RSS лента

Бензин бағасы барлық жерде бірдей болмақ

  • 10.04.2023, 02:10,
  • 529
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: opennews.kz

Қазақстанда 12 сәуірден бастап бензин – 11, дизельдік отын 20 пайызға қымбаттайды. Сәйкесінше, барлық облыста жанармай бағасы теңестіріледі, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұл саладағы сарапшылардың айтуынша, бензин мен дизельдік отынды қымбаттату тиімсіз. Бірақ жанармай нарығындағы теңгерімді реттеу үшін мұның барлығы бәрібір жасалуы қажет шаралар. Осылайша Үкімет елдегі отын тапшылығымен бензин мен дизельдік отынның көрші мемлекеттерге арзан бағаға кетіп жатқан жолын бөгегісі келеді. Айталық, қазір АИ-92 маркалы бензиннің литрі 185 теңгеден сатылуда, бұл –бұрынғы Одақтас Республикалармен салыстырғанда ең төменгі баға. Қазір мұнай өңдеу зауыттары толық көлемді жұмыс жасап жатса да, елімізде жанармай тапшылығы сезілуде.

 

Сонымен қатар елдегі жанармай бағасының арзандығын пайдаланып, алыпсатарлар көрші мемлекеттерге шығарып сатуда. Өткен жылы 200 тонна жанармай сатылған. Бұрынғы энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов елде АИ-92, АИ-93 және дизель отынының бағасын көтеру жоспарланып жатқанын айтты. Бұл бойынша АИ-92, АИ-93 литрі 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін, ал дизельдік отын литрін 295 теңгеге көтеру болжамдалған. Қазір аймақтарға байланысты баға 200-ден 260 теңгеге дейін құбылуда. Яғни орташа өсім – 20 пайыз.

 

Министрдің айтуынша, егер баға айырмашылығын тоқтатпасақ, онда Қазақстан барлық аумағында отын тапшылығы жылдам байқалады. Бұл әрі қарай елдің энергетикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Өз кезегінде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайлов бензин мен дизельдік отын бағасын көтеруге мәжбүр болғанымызды, бұл амалсыздан жасалған қадам екенін атап айтты. Үкімет басшысы да Болат Ақшолақовтың айтқандай, баға бұрынғыдай өзгеріссіз қалса елде жанармай тапшылығы болатынын мәлімдеді.

 

Премьер-министр елде жан басына шаққанда жанармай өнімдерін қолдануға сұраныс өте жоғары екенін де жеткізді. Қазақстанның отын қолданудағы бір жылдағы көрсеткіші – 370, Ресейде – 225, Қырғызстанда – 98, Өзбекстанда 44 литр. Бірақ экономиканың нақты секторында отын тұтыну мөлшері аса көп өзгермеген. Мұның басты себебі көрші елдерге жанар-жағармайдың транзиттік транспорттармен көптеп шығарылуына байланысты. Ресейде дизель отыны біздегімен салыстырғанда – 45 пайызға, Қырғызстанда – 64 пайызға, Өзбекстанда 2 есе қымбат.

 

Бізде осыншалықты арзан жанармай бола тұра, елдің нақты экономикалық саласында айтарлықтай өзгеріс болмаған. Премьер-министр жанармай өндірісін ұлғайту үшін барлық шара қолданылатынын айтты. Былтыр елде дизельдік отынды өндіру рекордтық көлемде өскен. Бұл көрсеткіш – 5,2 млн. тонна. Соңғы 5 жылда бензин өндіру – 70, дизельдік отын өндіру 33 пайызға өсті. Премьер-министр Әлихан Смайлов айтқандай, көршілес елдермен баға айырмашылығын өзгертпесек, биылдың өзінде дизельдік отынға тапшылық 850 мың тоннаға жетуі мүмкін.

 

Осылайша біздің арзан жанармайымыз елдің ұлттық мүдде үшін емес, көрші мемлекеттердің экономикасына жұмыс жасап жатыр. Сондықтан бұл нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін көрші елдермен бағаны теңестіру немесе айырмашылықты азайту керек. Бұл мұнай өнімдерінің шетке шығуын азайтып, Қазақстандағы тұтыну нарығын толықтай қамтамасыз етеді. Басқа жол жоқ. Экономика саласындағы сарапшы Алмас Чокин өзінің әлеуметтік парақшасында бүгін бензинді мұнайдан айыру өте күрделі екенін айтты.​​ – Біздің жерастымыз мұнай мен газға өте бай. Мұнайды өндіру өте қиын жағдайда жүргізіледі. Теңіздің астынан мұнайды алудың өзі өте қымбатқа түседі. Бірақ бәрібір өндіріліп жатыр. Себебі ол ел шекарасынан шығарылғаннан кейін әлемдік бағамен сатылады. Ал газды бұлайша сата алмаймыз.

 

Бүгінгі қабылданып отырған мұнай өнімдеріне шекті бағаны көтеру шешімі біздің экономиканың дұрыс жолда еместігін көрсетеді. Мәселен, қазір елде мұнайдың бөшкесінің құны 80 долларды құрайды. Оны экспортқа шығарсақ та дәл сол сомамен 80 долларға сатамыз. Бірақ біз оны мұнай өңдеу зауытына 40 долларға сатсақ, қалған 40 долларды өзгенің қалтасына салып береміз. Егер осы сумманы бюджетке салсақ, экономиканың басқа салаларына тиімді қолдануға әбден болар еді. Өндірістің де өзінің белгілі бір құны бар. Біз несие алып, мұнай өңдеу зауыттарын жаңартып, мұнайды өңдеп, жанармай түрлерін шығарып жатырмыз.

 

Алайда сізге алған несиеңізді қайтаруыңыз керек қой. Бұған қоса қосалқы бөлшектер алып, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Мұның барлығы әрине біршама қаражатты талап етеді. Бірақ мемлекеттің мұнай өнімдеріне қойылған шекті бағасының төмендігі соншалық, тіпті қосалқы бөлшек алуға да жетпейді. Біздегі зауыттардың жыл сайын апаттарға ұшырауы да соның салдарынан болар. Жанармай өнімдерін сақтау, жеткізу, нарыққа шығару да қомақты қаржыны талап етеді. Бірақ мұнай өнімдерін көтерме және бөлшектеп сатып алушыларға да нақты бағаны қоюға мүмкіндік бермейді.

 

Осылайша мұнай өнімдерін ірі көлемде көтеріп алушылар өзінің тұрақты тұтынушыларына мемлекет ұсынған баға бойынша талонмен береді де, нақты нарыққа жұмыс жасамайды. Бұл айтылғандарға көршілес мемлекеттерге контрабандалық жолмен шығарылатын мұнай өнімдерін қосыңыз. Нәтижесінде біздің экономикада коллапс туындайды. Жүк көліктері толық тоқтайды. Жүк жеткізілмейді. Зауыттар мен азық-түлік, құрылыс дүкендері зардап шегеді. Тіпті тракторлер де жұмысын тоқтатады. Бүгінгі жағдайдың қысқаша көрінісі осы. Сонымен қатар Алмас Чокин төтенше жағдай жөнінде мынадай мысал келтіреді. – Әскерді жедел түрде бекітуді қолға алып, Төтенше жағдай министрлігімен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу керек. Егер елде жер сілкінісі, қирау-бүліну секілді табиғи апаттар бола қалса, бола қалса әскерден басқа ешкім көмекке келе алмайды. Меніңше, біздің мұндай жағдайға дайындығымыз өте төмен.

 

Мұның алдын алуда резервте ондаған экскаватор, жүздеген жүк көліктері, мыңдаған генератор, т.б. құралдар сақадай сай дайын тұр деу қиын. Бұдан да ең маңыздысы, сондай қиын жағдай туындағанда дайын тұрған техниканың өзін діттеген жерге лезде жеткізу жұмыстары да жүйелі дайындықты қажет етеді емес пе? Мәселен, АҚШ әскерінің жылдам әрекет етуі қайран қалдырады. Мұнда барлық контейнерлерде судан бастап бензинге дейін резервте сақталып тұрады. Апат бола қалған кезде күштік құрылымдары бір сағатта дайын бола қалады. Мобильді жанармай бекеттері дереу әрекет етіп, барлық қажетті техникаларды жанармаймен қамтиды. Жанармайсыз ешбір техника жұмысқа қосыла алмайтынын АҚШ-та бұрыннан-ақ біліп, қажеттіліктің барлығын әлдеқашан резерке қойған.

 

Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының 2023 жылғы 4 сәуірдегі мәліметінше, «АМӨЗ» ЖШС-нің жанармай өндірісінің тәуліктік көрсеткіші АИ-92 маркалы бензині 5250 тоннаны, дизельдік отын 5600 тоннаны құрап отыр. Айдың басынан бергі жалпы өнім: АИ-92 – 11 800 тонна, АИ-95 – 1142 тонна, дизельдік отын – 16 512 тонна. Жалпы облыс аумағындағы тұтыну көлеміне тоқталсақ, АИ-92 – 7000 тонна, АИ-95 – 3000 тонна, дизельдік отын – 7000 тонна.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости