткеп-интернат директоры Руслан Амангелдіұлын қызметтен босаттым. Оның алдында бірнеше рет өзіне сөгіс те жарияладым. Себебі, ол Мемлекеттік сатып алу туралы Заң мен Еңбек кодексінің 159-бап, 2-тармағының талаптарын бұзды. Биылғы наурыз бен мамыр айларында бюджет қаржысын толық игермей, өзіне жүктелген функциональдық міндеттерін дұрыс атқармады. Күделі жөндеу жұмыстарын жасау керек болды, оны да ұйымдастырмады. Енді қазір мектеп директорының міндетін атқарушыға тапсырма берілді, күрделі жөндеу жүргізуге қажетті техникалық сараптамаға конкурс жариялануда. Қанша рет «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолдансам да, Р.Амангелдіұлы одан қорытынды шығармады. Биылғы бірінші жартыжылдық бойынша да мемлекет қаржысын игерген жоқ. Тіпті, қарапайым 9-сынып түлектерінің аттестаттары да қате толтырылған. Сондай-ақ, 11-сынып оқушыларына да қорытынды баға қойылмаған. Осындай адамды жұмыстан шығарғаным үшін әлгі блогер менің соңыма түсіп отыр» дейді Құрманғазы ауданының бас ұстазы.