RSS лента

Киберқылмыс күшейіп тұр...

  • 15.01.2024, 17:24,
  • 220
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: ru.freepik.com

Соңғы кезде заманауи ақпараттық технологияның дамығаны соншалық, тіпті, ғаламтор қолданушылардың қорғануға да уақыты болмай жатыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бүгінде елімізде азаматтардың ақпараттық жүйелері мен желілерін және бағдарламаларын цифрлық шабуылдардан қорғайтын «Киберқалқан» қызметі жұмыс жасайды. Ендеше, бүгінгі қоғам қаншалықты киберқауіпсіз? Біз бұл сауалды сарапшы мамандарға қойған едік...

 

Бұл – уақытша қиындық

 

Иә, жаңа технологияның дамығаны өте жақсы. Бірақ, бұл өзімен бірге киберқылмыс, киберсоғыс, кибертерроризм секілді жаңа қауіп түрлерін де әкелді. Әрине, бұл – жаңа заман жағдайында туындап отырған мәселелер. Әлемде болып жатқан жайттардан ешкім ешқайда қашып құтылмас. Өйткені, біздің еліміз де сол әлемнің бір бөлшегі. Сондықтан Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, жаңа қауіптердің де бетін қайтара білу қажет.

 

Физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Дарын Шабдировтың пікірінше, жаңа заман қиындықтарына қасқайып қарсы тұра білсек, қорғаныштық қасиет қалыптасады. Демек, бұның бәрі де тек уақытша қиындықтар екенін ескеру керек.

 

«Рас, кибертерроризм – қай мемлекет үшін де өте үлкен қауіп. Бірақ, оны сынақ ретінде қарау қажет. Яғни, әр мемлекет өзінің қаншалықты қауіпсіз, әрі мықты екенін біле алады.  Кез келген қиындық адамды шыңдай түседі емес пе, міне, тап сол секілді ғой. Ендеше, әлемдік тәжірибелерді негізге ала отырып, біз де киберқалқанымызды күшейте түсуіміз керек. Бұл үшін ең  білікті мамандар, мүйізі қарағайдай ғалымдар мен сарапшылар алдын ала бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Соның нәтижесінде ақпараттық қауіпсіздікті қатамасыз ететін үлкен ортақ жүйе құрған жөн. Қалай болғанда да, ақпараттық қауіпсіздік кез келген мемлекеттің ең негізгі басымдығына айналуы керек» дейді ол.

 

Бәленің бәрі – телефоннан

 

Жалпы, мамандардың айтуынша, кибершабуылдың көздейтіні – хакердің жеке мақсаттары үшін ғаламтор қолданушының құпия ақпаратын алып, одан әрі теріс бағытта пайдалану немесе бүкіл бизнес-процестің жұмысын бұзу екен. Ендеше, киберқауіпсіздік саласын дамыту – өте өзекті мәселе. Еліміз 2017 жылдан бастап киберқылмыспен күреске зор назар аудара бастаған. Осылайша, Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесін құру тапсырылды. Нәтижесінде арнайы тұжырымдама жасақталды.

 

Осы орайда, техника ғылымдарының кандидаты Сәндуғаш Ысқақова киберқылмыспен күресті күшейту керектігін айтады.

 

– Қазақстан ақпараттық соғыстың қандай түріне де қарсы тұру үшін алдын ала дайын болуы қажет. Сәт сайын өзгеріп жатқан өмірдің қай құбылысына да бейімделе білуге тура келеді. Технология бір орында тұрмайды, күн сайын дамып отырады. Мәселен, дәрігерлер ай сайын емдеу тәсілдерін жаңартып отырады. Өйткені, ай сайын аурудың жаңа түрі пайда болады. Сондайда емдеу әдісі де бір күнде ескіріп шыға келеді. Міне, сол секілді, кибералаяқтар да адамдарды алдаудың күн сайын жаңа түрін тауып жатады. Олай болса, олармен күресудің де жаңа жолдарын іздестірген жөн.

 

Естеріңізде болса, елімізде осыдан 15 жыл бұрын алғашқы смартфон пайда болған еді ғой. Алғашында тек сөйлесу құралы ғана болған оны бүгінде біз сан түрлі мақсатта пайдаланамыз. Атап айтсақ, адамдармен мәтін арқылы сөйлесу, әлеуметтік желіде пікір қалдыру, лүпіл (лайк) басу, тамаққа тапсырыс беру, такси шақырту, тауар алу мен сату және төлем операцияларын жасау – мұның бәрі қазір қалта телефоны арқылы іске асады. Өйткені, солай ыңғайлы әрі тиімді. Бірақ, осы игіліктің бәрін теріс мақатта пайдаланатындар да бар екенін ұмытпаған абзал. Олар жеке адам емес, білдей бір ұйым болуы да мүмкін. Сондықтан кейде бір адамға емес, бүкіл мемлекетке де кибершабуыл жасалады. Мәселен, мемлекеттік порталдарды бұғаттайды, жалған ақпарат таратады, ұлт араздығын тудырады, азаматтарды жекелей бақылайды және тағысын тағы, - дейді ғалым.

 

Арнайы пән енгізілсе...

 

Расымен де, қазір адамды алдау түк емес. Ғаламторда бәрі бар. Кінәні өзгеден емес, өзімізден іздеу керек сияқты. Яғни, алданған азаматтардың өздері кінәлі. Өйткені, алаяқтар құрған қақпанға өз аяқтарымен барып түсіп жатыр емес пе? Әйтпесе, хакерлерге құпия сан мен кілт сөздерді оның иесінен басқа кім айтады? Біреуді күштеп тұзаққа түсіріп жатқан ешкім жоқ. Енді не істеу керек?

 

«Ең алдымен әр азамат өзінің құқықтық сауаттылығын арттырып алғаны дұрыс. Бұл өзгеге емес, өзіне керек. Екіншіден, кибералаяқтарға алданбаудың қыр-сырын мектептерде жеке пән, ал, жоғары оқу орындарында дәріс ретінде өткізсе де, артық етпейді. Бұған бюджеттен қаражат қаралмағанын сылтауратып ақша аяп қалудың да қажеті жоқ» дейді С.Ысқақова.

 

Осының бәрін ескерсек, киберқауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігіне айналуы тиіс-ақ. Басқа елдерде солай. Ендеше, Қазақстан да қалыс қалмауы қажет. Біз тілдескен тағы бір сарапшы маман Алмагүл Құбашеваның пікрі осындай.

 

– Ел азаматтарының құқығы мен мен мүддесін толыққанды қорғау үшін мемлекет киберқауіпсіздік деңгейін көтеру керек. Бүгінде «ақпараттық қауіпсіздік» түсінігі «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңда бекітілген. Мұның бәрі тегін емес. Себебі, киберқылмыскерлер тудырып отырған қауіп орасан зор. Бұл тіпті әдеттегі ұйымдасқан қылмыстан да ауқымды. Уақыт өткен сайын киберқылмыстар өндірістен бастап Қарулы күштерге дейін қауіп төндіруде. Алайда, шүкір, IT саласының білгірлері де қарап жатқан жоқ. Өз кезегінде олар да қылмысқа қарсы сәтті қадамдар жасауда. Енді тек сол мамандарымызды қаржылай қолдап, рухани ынталандырып, одан әрі жігерлендіре түсу керек, - дейді ол.

 

«Иллюзия аралы»

 

2022 жылы АҚШ-та көрерменге жол тартқан «Иллюзия аралы» («Острав иллюзий»)  деген фильмде басты кейіпкер әр ай сайын жаңа адаммен танысады. Кейін оны алдап адам тұрмайтын аралға апарып, өзі кетіп қалады. Әлгінің ұялы телефонын да ала кетеді. Сөйтіп, сол адам болып оның әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізеді. Тіпті, телефондағы түрлі бағдарламалар арқылы қалаған адамның дауысын да айнытпай салады. Осылайша, әлгі адамның атынан ақша алып, бар байлықты өз шотына аударады. Аталған фильм бүгінгі қоғамның ащы шындығын ашық айтып отыр. Яғни, қазір бейтаныс адамға сенетін уақыт емес. Әсіресе, ұялы телефон бөтен адамдарға қолжетімсіз болуы керек. Себебі, онда жеке мәліметтің бәрі сайрап тұр. 

 

Р.S. ...Міне, біз бұл жолы қылмыстың заманауи түрі – киберқылмыс туралы сөз еттік. Қолдан келгенше мамандарды сөйлеттік. Бәрінің де ойы бір жерден шығып отыр – яғни, қоғамның қауіпсіздігі тікелей өзімізге байланысты. Біз өзімізді өзіміз ғана сақтап, өзіміз ғана құтқара аламыз. Бұл үшін құқықтық сауатымызды арттырып, аракідік заңгер көмегіне де жүгініп отырған жөн. Сонда кибералаяқтарға алданатын адамдардың да қатары азая түсер деген үміт бар.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости