– Конституция – заңдылықтың, құқықтық тәртіптің және билік институттарындағы тұрақтылықтың міндетті шарты, - дейді әділет саласының білгірі Асұлан Каримов "Atyray" газетіне берген сұхбатында. - Демократиялық қоғам құруға бет бұрған кез-келген мемлекеттің Конституциясы халық пен мемлекет арасындағы өзара шарт болып табылып, қоғамдағы негізгі қатынастарды реттеуге бағытталады.
1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы – жаңа саяси-заңдық құжат. Негізгі заңның мәндік жаңалығы ең алдымен оның барлық институттарының мазмұны мен нысанын нақты анықтайтын принциптерден көрініс табады. Еліміздің Конституциясына қазіргі уақытта қоғам өмірінен лайықты орнын тауып жатқан бұрынғыдан мүлдем өзге жаңа идеялар тән. Олар мемлекеттік биліктің бөлінуін ұйғарушы халық билігі мен халық егемендігі, конституционализм, заңдылық және құқықтық мемлекет, адам және азаматтың табиғи, ешкім айыра алмайтын құқықтары мен бостандықтары, біртұтастық және ұлттардың даму еркіндігі; халықтар мен мемлекеттер арасындағы бейбітшіліктің нығаюы, халықаралық құқық принциптері мен нормаларын сақтау, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдум немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
Қазір әлем күн санап өзгеріп жатыр. Халықтың талап-тілектері мен сұранысының да сипаты өзгеріп, жаҺандану процестері қоғамдық қатынастардың жаңа форматын қалыптастыруда. Сол себептен де, Президент еліміздің саяси жаңғыруын, билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастардың оңтайлы балансын, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның тиімді диалогын қалыптастыруды көздейтін саяси реформалар бағдарламасын ұсынды.
Конституциялық реформаның негізгі бағыты ретінде биліктің барлық тармақтары арасындағы өкілеттіктер мен құзыреттердің барынша оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруды айтуымызға болады. Қазақстанның конституциялық құрылымын жүйелі трансформациялаудың ролі мен маңызы өте зор. Бұл жерде оның жауапкершілігінің де салмағын есте ұстауымыз қажет. Ата Заңға енгізілген өзгерістерді Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге толық негіз бар. Ықпалды Парламенттің, халық сайлаған мәслихаттардың, адамдарға есеп беретін Үкіметтің жұмыс істеуі үшін тиімді тетіктерді іске қосты. Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – саяси плюрализм мен бәсекелі демократиялық ортаны дамыту үшін қажетті жағдайлар қалыптастыратыны да күмәнсіз.
Президент былтырғы наурыз айында жасаған Жолдауында суперпрезиденттік басқару формасынан қуатты Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар президенттік басқару моделіне көшу қажеттігіне баса назар аударған болатын. Сол себептен де, Конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі – Президенттің бірқатар өкілеттіктерін қысқарту болып табылады. Мәселен, Конституцияға Қазақстан Республикасы Президентінің өз өкілеттігі кезеңінде саяси партияға мүше болмауы туралы норма енгізілген болатын. Көптеген шет мемлекеттерде Президенттің кандидатурасын белгілі бір партия ұсынуы мүмкін, ал осы кандидатура Президент болғаннан соң өз өкілеттігі кезеңінде саяси партияға мүше бола алмайды. Бұл оның өзін ұсынған партияға басымдықтар бермеуін, саяси бейтараптығын қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шара екендігі даусыз.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Президент адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатынын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысының жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметтерде лауазымдарды, квазимемлекеттік құрылымдарда басшылық лауазымдарды иеленуіне конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсынысын айтты. Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, ата-әжесі, немерелері жатады.
Аталған заңдар шеңберінде саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін заңнамалық актілерге, сондай-ақ жердің, жер қойнауының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және басқа да табиғи ресурстардың Қазақстан халқына тиесілігі туралы конституциялық қағидатқа байланысты мәселелерге өзгерістер енгізілді.
Қазақстандықтар көптен күткен келесі өзгеріс – былтыр 18 қарашада қабылданған және күшіне енген Конституциялық сот туралы заң. Конституциялық сот өз қызметін осы жылдың 1 қаңтарынан бастады. Президенттің Жоғары сот кеңесінің құрамын жасақтауға қатысты өкілеттіктері өзгереді. Конституцияда белгіленген қолданыстағы тәртіпке сәйкес Жоғары сот кеңесінің құрамын, сондай-ақ Конституциялық кеңестің төрағасын Президент өзі тағайындайды. Енді Конституциялық соттың және Жоғары сот кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын Парламент Сенатының депутаттарына беру ұсынылды.
Ендеше, Жоғары сот кеңесінің құрамын қалыптастыру заңмен айқындалатын болады. Мемлекет басшысы Жолдауында Президенттің артық өкілеттіктерін алып тастау және әкімдер мен мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезінде көбірек дербестік беру арқылы «қолдан басқару» тәжірибесінен бас тарту қажеттігін атап өтті.
Конституциялық сот дегеніміз не, оның республиканың басқа соттарынан айырмашылығы неде екендігі туралы көптеген сұрақтар туындайды. Конституциялық сот – сот жүйесіне кірмейді, бұл конституциялық қадағалаудың дербес органы. Оның негізгі міндеті – кез-келген деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру.
Егер Конституциялық кеңеске мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың кейбір тобы ғана – Мемлекет басшысы, Парламент палаталарының төрағалары, Парламент палаталары депутаттарының жалпы санының кемінде 1/5 бөлігі, соттар және басқалар жүгіне алатын болса, енді Қазақстан Республикасының азаматтары да Конституциялық сотқа жүгіне алады. Конституциялық соттың құрылуы ең алдымен, азаматтардың әділет саласына деген сенімін едәуір нығайтатыны сөзсіз.
Екіншіден, кез-келген азамат бере алатын жеке конституциялық шағым институтын енгізу ғана мемлекеттегі барлық үш биліктің іс-әрекеттерінің конституциялылығын бақылауды жалғыз, орталық соттың қолына береді.
Үшіншіден, жеке конституциялық шағым белгілі бір талапкердің құқықтарын қорғаумен қатар Конституцияның үстемдігін қадағалау қызметін атқарады. Конституциялық сот жалпы юрисдикция соттарының шешімдеріне шағымданатын орган емес. Сот шешімдеріне, бұрынғыдай, тиісті апелляциялық, кассациялық сатыларда шағым жасалуы мүмкін. Конституцияда айқындалған Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі айтарлықтай күшейтілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және оның өкілдерінің қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік белгіленеді. Жалпы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің – құқық қорғау институтын жоғары деңгейге көтереді.
Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау шеңберінде өлім жазасы біржола жойылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (немесе омбудсмен) соңғы жылдары қоғам үшін өзінің жоғары маңыздылығын көрсеткенін атап өткен жөн.
Енді оның рөлі конституциялық деңгейде бекітіліп отыр.
Келесілер қарастырылды:
– Конституцияда өлім жазасына тыйым салынады;
– Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі Конституция мен Конституциялық заң деңгейінде күшейтілді.
Қаңтардағы оқиғаларды тергеу кезеңінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл іс жүзінде алғашқы күннен бастап белсенді жұмысқа кірісті. Омбудсмен, беделді заңгерлер бастаған тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жасап, өз ұстанымдарын ашық білдірді және қорғады. Соның нәтижесінде заңсыз үкімдердің тәуекелдерін едәуір төмендетуге қол жеткізілді.
Сондай-ақ, Конституцияға енгізілетін түзетулер шеңберінде Парламенттің депутаттық корпусын жасақтау тәртібін, Парламенттің және оның Палаталарының заңдарды қабылдау және басқа да мәселелер жөніндегі құзыретін қайта қарау жүзеге асырылды. Түзетулерде заңдарды Парламент Мәжілісі қабылдайтыны, онда барлық депутаттар саяси бәсекелестік негізінде сайланатыны қарастырылған.
Конституцияға Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау кезіндегідей жергілікті өкілетті органдарға сайлау кезінде де аралас сайлау жүйесіне көшуге қатысты тиісті өзгерістерден туындайтын түзетулер енгізілді. Конституцияда жарияланған халықтың жер мен оның қойнауына, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне және басқа да табиғи ресурстарға меншік құқығы туралы норма да бекітілді. Бірақ, бұл ретте Ата Заңда бекітілген аталған норма қағидат сипатына ие екенін түсіну керек. Ол біздің әрқайсымызда жердің қандай да бір ауданына немесе жер қойнауы учаскесіне меншік құқығын туғызбайды, ол жерді, жер қойнауын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану Қазақстан халқының мүддесі үшін жүзеге асырылуы тиіс екенін айқындайды. Мысалы, ел Президенті Қазақстанның жер қойнауын пайдалану есебінен қалыптасатын ұлттық қордың табысының бір бөлігін балалардың мұқтаждықтарына жұмсауды ұсынды. Міне, бұл халықтың жерге меншік құқығын жүзеге асырудың бір мысалы.
Президент облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін өңір (қала) мәслихаттарының барлық депутаттарының келісімін ала отырып баламалы негізде (кемінде екі кандидатура ұсыну арқылы) тағайындау жүзеге асырылуда. Бұл да әділеттілік принциптерін орнықтыру, осы саяси лауазымға барынша лайықты кандидатураны іріктеп алу мақсатында енгізілген норма болып табылады. Ол білімі, кәсіби дайындығы мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары мамандарға саяси қызметтің тұтқасын ұстауға мүмкіндік берері анық.
Президент Конституцияға өзгеріс енгізілгенге дейін Сенаттың 15 депутатын тағайындайтын болған. Қазір Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде 5-еуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындайтындығы туралы норма енгізілді. Бұл өзгеріс президенттік ықпалды азайту мақсатында қолданылып отырған шаралардың бірі. Парламентке заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру және оны күшейту мақсатында бірқатар өкілеттіктер берді. Мысалы, халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару тәртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады.
Иә, соңғы кезде орын алған түрлі төтенше жағдайлар, қаңтар оқиғасы, осы жағдайларға жедел жауап қатуды шектейтін заң қабылдау ісіндегі бірқатар кемшіліктердің бетін ашты.
Конституцияға мұндай норманы енгізу заманымыздың түрлі тәуекелдеріне шұғыл ден қою қажеттілігінен туындап отырған шара деуімізге болады. Жалпы, Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға зер салсақ, сайып келгенде барлық нормалар суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, президенттік республика моделіне көшуге, мемлекеттік билік функцияларын монополиясыздандыруға, халықтың мемлекеттік басқару ісіне араласуын кеңейтуге,азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Әз Тәукенің өз заманында толықтырылып, бір жүйеге келтірілген ережелер жүйесі «Жеті жарғы» заңын қабылдау, мемлекеттік басқару жүйесіне қарапайым халықты тарту жаңашыл өзгерістерді енгізу, ішкі бірлікті бекемдеу, сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізу арқылы ел жадында жатталып қалған «алтын ғасыр» дәуірін орнатқаны белгілі. Ендеше, мемлекеттің жаңа даму жолдары мен мүмкіндіктеріне бағытталған ауқымды жұмыстарды қоғам болып атқару баршаның міндеті болмақ.