RSS лента

Ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының қайтарымы қайда?

Автор фото: www.istockphoto.com

Өкімет субсидия мен несиені өңдеуші мекемеге берсе, базардағы ет, сүт бағасына бəсекелестік туады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытуға соңғы жылдары ғана миллиардтаған теңге жұмсалғанын айтқан, - дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев. – Соның қайтарымы қайда?! Мемлекет басшысының қиындықтарды бірлесе жеңу үшін ұқыптылық пен үнемшілдікке шақыруы да орынды. Өйткені, біз əлі күнге дейін нарықтық экономикаға сыйыспайтын жайттардан арыла алмай келеміз. Жұмыс өз нəтижесін беру үшін елдегі төрт түлік малдың санын, одан өндірілген өнімнің есебін, жайылым мен шабындықтың көлемін нақтылау керек. Себебі, егемендік алғаннан кейін саланың нақты көрсеткіштерін əсірелеп айту орын алған. Сондықтан елдегі мал шаруашылығының қазіргі жағдайын қалыпқа келтіріп, алға қарай тұрақты дамытуға саланың өзекті мəселелерін дөп басатындай жолды анықтауымыз қажет.

 

Ауыл шаруашылығының алдында тұрған күрделі мəселелерді шешуге салалық ведомствоның қауқары жетпейтіні белгілі. Себебі, министрліктер «өз көрпесін өзіне тартып», ортақ мемлекеттік маңызы бар саланы көтеру үшін бірігуге ықыласты емес. Олардың басын біріктіріп, келелі істерді кемеліне келтіріп орындататын Үкімет емес пе?! Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел экономикасын қалпына келтіруге, тың игеруде немесе Қазақстанда қой малының санын 50 миллионға жеткізуді міндеттегенде бүкіл халық атсалысқан жоқ па?! Сондықтан туындаған өзекті мəселелерді шешуді төтенше жағдай ретінде қарап, Үкіметтің арнайы қаулысымен қабылданған нақты бағдарлама негізінде бірнеше министрлікке берілген тапсырманың орындалуын жіті, əрі мұқият қадағалап отырса іс неге жүрмейді?.. Екіншіден, төрт түлік өсіретін ұсақ шаруашылықтар жаңа заманда дəуір үніне сай жаңаша жұмыс істеуге қауқарсыз. Сондықтан оларды ірілендіріп, басқа құрылымдар (кооператив, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, т.б.) құрған тиімді. Сол арқылы ғана іргелі инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруға, жаңа технологияны жан-жақты өндіріске енгізуге, озат тəжірибені кеңінен қолдануға мүмкіндік туады. Нəтижесінде еңбек өнімділігі артып, өнім сапасы бəсекеге қабілетті болатыны анық. Дана халқымызда «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» деген сөз бар. Қазір айтылып жүрген шаруа қожалықтарын біріктіруге барлығы бірдей құлықты емес, «ортақ өгізден оңаша бұзауды» жөн көреді. Қай жерде де бұрынғы кеңшарлардың орнын басып қалған шаруа жағдайы біркелкі, жері, суы жеткілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Қазір бұлардың дамуына қолбайлау болып отырғаны – өндірген мал өнімдерін өткізе алмауы. Шынында, олардың өткізуге жағдайы да көтермейді, қаражаты жоқ. Қазір де малды тірілей салмақпен сатып, сосын азын-аулақ өкімет субсидиясымен күнін көріп жүр. Мəселеге түпкілікті үңілсек, олардың өндірген өнімдерін өткізуге толық мүмкіндік бар. Сегіз-он жылға 3-5 пайызбен несие жəне қажетті лизингтік тəсілмен берілетін техникаларына субсидия беруді шешу немесе инвестиция тарту тəсілі арқылы оларды ірі шаруашылықтарға айналдыруға əбден болады. Бұған шындап кіріссе, олар өндіріске қажетті жаңа технологияларды енгізіп, өз өнімдерін өздері өңдеп өткізуге толықтай қабілетті болатыны сөзсіз. Ол үшін жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландырып отыратын əдейі салалық Банк ашылуы тиіс. Өйткені, қазір елде бірдебір екінші деңгейлі Банк арзан пайызбен шаруа қожалықтарына несие ұсынбайды. Əрине, ауыл шаруашылығында тəуекелдің жоғары екені белгілі, дегенмен одан қорқып Банк ашпау сала экономикасының дамуына тежеу болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, халықты қолжетімді бағадағы ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етудің жолы – облыс орталықтарынан мал өнімдерін тереңдетіп жəне қалдықсыз өңдейтін ет, сүт комбинаттарын салу. Осы комбинаттар шаруа қожалықтары жəне жеке тұрғындармен өзара келісімшарт арқылы жұмыс істеп, шығарған өнімді халыққа ұсынып, шаруагермен есеп айырысады. Ал, өкімет субсидия мен несиені осы өңдеуші мекемеге берсе, базардағы ет, сүт бағасына бəсекелестік туады. Осындай жұмыс республика Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылса, тауар өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар жойылып, барлық тарапқа да тиімді болмақ. Бұл жұмыс қалыпты арнаға түскен соң ауыл шаруашылығы кооперациясына, тіпті корпорацияға айналары анық. Тері жəне жүн өнімдерін өңдеу мақсатында да осы əдіспен облысаралық комбинаттар жұмыс істесе, қазір қоқысқа тастап жатқан шикізат кəдеге жарап, шаруагердің де табысы молаяр еді.

 

Жекеменшік үй шаруашылығымен, яғни қорадағы азын-аулақ малымен күнелтіп отырған ауыл тұрғындары баршылық. Қатары өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен салыстырғанда едəуір сирегенімен, бүгінде олардың да халықты азықтүлікпен қамтуға қосып отырған үлесі шаруа қожалықтарымен бірдей. Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында үнемі ауыл халқының əл-ауқатын көтеруді жергілікті атқарушы органдарға тапсырып келеді. Өткен жылдары баспасөзде «Үй шаруашылығы туралы» арнайы заң жобасы Парламент Мəжілісінің отырысында қаралғаны айтылғанмен, бірақ ондай нормативтік-құқықтық акт əлі қолданыста жоқ. Мұны айтып отырған себебіміз, орталықтан шалғай жайылымдық алқапта отырғандардың малды көбейтіп, ет, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндігі мол. Бірқатары жылына оншақты інгенді боталатып, 25-30 шақты сиырды бұзаулатып, үйір-үйір жылқыны құлындатып отырса да, өздерінен артылған өнімді табыс көзіне айналдыра алмай келеді. Дайындаған өнім халыққа ұсынуға қауқарсыз болғандықтан малды толық саумайды, сүт өндірмейді. Өздері күнделікті шəйға «Айналайынды» қатық қылып отыр. Сондықтан ауылдық жерде, өндіріс орындарында, кенттерде төрт түліктің өнімін өткізуді ұйымдастыру үшін дайындау пункттерінің желісі құрылса, қала, аудан орталықтарында сүт, шұбат, қымыз, құрт, ірімшік, май, басқа да сүттен жасалған өнімдер сөреде тұрар еді. Кеңес дəуірінде жеке меншіктегі мал өнімдерімен өкіметтің ісі болған жоқ. Кеңшардың сауын гурттарының маңайынан салынған май зауыттарында сауылған сүтті сеператорға тартып, май жасайтынды. Елде электр жарығы жоқ, жазда жертөле қазып, қыстыгүні мұздан дайындалған мұздатқышта (холодильник) сақталған сүтті мемлекетке өткізетін. Мемлекеттік сүт жоспары осылай орындалатын-ды. Бүгінде нарықтық экономиканың қысымы, шаруашылық құрылымдары мен жекеменшік мал иелерінің, ішкі мүмкіндіктердің тапшылығы, мал өнімдерін өндіру мен өткізудің науқаншылдығы жəне өз дəрежесінде өтпеуі олардың қаржы-экономикалық ахуалын нашарлатып отыр. Демек осы субъектілер өндірген өнімдерді орталықтандырып өткізетін тетік керек. Тіпті, əрбір аудан орталығынан сүт өңдейтін зауыт немесе цех ашу – жергілікті атқарушы билік органдарының қолынан да келетін іс. Соңғы бірер жылдан бері мекемелердің шұбат өніміне қажеттілігін қамт амасыз етуші кəсіпкер облыстық дəрежедегі мемлекеттік сатып алу байқауы арқылы шешілетін болыпты. Бір таңғаларлығы, əлгі «жеңімпаз» өнімді өзі өндірмей, əр жерден тасып əкеледі екен. Ал, қала халқын сүт, шұбат, бау-бақша дақылдарымен қамту үшін мамандандырылған іргедегі «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұбатын өткізуге зар болып жүр. Ал, əлгі «жеңімпаз» жеме-жемге келгенде шұбатты серіктестіктен арзанға сатып алып, қымбат бағамен өткізеді деседі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы мен ауылдағы кəсіпкерлікті дамыту үшін қазынадан қыруар қаржы бөлініп отырғаны жəне жыл сайын оның біршама артып отырғаны көңіл қуантады. Бірақ «судың да сұрауы бар» емес пе еді?! Əрине, бұрын да мемлекеттен көмек берілді, бірақ оны агрокешен еңбеккерлері еселенген өніммен қайтаратын. Ал, қазір ол ұстаным түбегейлі өзгерген. Бұл біздің нарық заңына əлі үйренбегенімізді көрс етеді. Қазіргі қабылданған бағдарламалардан қоғамға, яғни «ортақ қазанға» түсетін пайда шамалы. Соңғы жылдардағы мемлекеттік бюджеттен бөлінген субсидиялардың қолды болуы осындай жағдайлардың əсерінен екенін көз көріп отыр. Көп жылдық тəжірибеге сүйенсек, өкімет мал шаруашылығын тиімді жүргізу үшін шаруашылықтарға əуелі субсидия есебінен жер мен суды қамтамасыз етуге міндетті болуы шарт. Шаругер сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып өнім өндіру, халықты азық-түлік, өндірісті шикізатпен қамту үшін білек сыбана атсалысуы тиіс. Қазір мемлекеттен берілетін қаржылық көп, бірақ оны алу тетігі жүйесіз. Мысалы, мал азығын дайындағаны үшін берілетін субсидия дайындалған шөптің көлеміне емес, соған жұмсалған жанар-жағармайдың бағасын 50-60%-ға дейін арзандатуға жұмсалса неғұрлым тиімді болар еді. Сол сияқты, басқа да көмек-қолдаулар малшының əлеметтік жағдайын шешу, мал тұқымын асылдандыру, тыңайтқыш алу, табиғи апаттық жағдайлар, өзге де қыруар қайтарымы бар жұмыстарға берілсе əлдеқайда ұтымды.

 

Мал шаруашылығындағы бүгінгі басты мəселе – табиғи жайылымды тиімді пайдалану. Қазақстанда мал шаруашылығын жүргізуді ұйымдастыру басқа елдермен салыстыруға болмайды да, келмейді де. Біз төрт түлік өсіруді елдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуіміз керек. Жердің де киесі бар, оны баптай білсек, малға – өріс, елге – құт. Қазір республика жер көлемінің 80 пайызға жуығы – жайылымдық жəне шабындық алқаптар. Егер осы ауқымды алқаптарды өз мақсатында пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіруге жеткілікті. Ауылдың ырысы да, байлықтың кіндігі де осында. Жайылым түрі алуан. Егемендіктің алғашқы жылдары шаруашылықтар тарапынан құлықсыздық, ал орталық салалық жəне жергілікті атқарушы органдар тарапынан бейқамдық болды да, ақыры құнарлы жайылымдардың жұтауына жол беріліп, экологиялық қолайсыздыққа ұласты. Ата-бабамыз «қойды құмға, жылқыны қырға, сиырды сыртқа, түйені сорға жай» демейтін бе еді. Ал, жыл он екі ай бойы қоныс ауыстырмай бір орында отырғандықтан, жер тозып, малазықтық өсімдіктердің түрі азайып, малға жұғымсыз, шағыр, итсигек, сүттіген сияқты шөптер өсіп кетті. Соның кесірінен жайылымдар шаруашылық айналымынан шығып, эрозияға ұшырауда. Шаруашылықтар өздеріне тиесілі жайылым мен шабындықтың құнарлылығын кемітпеуге тиіс агротехникалық шараларды жүргізбейді, оларды жақсартуға қаражат жұмсамайды. Соның кесірінен осы алқаптардың өнімділігі күрт нашарлап, азып кетті. Сондықтан, жерді ұқыпты пайдалануды тəртіпке келтірудің қатаң шарасын алу қажет. Соңғы жылдары шаруашылықтар мен жеке тұрғындар мал қыстатуға жеткілікті жем-шөп қорын дайындадық дегенмен, азықтың өлшемі, яғни сапасы төмен. Өйткені, жайылымдар мен шабындықтардағы өсімдіктердің геоботаникалық құрамы түбірімен өзгерді. Мұндай жағдай жерді мелиорациялауды, басқа да агротехникалық шараларды жүргізуді қажет етеді. Бізде алқаптарды ғылыми негізге сүйеніп пайдалану жетіспейді, соның салдарынан пайдаланып жүрген жер аумақтары мерзімінен бұрын айналымнан шығып қалады. Мысалы, құм, құрлық алқаптарынан пішен дайындағанда түбірінен 7-8 сантиметр биіктікте шөп қалуы керек, бірақ оның ешкім сақтамайды. Жылма-жыл шөптің түсімі азаюының бірден-бір себебі – осының салдары. Шөптің өсу қабілетін орнына келтіру үшін əбден тозған жайылымдарда «ауыспалы жайылым» əдісін енгізген қолайлы. Сондай-ақ, шөптің өсіп дəнін төгіп, алдағы жылы тағы көп шығуына мүмкіндік жасалмай, тым жастай орып алу белең алып барады. Даланың көп көлемде өртенуі де шөптің мол өсуіне үлкен кедергі келтіруде. Сонда ата-баба аманатқа қалдырған ұланғайыр жердің сұрауы жоқ па?! Біз келешек ұрпаққа қандай жер қалдырмақпыз?! Ендеше, ауыл шаруашылығының алда тұрған күрделі проблемаларын шешу үшін жерді тиімді пайдалану бағыттарына, оның экологиялық тұрақтылығын нығайту жəне топырақтың биологиялық өнімділігін арттыру шараларына жүйелі жəне кешенді түрде көңіл бөлу қажет. Жер ресурстарын дұрыс пайдалану ғана біздің мемлекетіміздің экономикалық əлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Жайылымдық алқаптарды суландыру, яғни су көздерін іздестіру де өзекті мəселе. Кеңес дəуірінде сумен қамту дəл бүгінгідей проблема болған жоқ. Кез-келген алқапта 5-7 метр тереңдіктен тұщы су көзі табылатын-ды. Ал қазірде 100-200 мет р тереңдіксіз тұщы су көздері таптырмайды. Ол үшін ғарыштық түсірілімдер арқылы жайылым жағдайларын, жерасты су көздерін анықтап, оны игеруге толық мүмкіндік бар. Бұл жұмыстарды тек тиісті жоғары атқарушы органдардың ұйымдастыруымен жəне жүргізуге көмектескенде ғана орындалады. Сонда ғана атакəсіппен айналысуға бел буған кəсіпкер мен ма лшы діттеген межеден шыға алады. «Жері байдың – елі бай», ол анық жайт. Ендеше, ырыстың кіндігі – жерімізді еміп, өрісті қазақы танымда байлықтың басты өлшемі саналған төрт түлікпен толтырсақ, əлбетте, қуатты мемлекеттермен иық тіресіп жүруге əлеуетіміз жетеді.

 

