КӨКТЕМ БАСТАЛЫСЫМЕН ЕЛДЕ ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ БАҒАСЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ ТУЫНДАЙДЫ. ӘЗІРГЕ КӨРШІ ЕЛДЕРМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ЕҢ ТӨМЕНГІ БАҒА БІЗДЕ БОЛЫП ТҰР. САРАПШЫЛАР «СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДА БЕНЗИННІҢ БӨЛШЕК БАҒАСЫ НЕБӘРІ 13 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ» ДЕЙДІ. ДЕМЕК, ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ОРТАША ӨСІМ 2,3 ПАЙЫЗ БОЛҒАН. АЛ, ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ 30 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАҒАН (ЖЫЛДЫҚ ОРТАША ӨСІМІ – 5,3 ПАЙЫЗ). МҰНДАЙ КӨРСЕТКІШПЕН ҚАЗАҚСТАН ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙЫ АРЗАН 10 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНДА ТҰР.
Ауған соғысының ардагері, заңгер Толыбай Шәкіров "Atyray" газетіне берген сұхбатында айтқандай, Үкімет қол қусырып қарап отырған жоқ. Дегенмен...
– Осыдан бір ай бұрын «Нормативтік-құқықтық актілер» сайтында 12 сәуірден бастап жанар-жағармай бағасын өсіру мәселесі талқылау үшін жарияланды, - дейді ол. – Содан кейін ғана күшіне енеді. Бірақ, оған қарап тұрған бензин жоқ, кейбір жерлерде бір-екі теңгеге көтеріліп үлгерген. Мәселен, менің көлігім экономикалық тұрғыдан үнемді дегеннің өзінде (1,8 л), күніне «А-92» маркалы бензиннің 10 литріне 1700 теңге жұмсаймын. Сонда бір айға шамамен 51 мың теңгеге шығындаламын. Егер бұған дейін қалтамыз көтеріп келсе, «ендігі жағдай қалай болады?» деген сауал көптің көкейін мазалайтыны рас. Таяуда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жанар-жағармай тапшылығының болуы мүмкін екенін тілге тиек етті. Үкімет қол қусырып отырмай, жедел шара қабылдап, әрекет ете бастады. «Инфляцияның қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындары құрылады» дейді ақпарат көздерінде. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысы артады. Бұл жоспарлардың ішінде кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіру, халықты әлеуметтік қолдау да бар. Иә, елдің экономикасын тұрақтандыру бағытындағы жоспардың жүзеге асуы, халық үшін тиімді болады деп сенемін. Бензин қымбаттағанымен, Үкімет уәдесінде тұрып, инфляцияны өздері айтқан межеге төмендетсе, бір ғана жанар-жағармай бағасының өсуі халық үшін айтарлықтай ауыр болмасы анық. Ал, оны уақыт көрсетер...