Оларға «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «билік өкіліне күш қолдану», «қару ұрлау» секілді айып тағылған. Ал жәбірленушілер саны 115. Басым көпшілігі құқық қорғау органдарының қызметкері.
«Митинг жайлы болып жатқанын естідік. Автобуспен акиматтың алдына бардық. Акиматтың алдына келе жатыр дегесін шит, каскамен тұрдық. Сол кезде алдымнан адамдар келе жатқанын көрдім. Содан кейін есімнен айырылдым» дейді жәбірленушілердің бірі.
Істі Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина жүргізуде. Сот кезінде қорғаушы тарап судьядан жақында президент жарияланған рақымшылық туралы заңды ескеруді өтінді. Ал судья мұның қылмыстың жеңіл түрін жасағандарға ғана қолданылатынын айтты.
«Қазіргі таңда 27 сотталушының барлығы да ауыр санаттағы, оның ішінде аса ауыр санаттағы қылмыс жасады деп айып тағылған. Ол заңның ішінде 380 бап 1 бөлігінде рақымшылық заңы қолданылуға жатпайды» деді судья.
Процесс кезінде байқалғаны — жәбірленушілердің тергеу кезіндегі және сотта берген жауаптары әртүрлі. Келесі отырыс 23 қарашада өтеді.