RSS лента

Жолдың жыры бітер емес...

  • 04.12.2023, 16:04,
  • 352
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жуырда Еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті жолшысы Сеитжан МУЛДАШЕВ Turantimes.kz тілшісіне сұхбат берді.

Жоғары категориялы жол жетіспейді

 

– Атырау-Доссор трассасы 2025 жылы кеңейтіледі. Бұл тапсырманы Президенттің өзі берген еді...

 

– Мұнайлы мекен жолдарына қатысты өзекті мәселелердің бірі – қаладан шығаберіс жолдардың І категориялы болмауы. Кейбір жолдар бұрынғы ІІ, ІІІ категориямен қалып қойған. Ол кезде облыста көлік қарқыны аз болды. Қазір әр шаңырақта 2-3 автокөлік бар, оған жан-жақтан келіп-кетушілерді қосыңыз. Мысалы, «Атырау-Доссор» жолының Қарабатан елдімекеніне дейінгі тұсы І категорияға сұранып тұр. Ол әзірге ІІІ категориялы. Осы жолда көлік қарқыны көп, жол-көлік апаттары да жиі болады.

 

Жалпы, өзім еңбек етіп жүрген кезде облыста салынған бірден бір сапалы жол  – «Атырау-Доссор» тасжолы. Бұл жолды бір ғана құрылыс компаниясы салды. Есесіне, он жыл бойы сыр бермеді. Ал, бірнеше мердігер мекеме салған «Атырау-Орал» тасжолының кейбір жерлері  үш жылда істен шыға бастады. Енді осы жол да қайта қалпына келтіруді қажет етіп тұр.

 

– Жалпы, өңірдегі жол құрылысына көңіліңіз тола ма?

 

– Атырау – еліміздің мұнайлы өлкесі. Десек те, қара алтынмен аты шыққан қалалармен салыстырсақ, артта қалған тұстары да баршылық. Соның ішінде экономиканың күретамыры саналатын жолдың жыры бітер емес. Жол саласына 2000-жылдардың басында келдім. Ол уақыт жол құрылысы әлі қарқын ала қоймаған кезең. Елде қаржы тапшы, жол құрылысына қажетті техника да қат. Қазір сең қозғалып, жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып жатыр. Қажетті құрылғылар, техника да баршылық. «КДМ» көліктері,  автогрейдерлер әкелінді. Дегенмен, салынған жолдың сапасы тез сыр береді. 

 

Күтіп-ұстауға көңіл бөлсек...

 

– Жолдар неге сапасыз деп ойлайсыз?

 

– Әлеуметтік желі, басылым беттерінде жол салуға қажетті құрылыс материалдары тапшы дегенді көп оқып жүрмін. Бұл жолдың сапалы, әрі уақытылы салынуына кедергі келтіретіні жасырын емес. Әсіресе, асфальтты-бетонның уақытылы жеткізілмеуі, қолдан жасалатын битум тапшылығы біраз қолбайлау екені ақиқат. Оған кейде материалдардың сапасыздығын, ескі жолдардың төменгі қабатын алмай, асығыс салуын және материал бағасының күннен-күнге қымбаттауын қосыңыз. Ал, сапалы салынған жолдардың да ұзаққа шыдас бермей тез тозуына әсер ететін бірден бір фактор – күтіп ұстау жұмыстарының мардымсыздығы дер едім.

 

Мәселен, Атырау облысы аумағындағы ұзындығы 3047 шақырым жолдың 1125 шақырымы республикалық, ал 1927 шақырымы облыстық және аудандық деңгейде. Осы жолдардың 1272 шақырымы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, яғни сапалы жол жартысына да жетпейді. Бір қарағанда, тақтайдай тегіс көрінетін жолда әп-сәтте-ақ ойық-шұңқырлар пайда болады. Оның басты себебі – күтіп-ұстау жұмыстарының салғырттығы.

 

Әсіресе, Атырау қаласының ішіндегі жолдардың әбден күйі кетіп қалды. Тиісті талап бойынша қайта жаңғыртылған немесе жаңадан салынған, күрделі жөндеуден өткен жол бірнеше жылға шыдас беруі шарт. Тек ауа температурасының құбылуына байланысты түрлі деңгейдегі жарықшақтар пайда болуы мүмкін. Оны ерте көктемде анықтап, шұғыл шайыр құю керек. Егер әлгі көрініп тұрған жарық уақытылы бітелмесе, көктемгі қар мен жаңбырдың суы асфальттың астыңғы қабатына өтіп кетеді. Салдарынан жолда ойық, тіпті кейбір жерлерде апан шұңқырлар пайда болады.

 

Бес жыл сайын жөнделуі тиіс

 

– Енді не істеу керек?

 

– Сарапшылардың пайымдауынша, салынған жолдың әп-сәтте жарамсыз болып, көлік қозғалысына қауіп туғызбауы үшін әуелі оның сапасына, сосын талапқа сай күтіп-ұсталуына баса көңіл бөлген дұрыс. Яғни, жолдың сапасы жақсы болуы үшін оған күтім керек. Кез келген жаңадан салынған нысан күтім болмаса тозып, қирайды. Жол да солай, қаншама көлік жүріп өтеді...

 

Бүкіл дүние жүзі қабылдаған нормативтер бар, жолдар әр бес жыл сайын орташа жөндеуден өтіп тұруы керек. Бізде бұл жұмысқа көп көңіл бөлініп жатқан жоқ. Тағы да қаражатқа тіреледі. Бізде негізгі қаражат құрылысқа бөлінеді де, содан артылғаны күтімі мен жөндеуге қалады. Күтіп-ұстауға бөлінетін қаражатқа келетін болсақ, Ұлыбритания 1 км жолға 35 млн теңге, Жапония 25 млн, Ресей 12 млн теңге бөледі екен. Біздің елімізде 1,4 млн теңге бөлінеді. Ал, норматив бойынша 2,2 млн теңге бөлінуі керек. Жол жабынын уақтылы күтіп-ұстау одан әрі жөндеуге және қалпына келтіруге жұмсалатын шығыстарды 3-4 есе үнемдейді.

 

Соңғы төрт жылда «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» атты республикалық кәсіпорын құрылып, жолдардың сапалы салынуын бақылауға алып жатыр. Сол жолдар сапасын жоймасын десек, күтіп-ұстау жұмыстарын уақытылы қолға алу керек. Өйткені, күтімсіз жол көпке шыдамайды.

 

– Мүмкін мердігер мекемелерге талапты күшейту керек шығар?

 

– Жол саласының ардагері ретінде тағы бір айтарым – жол құрылысын қосалқы мердігер мекемелердің жүргізуіне түбегейлі қарсымын. Қазір мердігер мекемелер тендерді ұтып алып, жұмысы көптіктен, маман жетіспегендіктен, қарапайым тілмен айтқанда белгілі бір қаржыны пайдасына алып,  басқа қосалқы мердігерлерге бере салады. Сонымен қатар, бір жолды бірнеше мекеме салады. Сапасы да әртүрлі болатыны сондықтан.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости