RSS лента

Жойқын апат дүниені дүрліктірді...

  • 26.04.2023, 00:16,
  • 783
  • 0
  • Автор:
Автор фото: mobillegends.net

Қазір соғыс жүріп жатқан Украинада осыдан тура 37 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең жойқын апат болғанын бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермес, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа қатысты Чернобыль ардагері, «Атырау облысы бойынша Чернобыль ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Серік Мырзағалиевтің өзіндік пікірі бар.

 

– Тарихтан белгілі, апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небəрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болды,- дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Улы сəуле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тараған. Ол кезде мен əскери борышын өтеген, жасым отызға таяған жігіт ағасы едім. Құрылысшы болып еңбек етіп жүргенмін. «Чернобыльдықтарға үй саласыңдар» дегесін, өзім құрылысшымын, сендім. Чернобыльға 50 адам болып поезбен аттандық. Сол отарбада келе жатқанымызда апат алаңына бара жатқанымызды ашып айтты. Поезға мінгенде адам лық толы болатын, кейін бізден басқа ешкім қалмады. Елді мекендер елсіз, бос қалған. Діттеген орынға жеткен соң, маған насоспен бетон құю жүктелді. Арасында жоғары көтеріліп, 15 минутқа ішке кіруге тура келеді. Қорғаныс құралдарынан тек респиратор берілді. Ол жерде үш ай болдым, өте қиын жағдайда жұмыс жасадық. Ұшқан қарға жоқ. Айналадағы көріністің өзі қорқынышты еді. Сол кезде ешкім қауіп туралы ойламады. Менің жадымда адамдардың АЭС-те қандай да бір жұмысты орындаудан бас тартуы туралы бірде-бір жағдай болған жоқ. Барлығы да тапсырма берілген соң оны орындау керек деп түсінді. Еңбек еш кетпеді, бірнеше Алғыс хат, төсбелгілермен марапатталдым. Менің қолымда реактор жарылған 4 энергетикалық блокқа кірген рұқсат қағазым да бар. Взвод командирі естелік ретінде беріп жіберген. Мұндай құжат ешкімде жоқ-ау...

 

Ал, Чернобыль ардагері Хасан Қарамановтың ойынша, бұл – тарихтағы жəне бүкіл əлемге белгілі ең жойқын ядролық апаттардың бірі.

 

– Жасыратыны жоқ, күллі адамзаттың қасіретіне айналды, - дейді ол. – Адамзатқа орны толмас қасірет əкелген Чернобыль оқиғасы орын алған кезде Мақаттағы локомотив депосында еңбек етіп жүргенмін. Апат зардабын жоюға аудандық əскери комиссариаттан шақырылдым. Арматурщик маман ретінде қатыстым. Дегенмен, апаттан кейінгі үйінділерді тазарту жұмыстарына да атсалыстық. Айналдырған 20 минутта берілген тапсырманы орындауға тырыстық. Өйтпегенде, радиацияны бойымызға сіңіріп алуымыз ықтимал. Ол кезде жаспыз, «мылтықсыз майданның» салдарынан сан соғатынымызды кейін түсіндік қой. Елге келіп, денсаулық сыр беріп, мүгедектер қатарын толықтырғанда ғана қандай қатерге бас тіккенімізді түсіндік. Жантүршігерлік апат зардабы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатыны қынжылтады. Жыл санап қатарымыздың азайып бара жатқаны да көңілге кірбің түсіреді. Нағыз ұрпақ қызығын көріп, бақытына бөленер тұста талайдың дəм-тұздары таусылып жатыр. Ол бойды жайлаған радиациялық сəуленің салдары екені айтпаса да түсінікті. Тірі қалғандары сəуле күйіктерін алып, айықпас дертке шалдыққан. Шындығында, Чернобыль апаты талайдың тағдырын тəрк етті.

 

Тағы бір Чернобыль ардагері Аманбай Бәкесов 1976-78 жылдары Семей ядролық сынақ полигоны зардабын жоюға қатысқанын айтады.

 

– 1987 жылы Чернобыль апатын залалсыздандыруға жіберді, - дейді ол. – Əскерде болғандар дайын жауынгер саналатын. Сондықтан əскери комиссариат шақырды, бұл өзі соғыс сияқты болды ғой. Бізді Қазақстан атынан жіберді. Бірден Украинаға бардық. Үстімізде əскери киім. Киевте бізді əскерилер күтіп алып, əскери округке апарып, əр топқа бөлді. Ол кезде қайда баратынымызды білген де жоқпыз. Кейін радиациясы бар жерге жіберетінін айтып, қайда баруға болатыны, қай жерді баспау керектігі жөнінде нұсқау берді. Жарылыс ошағынан 60 шақырым жердегі казармаға орналастырған соң, арнайы əскери киім берді. Ол жерде оншақты бөлім болды. Төртінші блокты білесіз, сол жерде дəнекерлеуші болып жұмыс жасадық. Берілген 2-3 минутта тапсырылған тапсырманы орындап, шығуымыз керек. Кезекпен жібереді. Жалпы, радиация аймағында 4-5 сағатан артық жұмыс жасауға болмайтын. Біз радиация деңгейін төмендетуге жəне оның таралуына кедергі келтіретін жағдайлар жасауға бағытталған іс-əрекеттерді орындадық. Атқарылған жұмыс көлемі орасан зор болатын. 15 күн сол жақта, 15 күн əскери бөлімде жұмыс істедік. Тал-теректер қып-қызыл болып тұратын. Жемістері піскен. Жиһаздарымен бос қалған үйлер, қабырғаға ілінген фотосуреттер... Бəрі көз алдымда. Жаспыз, рұқсат етілмесе де, қызықтап қарайтынбыз. Радиациялық сəулені мөлшерден көп алған болуым керек, үш айдан соң елге жіберді. Бүгінде үш ер балам, үш қызым бар. Кішкентай немеренің атасымын. Өкініштісі, немерем сал ауруына шалдыққан. Бұл осы радиацияның салдары, апаттың зардабы деп ойлаймын. Денеге сіңген сəуле ұрпақтан ұрпаққа таралатыны туралы айтылып та, жазылып та жүр ғой. Əлеуметтік жағдайымыз мəз емес. Мемлекеттен Чернобыль апатының ардагері ретінде баспана алуға қақымыз болса да, құқымыз аяққа тапталған. Өзі санаулы қалған Чернобыль апатының қатысушыларына мемлекеттен көңіл бөлінсе, қалған ғұмырымызды кең, жарық пəтерде өткізсек деген тілегім бар.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости