RSS лента

Атырауда құстар қырылып жатыр...

  • 29.06.2022, 02:15,
  • 360
  • 0
  • Автор:
Автор фото: скриншот

Атырауда 5 мыңнан астам шағала қырылып қалды. Осыдан 10 күн бұрын бұл сан 5 есе аз болған. Қарабас шағаланың өлекселері Каспий қайраңындағы «Қашаған» кен алаңы маңайынан және «Ақжайық» табиғи резерваты аумағынан табылып отыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жағдайды анықтау үшін өңірге республикалық микробиология және вирусология институтының мамандары келді. Олар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мамандарымен бірлесіп жұмыс жасап, құстардың неден қырылып жатқандығын анықтады.


«Алынған сынамалар құс тұмауының оң нәтижесін көрсетіп отыр. Өлген құстардың ішінде «Қызыл кітапқа» енгендері жоқ», — дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаров.


Ал Атырау облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамының бас аңшысы Александр Ивасенко мұндай жағдай өңірде бірінші рет болып отырған жоқ дейді. Ол құстардың өлімі табиғи екенін алға тартты.


«Орнитолог маман ретінде айтарым, құстар құс тұмауынан қырылып жатыр деуге әлі ерте. Себебі мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Бірақ бұрын дәл осылайша көп өлмейтін. Жалпы қарабас шағаланың популяциясы 6000-7000 шамасында. Дегенмен олардың көбі толық жетілу кезеңіне жетпей, өліп қалады. Бұл ғылыммен дәлелденген. Тіпті бұл жағдай табиғи өлім немесе ауа-райына байланысты да болуы мүмкін», — деп атап өтті Ивасенко.


Маманның сөзінше, ресми орындар растағандай қанаттылар құс тұмауынан өлсе, бұл тек шағалаларға ғана емес, сол жердегі барлық құстар үшін қауіпті.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости