RSS лента

Заңсыз қаражат қалай қайтарылмақ?

Автор фото: ашық дереккөз

Кезінде монополист, олигарх, билік басындағы министрлер, әкімдер, депутаттар ақшаны шетелге көп шығарған. Енді соның есебін шығаратын уақыт келгенге ұқсайды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қатимолла Ризуановтың сөзінше, елде белең алып тұрған бір мәселе – жайылып кеткен параллель мекемелерді мейілінше азайтып, біріктіріп (мүмкін ірілендіріп), қаржыны үнемдеу шараларын алу керек. Себебі, қазір инфляция 20 пайыз төңірегінде болса, білікті қаржыгерлердің болжамы бойынша жыл аяғына дейін ол 47-ге жетуі мүмкін.

 

– Халқымыздың табыстарының арасы жыл сайын алшақтап, геосаяси жағдай тұрақсыздық танытып тұрғанда, мемлекеттің өзінің сыртқы қарызының хәлі онша көңіл көншітпейтінін ескерсек, бұрынғыша жайбарақаттық танытар жайымыз жоқ сияқты, - дейді ол. – Мәселен, тек бір облыстың телефон тізбесінде тұрған үш-төрт тексеруші (комиссия, аудит, қаржы мониторингі, антикор), бір кеңседе ұқсас екі юстиция, ауыл шаруашылығына байланысты 7-8 мекеме (ішінде екі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы, екі жер туралы бөлім, т.б), түрлі прокуратуралар, үш түрлі кәсіпкерлік корпорация, басқа да құрылымдар бар. Кей салада тиісті облыстық құрылым бола тұра, оның республикалық ұйымының тікелей облыстық филиалы тағы бар. Мұндайда тұрғындар жеке мәселесімен қайсысына жүгіну керектігін айыра алмай жатады. Социализмнен капитализмге өтерде қажет болған антимонополия мен мемлекеттік меншік, жекешелендіру сияқты мекемелерде күні бүгін өздерін ақтайтын жұмыс көлемі жеткілікті ме деп ойлаймын. Қажеттіліктерін мүмкін мен түсінбейтін де шығармын. Мемлекет басшысы айтып жүрген мекемелерді орталықсыздандыру, филилсыздандыру мәселелері баяу, керісінше қосарланған құрылымдар азаймай тұр. Сырт көзге атқарушы биліктің кей сатыларындағы мамандардың тұрақты жауапкершілік жүктемелері анықталмағандай, яғни олар тек «қуып кел, шауып кел» дәрежесінде ғана жүргендей көрінеді. Асылы, кейбірінің белгілі бір мезгілге арналған жұмыс жоспарлары да болмас. Біздегі мемлекеттік қызмет департаменті мен академия филиалы осындай барлық қызметкерлердің жұмыс сапасын жетілдіруге мүдделі құрылым деп есептейтінмін. Функционалдық жауапкершіліктері болмаса жастар өспей қалады ғой. Біздің байқауымызша, Қ.Тоқаевтан төменгі саладағы лауазым иелері талқыланған мәселелер бойынша бір нақты ұсыныс немесе жаңалық айтып көрген емес десем, қателеспейтін сияқтымын. Бұрынғы депутаттар да айтарын айтқанмен өз пікіріне қарсы дауыс беріп, оны қорғай алмайтын еді. Жаңа Парламент өзін көрсететін шығар деп ойлаймыз. БАҚ өкілдері түрлі жиындарды қысқартып беретін болар десек, арнайы хабарларда да жөнді пікір ұға алмаймыз. Шынында, тілшілер керісінше тың ойды сылап-сыйпап емес, соны таба алмай жүреді деп есептеймін. Өйткені, олар әрқашан оған зәру. Сондықтан, кейбір салалар бойынша өткізілген жиындарда салиқалы сын болмайтыны шындық. Қызметкер қолпаштаумен емес, қамшылаумен өседі, кем-кетігін айтып, түзеттіріп, оның жолдарын, яғни ахуалды оңалтуға бағытталған резервті көрсету бізде кемшін көрінеді. Жиындар тек басшыға емес, қарапайым қызметкерге де айтпаса да белгілі және солай болуы керектігін, яғни «дұрыстау керек», «баса көңіл бөлу керек», «жақсарту керек», т.б «керектер»-мен аяқталады. Бұрынғыны көкседі десеңіз, тіпті дей беріңіз, қадірлі оқырман! Бұрындары алқалы жиындарда мәселенің талқылануы сол саладағы елеулі шара болып, өмірде із қалдыратын-ды. Даму жолдарын ұйымдастырудағы келеңсіздік, жеткілікті көңіл бөлінбей тұрған жұмыстар, оны түзетудің нақты шаралары белгіленіп, кейде қосымша қаржы, не басқалай көмек тағайындалатын. Сирек болса да, сол жауапкер басшының жұмысында алға қарай қалу-қалмауы да сөз болатын еді. Оңекең (Оңайбай Көшеков) ағамыз кезекті бюро мәжілісінде аудандық халықтық бақылау комитетінің жұмысы туралы мәселе тыңдау үстінде қатты-қатты сөздер айтып ұялтып, ұғындырып, соңында «ұрысқаннан өлген кісінің моласы жоқ» дегені бар еді. Мұны сол бұрынғы талқылаулардың дәрежесін көрсететін мысал ретінде айтып отырмын. Ал бұлтартпайтын ақиқат ретінде келтірсем, өзім өткізген аудандағы бір талқылауда обкомның екінші хатшысы В.Г.Сергеев (телефонмен қайта-қайта) пен облыстағы трест басшысы И.М.Остроменскийлердің (отырысқа қатыса отырып) қосарлаған қысымдарына (прессинг дейміз ғой) қарамастан, бір ПМК басшысын жұмыстан алып та тастағанбыз. Бүгінде жиындар ешкімнің уақытын алмай, яғни өздерін шақыртпай онлайн режимде өткенімен, талқылау болмағасын оларды бір мезгілде экранға телміртіп қоюдың өзін артық деп есептеймін. Техниканың мүмкіндігін керісінше пайдаланып, тыңдалатын хабарламалар, қаулы-шешімдерді күні бұрын таратып, егер бар болса олардан ұсыныстар жинап ресімдесе, едәуір тиімді-ақ болар еді. Соңғы айларда бірнеше министрдің өз қарамағындағылармен бірге аймақтарды аралап, халықпен көзбе-көз кездесіп, оларды тыңдап, қажет шараларын сол бойда шешіп, жергілікті жұртшылықпен ақылдасып жүргені бір жақсылық деп санаймын. Не болғанда да реформаларды жүзеге асыру үшін тың серпіліс, өзгеше ойлау, бетбұрыс, тыңнан түрен салып жүргізген жақсы болады. Әйтеуір, Горбачевтың «қайта құруына» жақын, отыз жыл қалыптасып қалған ахуалды оның заңдарынан (көптеген негізгі заңдар сол кезде Жоғарғы Кеңестен тыс қабылданып та кетті ғой) бастап «атака» жасамай-ақ, біртіндеп, бірақ тегеурінді түрде қайта құру керек деп ойлаймын. Сосын әр саланы «бақалшағына дейін» білетін, оны меңгерген, тәжірибесі мол адамдар баршылық. Бұрындары кейде кездесіп қалатындай, өнерден хабары жоқ, «әу» демейтін адамды мәдениет саласына, мұғалім болып көрмегенді оқу-білім саласын басқаруға, дәрігер еместі медицинаға басқаруға тағайындау қателік еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай жағдайдың қайталанбауын қатаң талап етіп отыр. Осы күндері кей заңдарды, не қаулы-қарарларды халыққа түсіндіру үшін деп орталықтан арнайы топтар, не жеке азаматтарды қаражат шығындап төменге жұмсау, міне бұл – нағыз бұрынғыдан қалған бүгінгі күні қажеті шамалы әдіс дер едім. Себебі, олар белгілі бір құжатты қайталап айтып береді ғой, ал оны халық өзі оқып алып отырады, біліп отырады. Ал, ондай жиынға көбінесе өздері біліп отырғандар шақырылады. Түйіндеп айтқанда, Президент айтқандай, қазір мемлекеттік қызметтегі ескі жұмыс тәсілдері түбірімен жаңартылғаны жөн.

 

Ал, белгілі ауыл кәсіпкері Мұрат Сарманов мемлекет байлығының қыр асып жатқанына қапалы.

 

– Президенттің «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қоюы халықтың көкейіндегі қобалжулы сұрақтардың бірін дөп басты, - дейді ол. – Неге десеңіз, қалың бұқараны біздің тұрмыс жағдайымыз, басқа да кем-кетігіміз алаңдатады. Соның ішінде өзімізде өндірілетін қазба, жерасты байлықтары, өзге де табыстардың басым бөлігінің шетелге кетіп қалғаны өкінішті. Осыған дейін «Қазақстанның бір азаматы шетелден мүлік алды, шетелден жұмыс орнын ашты, шетелге көшті» дегенде қол шапалақтап қуанушы едік. Соңғы уақытта мұндай хабарды естіген халық «тағы қанша қаржы далаға кетті екен?» деп алаңдайды. Бұл туралы көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та жүр. Тіпті, қаражаттың көлемі де көрсетіліп, жазылып жатыр. Мұндай жаға ұстатар сандарды көріп шошынып отырғанда мына заңның қабылдануы дер кезінде қолға алынған шешім екенін баса айтқым келеді. Ендігі уақытта заң аясында шет елге заңсыз кеткен қаражаттар мен мүліктер елімізге оралып, экономикамыздың серпін алуына зор әсер ететіні сөзсіз. Бұдан кейін халықтың алаңдап отырған көңіл-күйі де басылар еді. Бірақ, бір нәрсені қатаң ескеру қажет. Заң негізінде елге қайтарылған қаражаттар туралы «осыншама мөлшерде қайтарылды. Бұл сома мына бағытқа бөлініп, оның осынша көлемі жұмсалды, одан мынадай нәтиже көрдік» деген тәрізді нақты ақпарат болуы керек. Әйтпесе, бізде көбінесе «қаржы қайтарылды, орнына келді» деген жалаң мәлімет беріледі де, оның қайда, қалай және қандай мақсат-мүддеге жұмсалғаны туралы айтылмайды. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Оларды ашық ақпаратпен қамтамасыз етіп отырудан тиісті құрылымдар қорықпауы тиіс. Елге оралған активтердің жиынтығы – халықтың меншігімен байлығы. Сондықтан, жоғары ведомстволық құқық қорғау органдары халықпен тығыз байланыста, нақты ақпараттар беріп отырса деген ұсыныс бар. Елде заңсыз иемденілген мүліктер өте көп екенін естіп, біліп жатырмыз. Енді осы заң елге қайырымен, берекесімен қызмет етсе екен. Құқық қорғау органдары халыққа адал да әділ болуы керек. «Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман» дейді атам қазақ. Халықтың ішіндегі алауыздық, билікке көңілдің толмауы ақпараттың ашық болмауы, кейде мәліметтердің бұрмалануының салдарынан туындайды. Сондықтан, Бас прокуратураның баспасөз қызметі цифрларды нақты көрсетіп, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз еткені ләзім.

 

Экономист, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаевтың пікірінше, заңсыз иемденілген ақшаны қайтару – мемлекеттік маңызды мәселе.

 

– Кезінде монополист, олигарх, билік басындағы министрлер, әкімдер, депутаттар ақшаны шетелге көп шығарған, - дейді ол. – Мұның есебі болуы керек қой. Төлем балансы деген құжат бар, сонда қанша ақша шетке кетіп жатқаны Ұлттық банк жүйесі арқылы анық көрініп тұрады. Әлбетте, ешкім чемоданмен ақша алып шықпаған болар. Әр жылы 20-25 миллиард АҚШ доллары сыртқа кетіп тұрған. Оның қаншасы заңды-заңсыз екенін біздегі сот жүйесі шешуі керек. Мысалы, көпшілігі Түркияның Алания қаласынан үй алып жатыр. Салыстырмалы түрде қарағанда, жалақы жоғары болған соң олар өз еңбегімен тапқан ақшаға алса заңды болады. Дегенмен, олар да ақшаны шетке шығарған болып есептеледі. Ал, заңды талқылаған комиссияның кейбір мүшелерінің шет елдерде, мәселен, Францияда құны бірнеше миллиондық вилласы бар екені белгілі болып, олардан мемлекеттік қызметте жүріп бұл мүлікке қалай қол жеткізгені сұралған. Осындай жағдайда сот әділ шешім шығара ма, жоқ па – мәселе сонда. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, шетелден қайтаратын активтерді қарайтын комиссия мүшелері – қазіргі билікте отырған адамдар. Қарапайым адамды олардың қатарына қоспаған. Демек, ақшаны шет елге шығаруға себепкер де сол адамдар. Олардың арасында да Президенттің ескертпесінен соң өз еркімен немесе соттың шешімімен қайтарғандар болды. «Қалғандарына да қылмыстық іс ашыла ма, сот шешімі шыға ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Ендеше, шекара асқан ақшаны соттың шешімімен ғана қайтару керек. Комиссия мүшелерінің еркіне қалдырмау керек деп санаймын. Былтыр қаңтарда «Қазақстан Даму банкінен кейбір олигархтар 1 миллиард АҚШ долларын алып, оны өз ақшасына қосып шетел асырған» деген сыбыс тарады. Ал, оған біздің министрлер директорлар кеңесі мүшесі ретінде еш қарсылық танытпаған. Ал, осындай жағдайда комиссия мүшелерінің өздері мүдделі болып кетпей ме?! Сондықтан, комиссия мүшелеріне иек артпай, сырттағы ақшаны әділ соттың шешіміне сүйеніп қайтарған жөн. Шетелге кеткен активтерді қайтару жөнінде әңгіме шыққанына жыл жарымдай уақыт өтті. Айталық, Президент 150 миллиард доллардың, Ұлттық банк 80 миллиард доллардың шетел асқанын айтады. Ал, осы бір жылдың ішінде өз еркімен және сот шешімімен небәрі 1 миллиард долларға жуық ақша ғана қайтарылған. Қалған ақшаның қашан қайтатыны әлі белгісіз. Жағдай бұған тірелмеуі керек еді. Бұл істердің барлығын Азаматтық және Қылмыстық кодекстердің негізінде тексеруге болады. Президент қол қойған заң арқылы шетке өткен ақшаны бақылаушы органдар бір жолға қояды деп есептейміз. Бұл заң соларды реттеуге мүмкіндік береді. Осы заңмен көбірек жұмыс істеу керек.

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости