Онда депутаттар екі заңды қарап, қабылдады. Нақты айтқанда, сенаторлар Парламент депутаттары бастамашылдық жасаған «Рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады.
Құжатта қазақстандықтарды қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босатуды көздейтін нормалар жазылған. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға: ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзім төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстар үшін жартысына қысқарады. Бұдан басқа, заңда босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру, яғни жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу шаралары қарастырылған. Бұл ретте азаптаулар жасаған адамдар, террористер, экстремистер, рецидивистер және тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар рақымшылыққа жатпайтынын атап өткен жөн.
«Қабылданған заң Мемлекет Басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктермен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Сонымен қатар, заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз. Бұдан былай осындай қайғылы оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Құжат мүше мемлекеттердің аталған саладағы заңнамасын үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Амангелді Толамисов Жетісу облысында тиісті инфрақұрылымды жаңарту мәселесін көтеріп, өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға қатысты проблемаларға назар аударды.
Бекболат Орынбеков ветеринарлардың мәселелерін шешетін кез келгенін айтты. Ол бұл маман иелерінің мәртебесі әлі анықталмағанына, әр ветеринарға жүктеме бекітілмегеніне және материалдық-техникалық базаның ескіргеніне баса мән берді.
Андрей Лукин тиімсіз және нәтижесіз тексерулер жүргізілетінін ескеріп, мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын сынға алды. Сондай-ақ депутат тәуекелдерді басқару жүйесінің критерийлерін және мемлекеттік аудит нысандарын іріктеу тәртібін қайта қарауды ұсынды.