Жүн мен тері – қыруар байлық, мал баққан жанның ақ-адал маңдай тері. Ал, еліміз егемендік алғаннан бері мал терісі мен қой жүнін пайдаға асыра алмай келеді. Отандық кəсіпкерлер малдан алынатын осы өнім түрлерін кəдеге асыруды қолға алып, халық көп шоғырланған ауылдарда тері өңдеу кəсіпорнын ашса, ауыл халқы үшін қаншама жұмыс орны болар еді. Бүгінде мал терісін халықтан жинап, оны өңдеу орнына өткізетін де кəсіпкер жоқ. Егер бұл мəселені мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыруға қол ұшын созып реттесе, экспорт көлемі артары күмəнсіз. Мəселен, қазір Пəкістан, Түркия тəрізді озық технологиясы бар елдер теріні бізден тиын-тебенге əкетіп өңдеп, шығарған қыруар өнімді қайтадан қымбат бағамен ұсынып жүр. Оны алмасқа амалымыз жоқ!.. Қой жүніне қатысты да ахуал осындай. Рас, облыста мал жүнін өңдейтін кəсіпорын біраз уақыт бұрын құрылған. Бірақ ол Атырау өңірінде өсірілетін қылшық жүнді құйрықты қойдың жүнін өңдеуге қауқарсыз. Бүгінде түйе жүніне, қойдың ақ жəне ақшыл түсті жүніне сұраныс жоғары. Демек енді əлемдік бəсекеге қабілетті мал өнімдері осылар болмақ. Міне, сай-салада кəдеге аспай шашылып жатқан жүн-жұрқа мен тері-терсектің жайы осындай. Егер мал өнімдерін өңдейтін құрылымдар ауылдық жерлерде салынып жұмыс істесе, қалаға сабылған халықтың денін тоқтатары сөзсіз. Жалпы, ма л терісі мен жүннің пайдаға аспауы елімізде жеңіл өнеркəсіп кəсіпорындарының əлі күнге дейін қалыпты жұмыс жасамауынан, малдан алынатын жергілікті шикізат өнімдерін өңдеуді қолға алмай отырғандықтан да болып отыр. Бұл жерде өкіметтің назарында болатын жағдай – сала құрылымдарының бірігіп жұмыс жасауына көңіл бөліп, бақылау жүргізсе деген тілек. Бұл салада тағы бір проблема бар, ол – мал шаруашылығымен айналысатын шаруагерді (шаруа қожалықтарының жетекшілері) жалпы кəсіпкердің қатарына қосып, «кəсіпкер» деп санау, барлық деңгейдегі салалық басқару органдарын кəсіпкерлікпен біріктіру. Осы арқылы ел экономикасының ең басты саласы – ауыл шаруашылығы саласының маңызын, ролін төмендету бірінші кезекке шығып келе жатқан жоқ па деген күдік бар. Ал, шаруагер – нарықтағы негізгі өнім өндіретін ауыл шаруашылығы құрылымының басшысы. Оның жұмысының ерекшелігі – жыл он екі ай бойы мал өнімдерін өндіруге бағытталатыны, халықты ет, сүт, өндірісті шикізатпен қамтиды. Осы жерде ХVIII ғасырдың бел ортасында ғұмыр кешкен француз жазушысы Жан-Жак Руссоның: «Единственное средство удержать государство в состоянии независимости от кого-либо – это сельское хозяйство. Обладай вы хоть всеми богатствами мира, если вам ничем питаться – вы зависите от других. Торговля создает богатства, но сельское хозяйство обеспечивает свободу» - дегені е ске түседі. Шынында, француз жазушысының осы сөзі қай заманда да мəнін жоймайтынға ұқсайды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласы қай уақытта да елдігіміздің тірегі болуы шарт.

 

Төрт түліктің басын тең өсіріп, егін егіп, мол өнім өндіруге жағдайы бар кейбір шаруашылық құрылымдары мал бағатын адамның жоқтығынан тарап кетуге мəжбүр. Жекеменшік сектор мен шаруа қожалықтары Шопан ата тұқымын қысы-жазы жайылымда көз алмай бағуды қажет етпейтін сиыр, жылқы, түйе түліктеріне айналдырып бітуі жақын. Себебі, қазір мал бағуға жастар, мамандығымен жұмыс істеуге мамандар құлықсыз. Алға тартатыны – еңбекақы аз, əлеуметтік жағдай төмен. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығында жалақы бұрын да жоғары болған емес, қазір одан да мүшкіл. Өйткені, «қалталары тесік» шаруашылықтар өндірген өнімдері (жүн, тері, т.б.) өндірістегідей өтпегесін шопанға айына 150-200 мың теңге төлей алмайды. Бұрынғы малшылар мен жұмысшы мамандар зейнет жасына жетті. Зейнеткерлікке шықпағандары саладағы қазіргі əлеуметтік жағдайдың нашарлығын сылтау етіп, жұмыс жасаудан бас тарта бастады. Əрине, оларды айыптап, сөгуден аулақпыз. Себебі, бүгінде заман өзгерді, əркім өзінің тұрмыстық жағдайына қолайлы жерде тұрғысы келеді. Дейтұрғанмен, ұлы ақын Абай айтқандай, өз еңбегін саумайтын адамдар қатары көбейіп бара жатыр. Мысалы, ауылдарда ауладағы ұсақ жандығын 15-20 үй болып кезектесіп бағу қалыптасқан. «Қойкезек» күні көршісінің шұғыл шаруасы болып, жұмыссыз жүрген көршісіне жағдайын айтып «10 мың теңге берейін, бір күн орныма кезекке барып келші» десе келіспей, арланады. Бұған не айтуға болады?! Бойындағы теріс қылықты еңбек етумен жеңуге санасы жетпей тұр. Бүгінде дене кемшілігі емес, сана кемшілігі мін болып отыр. Қоғамда, əсіресе ауылда жұмыс жеткілікті. Тек масылдық ойдан арылып, еңбек етіп, игілігін көру, істің көзін таба білу керек. Кеңес дəуірінде орта мектептің жоғары сынып оқушылары кеңшардың ауыл шаруашылығы жұмыстарына белсене қатынасатын-ды. Мал төлдету, пішен шабу, қой қырқымы, қысқы мезгілге қыстақтарды дайындау, т.б. жұмыстарға көмектесетін. Сөйтіп, жастар мектеп қабырғасында жүргендеақ өмірдің, тұрмыстың алғашқы баспалдақтарын көріп өсті. Біздің буын осылай өсті. Бүгінде мектеп бітірушілер мұндай сатыларды көрмей, оған бейімделмей өсіп келеді. Мүмкін, кəмелеттік жасқа толып, дені сау, жұмыс істеуге қабілетті жастар жұмыс істеуден бас тартса, мемлекетке салық төлеуге мəжбүрлеу қажет болар. Бұл да еңбекке баулудың бір тетігі деп ойлаймын.

 

Қайткенде де, қастерлі атакəсібімізді жоғалтпай, оның мəртебесін көтеріп, тығырықтан шығуға жол іздеуіміз керек. Меніңше, ең алдымен, жастардың жұмыс жасауына жергілікті жерде барынша тұрмыстық-əлеуметтік жағдайды жақсарту қажет. Əрбір малшы қыстағында табиғи энергия көздері – күн мен желді қуатқа айналдырып, тұрмыстық жағдайға пайдалануда. Көптеген жерде ұялы телефон, шалғай жерлерде 300 шақырымнан байланыса алатын спутниктік телефон ұстап отырғандар да бар. Шаруашылық құрылымдары келген жас малшы, маманға малдай көтерме ақы төлеуді де шешуді қолға алған. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша мұғалімдер мен дəрігерлерге үй беріледі. Əрине, бұл мамандардың да қажеттігін жоққа шығармаймыз. Бірақ, осындай қамқорлық мал мамандарына да қажет. Жергілікті атқарушы билік тұрғын үй кезегіне қойып, жер телімін ұсынса да жарасымды. Бұл да жастардың қызығушылығын арттырады. Өкімет тарапынан мал шаруашылығында 20 жыл үздіксіз жұмыс істеген азаматтарды 55-57 жастан зейнет демалысына шығу, мектеп қабырғасынан барған жастарға екі жылдан кейін орта, жоғары оқу орындарына түсуге арнайы жеңілдіктер (квота) берсе, жастар бұған бет бұрар еді. Кейбіреулер бұл ұсыныстарға таңырқап қарауы мүмкін. Себебі, бүгінде елдегі мал басының 90 пайызы жеке меншіктің иелігінде. Алайда, проблемаға біржақты қарамау керек. Өткен заманда малшы мамандығының мəртебесі жоғары болатын-ды. Үздік малбегілер автокөлік сыйлап, мемлекеттік наградаларға ие болды. Бəлкім, осыған ұқсас ынталандыру жəне марапаттау тəсілдерін заман ағымына сай ойластырған жөн. Екіншіден, жергілікті əкімдік пен шаруашылық органдары мал өсірумен айналысатын құрылымдар мен жеке қожалықтардың өндірген өнімін өңдеп өткізуге жəне сатуға көмек көрсетуі тиіс. Қазіргі маркетингтік қызмет жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Егер тауар өндірушілер өз өнімін уақытында өткізіп отырса, табысы молайып, малшылардың жалақысы өсіп, жұмысқа деген ынтасы да артады. Үшіншіден, мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсиялардың қайтарымы, есебі күмəн туғызады. Кейбірі негізсіз жасақталған бағдарламаларға бөлінген. Шындығында, мал басын асылдандырып, өндіріске асыл тұқымды мал сатып, ғылыми-селекциялық жұмыспен шұғылданатын шаруашылықтардың аталық жəне аналық мал басын бағып, өсірудегі шығындарын өтейтіндей өтемақылар берілгені дұрыс. Айталық, қазір асыл тұқымды қойдың басына берілетін субсидия өте жеткіліксіз.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости